6 қазан Чилиде метрода жүру бағасы 800-ден 830 песоға (1,17 доллар) өскені елде қарсылық отының тұтануына әкеп соқты. Жол жүру ақысының көтерілуі ел тұрғындарының бұған дейін қордаланған мәселелерге деген қарсылығының көрінісі болды. Азаматтар тегін білім алу мен денсаулық сақтау қызметінің қолжетімсіздігіне, төмен жалақы мен тарифтің өсуіне де наразы.
«Сантьяго» метрополитені жол жүру құнын 830 песоға жеткізуінен Оңтүстік Америкадағы ең қымбат метро атанып кетті. Жол ақысының кенет аспандап кетуіне қарсы көтерілістің болуы да тегін емес. Себебі метроны бірінші кезекте елде әлеуметтік әлсіз топтар қолданады. Әлбетте олар үшін бағаның қымбаттауы салмақты себеп.
Наразылық танытқан қатардағы тұрғындар пойыздардың жүруіне кедергі келтіріп, қозғалысты бұғаттай бастады. Бұған ашуланған билік қарап қалмай, қарсылық танытушыларға қарсы жазаның күшейетінін айтты. Биліктің құқық қорғау қызметкерлерін жұмылдырып, жағдайды қалыпқа келтіру ниеті оны тек шиеленістіре түсті. Полиция шерушілерге қарсы арнайы құралдар қолдана бастады. Наразы тарап қала көшелерінде кедергілер құра бастағанда, ел басшысы оларға қарсы әскер жұмылдырды. Мемлекет басшысының мұндай әрекеті шерушілердің ашуын тудырды. Көшеде нағыз қырғын басталып, тұрғындар дүкендерді тонап, метроларды сындырып, сауда үйлері мен автобустарға өрт қойды. Чили билігі бірқатар туристік қалада төтенше жағдай жариялады. Ел президенті Себастьян Пиньера 18 қазанда Сантьяго метросындағы жол жүру ақысы қымбаттамайды деп ресми мәлімдеме жасаса да, қарсылықты тоқтату мүмкін болмауда. Қаладағы шамамен 40 метро сынып, біраз қоғамдық көлікті өртеп кеткен.
«Метро Сантьяго» басшылығы қарсылық акциясы салдарынан шамамен 200 миллион доллар шығынға ұшыраған.
Дегенмен жоғарыда атағанымыздай, мәселе тек метрода жүру ақысының аспандауында емес. Ел басшысы Себастьян Пиньера Чилиді 2010 жылдан бері басқарып келеді. 2014 жылы табысы 2,4 миллиард деп бағаланған миллиардер басшы экономикада либералды бағытқа иек артты. Сол арқылы мемлекеттік меншікті, оның ішінде коммуналдық және қоғамдық көлік салаларында ауқымды жекешелендіру жүзеге асырылды. Бұдан өзге Пиньераның әкімшілігі тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағдарламасын қысқартты. Дегенмен парадокс та жоқ емес. Елдің мейлінше әл-ауқаты жақсы тұрғындарының жағдайы жақсара түскенімен, сол тұста әлеуметтік аз қамтылған тобы кедейшіліктің зардабын тартуда.
28 қазанда Пиньера ауқымды наразылықтан кейін елдегі ірі қалаларда жарияланған төтенше жағдайды алып тастау туралы жарлық шығарды. Оның сөзінше, қалаларда жағдай тұрақталған. Сондай-ақ мемлекет басшысы қарсылық акциясын алға тартып, үкіметте ауыс-түйіс жасау үшін бар министрден отставкаға кетуді талап еткен. Бұдан өзге президент әлеуметтік жағдайды шешу үшін бюджет есебінен 1,2 миллиард доллар бөлетінін мәлімдеді. Сонымен қатар келер жылы электр жарығына тарифтерді төмендетемін деп те уәде берді. Чили үкіметі тұрғындардың мәселесін шешуде қаншалықты айшықты саясат ұстанатыны енді айқындалмақ.