YouTube желісінде ең көп қаралған видеолардың көшін осы кезге дейін Луис Фонсидің Despacito әніне түсірілген клипі бастап келген. Кеше бұл рекорд өзгерді. Бала біткеннің жүрегінен жылдам арада жол тауып, ата-аналарға еріксіз айтқызатын Baby Shark Dance-тің ағылшын тіліндегі нұсқасы әлем бойынша қаралым жөнінен 1-орынға шықты.
Бүгінде әлгі Baby Shark Dance бейнебаяны 7,04 миллиард қаралым жинаған. Осыған дейінгі көшбасшы Despacito 7 миллиард рет қаралған. Пуэрторикалық әнші Луис Фонсидің туындысы 3 жыл бұрын желіге жүктелсе, Baby Shark 4 жыл бұрын алғашқы оқырман назарына ұсынылған. Арада жылдар өтіп, балалар әні күллі әлемдегі ең көп қаралған видеоға айналды. YouTube видеохостингінің рекордына тоқтала кетейік. Луис Фонсидің алдыңғы көш бастаған америкалық рэпер Wiz Khalifa мен Чарли Путтың See You Again бейнебаяны еді. Сонымен қатар жыл бойы оңтүстіккореялық орындаушы PSY-дың Gangnam Style әні абсолют хит қана емес, ең көп қаралған клип те болған. Байқасақ, осыған дейін балаларға арналған контенттің ересектер клипінен басып озған кезі болған емес. Десек те, тарихта қалатын күн ретінде 2 қарашаны айта аламыз. Baby Shark Dance клипі рекорд орнатты. Бұл қандай туынды десеңіз, айтайық, 2015 жылы шыққан бұл ән – америкалық халық әніне жазылған ремейк. Видео Pinkfong-та жазылған, контентті кәріс стартапы SmartStudy жасаған. Клипте акула жанұясы мен оның ұсақ балықтарды аулайтын сәті көрсетіледі. Балаларға ұнайты-ны – ритм. Тілі енді шыққан балалардың өзі қайта-қайта қайталап, ду қол шапалақ ұрады. 2019 жылдың қаңтарында әлемді таңғалдырып, Billboard Hot 100 чартында 32-орын иеленген. Ал наурызда Эд Ширанның Shape of You-ді басып озып, тағы таң-тамаша етті. 2021 жылға қарай 8 миллиардан астам қаралым жинайды деген болжам жасалып отыр.Айша ЕРСҰЛТАН