Чили: Наразылық неден шықты?
Чили: Наразылық неден шықты?

6 қазан Чилиде метрода жүру бағасы 800-ден 830 песоға (1,17 доллар) өскені елде қарсылық отының тұтануына әкеп соқты. Жол жүру ақысының көтерілуі ел тұрғындарының бұған дейін қордаланған мәселелерге деген қарсылығының көрінісі болды. Азаматтар тегін білім алу мен денсаулық сақтау қызметінің қолжетімсіздігіне, төмен жалақы мен тарифтің өсуіне де наразы.

«Сантьяго» метрополитені жол жүру құнын 830 песоға жеткізуінен Оңтүстік Аме­рикадағы ең қымбат метро атанып кетті. Жол ақысының кенет аспандап кетуі­не қарсы көтерілістің болуы да тегін емес. Себебі метроны бірінші кезекте елде әлеуметтік әлсіз топтар қолданады. Әл­бетте олар үшін бағаның қымбаттауы салмақты себеп.

Наразылық танытқан қатардағы тұрғындар пойыздардың жүруіне кедергі келтіріп, қозғалысты бұғаттай бастады. Бұған ашуланған билік қарап қалмай, қар­сылық танытушыларға қарсы жаза­ның күшейетінін айтты. Биліктің құқық қорғау қызметкерлерін жұмылдырып, жағдайды қалыпқа келтіру ниеті оны тек шиеленістіре түсті. Полиция шерушілерге қарсы арнайы құралдар қолдана бастады. Наразы тарап қала көшелерінде кедер­гі­лер құра бастағанда, ел басшысы оларға қарсы әскер жұмылдырды. Мемле­кет бас­­шысының мұндай әрекеті шеруші­лер­дің ашуын тудырды. Көшеде нағыз қыр­ғын басталып, тұрғындар дүкендерді то­нап, метроларды сындырып, сауда үйле­рі мен автобустарға өрт қойды. Чили билігі бірқатар туристік қалада төтенше жағдай жариялады. Ел президенті Се­бас­тьян Пиньера 18 қазанда Сантьяго мет­ро­сын­дағы жол жүру ақысы қымбат­та­май­ды деп ресми мәлімдеме жасаса да, қарсылықты тоқтату мүмкін болмауда. Қаладағы шамамен 40 метро сынып, біраз қоғамдық көлікті өртеп кеткен.

«Метро Сантьяго» басшылығы қар­сы­лық акциясы салдарынан шамамен 200 миллион доллар шығынға ұшыраған.

Дегенмен жоғарыда атағанымыздай, мәселе тек метрода жүру ақысының аспандауында емес. Ел басшысы Себастьян Пиньера Чилиді 2010 жылдан бері басқарып келеді. 2014 жылы табысы 2,4 миллиард деп бағаланған миллиардер басшы экономикада либералды бағытқа иек артты. Сол арқылы мемлекеттік мен­шік­ті, оның ішінде коммуналдық және қоғамдық көлік салаларында ауқымды жекешелендіру жүзеге асырылды. Бұдан өзге Пиньераның әкімшілігі тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағдарламасын қыс­қарт­ты. Дегенмен парадокс та жоқ емес. Елдің мейлінше әл-ауқаты жақсы тұр­ғындарының жағдайы жақсара түскені­мен, сол тұста әлеуметтік аз қам­тыл­ған тобы кедейшіліктің зардабын тартуда.

28 қазанда Пиньера ауқымды наразы­лықтан кейін елдегі ірі қалаларда жария­ланған төтенше жағдайды алып тастау туралы жарлық шығарды. Оның сөзінше, қалаларда жағдай тұрақталған. Сондай-ақ мемлекет басшысы қарсылық акция­сын алға тартып, үкіметте ауыс-түйіс жасау үшін бар министрден отстав­каға кетуді талап еткен. Бұдан өзге президент әлеуметтік жағдайды шешу үшін бюджет есебінен 1,2 миллиард доллар бөлетінін мәлімдеді. Сонымен қатар келер жылы электр жарығына тарифтерді төмендете­мін деп те уәде берді. Чили үкіметі тұр­ғын­дардың мәселесін шешуде қанша­лықты айшықты саясат ұстанатыны енді айқындалмақ.