Қазақ атомы – әлемдегі ең танымал ұлттық брендіміздің бірі әрі бірегейі екені мәлім. Кейінгі кезде сұраныс пен өндірістің құлдырауына қарамастан, бүгінде Қазақстан бәрібір уран өндіру көлемі бойынша әлемдік №1 көшбасшы: дүниежүзінде өндірілетін барлық уранның үштен бірі жалғыз біздің еліміздің еншісінде. Дегенмен бұл салада бірқатар жүйелі проблемалар қордалануда.
Трамптың қарқыны қауіп тудырады
Бір ғажабы, АҚШ-тағы президент сайлауының қорытындысы алыстағы Қазақстанға да әсер етпек. Өйткені Республикалық партияның атынан додаға түскен іс басындағы президент Дональд Трамп біраздан бері жаһандық уран алпауыттарының басына әңгіртаяқ орнатуға тырысып келеді. Мәселен, соның шешімінің кесірінен 2018 жылы Америка Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімнен біржақты түрде шықты. Салдарынан, Қазақстан Каспий бойынша бұл көршісінің атом стансаларына уран өнімін сата алмай қалды. Сондай-ақ Өскеменде үлкен дақпыртпен ашылған, уранды байытудан бас тартқан Иран және басқа да елдерге отын жеткізетін кәсіпорынға айналуы тиіс «Төмен байытылған уран банкінен» де бюджетке еш қайыр болмай тұр. Ол аз болғандай, 2020 жылғы 2 қазанда Д.Трамп «Қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл туралы өкімге» түсініктеме беріп, АҚШ-тың минералды ресурстар жөнінен жатжұрттық компанияларға тәуелділігін төтенше жағдайға теңестірді. Оның айтуынша, «Құрама Штаттардың төтенше маңызды минералдар бойынша шетелдік қарсыластарға шектен тыс тәуелділігі салдарынан қауіпсіздікке қатер төнді». АҚШ бұдан былай барлық пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу бойынша ішкі қуатын кеңейтуге және нығайтуға кіріспек. Ақ үй сайтында жарияланған тізімге 35 аса маңызды минерал түрі еніп отыр. Арасында уран да бар. Мұның сыртында Трамптың бұйрығы бойынша АҚШ ішкі істер министрлігі елдің аса маңызды пайдалы қазбаларда шетелдік компанияларға шектен тыс тәуелділігіне тергеу жүргізуде. Д.Трамп құрған Ядролық отын жөніндегі жұмыс тобы Американың уран өндіру өнеркәсібін нығайту шараларын қабылдау бағытында әрекет етуде. Мысалы, жұмыс тобының ұсынымы бойынша үкімет салада реформа жүргізіп, уран өндірілетін жер телімдеріне қол жеткізу ісін оңтайландырады, төл уран запасы құрылады. Сарапшылардың байламынша, бұл өзге елдердің экспорттаушыларын шектеуге соқтыруы мүмкін. АҚШ басшылығы ауысқанда, тек өзіне игі, өзгенің бәріне кесір саясат та өзгеретін бе еді?! Әзірге, Қазақстан санкцияға ілігіп қалмау үшін алпауыттар жазған ойын ережелерін мүлтіксіз сақтауға тырысуда.Қазақстанның артықшылығы бар
Қазан айының соңында Global Business Reports басылымы Қазатомөнеркәсіп қызметіне қатысты шолуын жариялады. Онда ұлттық атом компаниясының құрамына уран өндіретін 13 еншілес ұйым кіретіні айтылады. Алайда ол 13-тің 10-ы – шетелдік ірі уран компанияларымен бірге құрылған бірлескен кәсіпорын екен. Мысалы, серіктестері арасында канадалық Cameco, Франция атом өнеркәсібінің лидері Orano, ресейлік «Росатом», сондай-ақ жапон және қытай консорциумы бар. «Бүгінде уранның жаһандық өндірісінің 24%-ы Қазатомөнеркәсіпке тиесілі. Егер бірлескен кәсіпорындардың үлесін қоссақ, Қазақстанның ел ретінде үлесі 40%-дан асады. Өзіңізге мәлім, 2018 жылдың аяғында компаниямыз Лондон қор биржасында және Астана халықаралық биржасында IPO-дан өтті. Нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Қазатомөнеркәсіптегі үлесі 75%-ға дейін азайды. Тиісінше, қалған 25 пайызы жеке акционерлер қолында», – дейді ұлттық компанияның сату бойынша басқарушы директоры Асқар Батырбаев. Компанияның барлық шахталары тек Қазақстанда орналасқан. Оның иелігіндегі руданың қоры 300 мың тоннаға жуық. Әйтсе, де толық барланбаған кен орындары жетерлік: еліміздің геологиялық әлеуеті орасан. Ұлттық компания ретінде Қазатомөнеркәсіп барлық кен орындарына басымдық құқыққа ие. Тәңір «қазақтар уранды өз игілігіне еркін жаратсын» деп берген бе дерсіз! Қазақстанның геологиясының бірегейлігі сонша, бұл Қазатомөнеркәсіпке жерасты-ұңғымалық шаймалау технологиясын (ЖҰШ, in-situ recovery немесе ISR) қолдануға мүмкіндік берді. [caption id="attachment_84935" align="alignnone" width="834"] © коллаж: Рауғаш Омарова[/caption] Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, ЖҰШ әдісі дәстүрлі тәсілдермен салыстырғанда өндірудің төмен құнын қамтамасыз етеді, қоршаған ортаға теріс әсері аз. ЖҰШ технологиясы бойынша уранды жер бетіне шығармай өндіру жүзеге асырылады. Кен орнында айдаушы ұңғымалар тұрғызылып, олар арқылы рудаға шаймалау ерітіндісі жіберіледі. Ол ерітінді кенді қабат арқылы өтіп, жер қойнауындағы уранның табиғи қосылысын ерітеді, содан кейін ураны бар ерітінді айдаушы ұңғымалар арқылы жоғарыға шығарылады. «Белгілі бір жағдайда ғана іске жарайтын осы әдіспен өндіру әлдеқайда арзанға түседі. Біздің жолымыз болды: барлық кенішіміз ISR технологиясымен сол жерде-ақ өнім алуға мүмкіндік береді. Осының арқасында Қазатомөнеркәсіп – әлемдегі өндірісі ең арзан өндірушінің бірі! Бұл бізді икемді етті. Мысалы, нарықтағы сұранысқа орай өндірісті ұлғайта не азайта аламыз. Бірақ бұл біздің жалпы шығындарымыздың артуына соқтырмайды. ISR-дің тағы бір артықшылығы – ол қауіпсіздікті сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді. Өйткені біз уран кеніштерінде жарылыс жұмыстарын жүргізбейміз, адамдарымызды жерастында жұмыс істеуге жолдамаймыз. Әрі өндірістік аумақ та шағын. Бір қарағанда, бұл кішігірім мұнай-газ операциясына өте ұқсайды», – дейді А.Батырбаев.Нарық ахуалы алаңдатады
Уран өндірісі де мұнай сияқты бағасы шарықтаған, ойыншылары байлықта шалқыған дәуірді бастан өткерді. 2007 жылы уранның 1 фунтының құны 138 долларға дейін жетті. 2010 жыл соңында ол баға 70 долларға дейін күрт құлдырады. Ал 2011 жылдың 11 наурызында Жапонияның Фукусима-1 АЭС-інде болған аса ірі апат салаға жойқын соққы берді. Уран бағасы 18 долларға бір-ақ түсті. Сұраныс та азайып кетті: «Күншығыс елі» ядролық оқиғалардың халықаралық шкаласы бойынша ең жоғары, 7-ші деңгейде бағаланған алапат апаттан кейін 54 реакторын тоқтатты. Германия да 2022 жылға дейін барлық ядролық нысандарын жабуға ден қойды. Әрине, бұл кеніштердің де бірден тоқтауына соқтырған жоқ, себебі жаһандық кәсіпорындар контракті бойынша бұрын алдын ала сатылған уранды өндіріп, жеткізуін жалғастырды. 2017-2019 жылдар аралығында ол контрактілер де бірінен соң бірі аяқтала бастады. Салдарынан енді дүниежүзінде біраз уран кеніші өндірісін доғарып, техникалық қызмет көрсету режиміне көшуге мәжбүр. Сонымен бірге өндірістің қысқаруы және уранды тұтыну көлемінің Фукусимаға дейінгі деңгейге жетуі нәтижесінде нарық теңгерімге келе бастағандай. Бірақ әр фунт уран үшін 34 доллар ғана беретін ағымдағы споттық баға ойыншыларға ұнамайды. Мысалы, ол баға Канададағы, Аустралиядағы көптеген шахтаның эксплуатациялық шығыстарын өтемейді. Ал Қазатомөнеркәсіп өкілінің мәліметінше, Қазақстанда мұндай шығыстар 1 фунт үшін небәрі 13-14 долларды құрайды. Арзан.«Гигантоманиядан» құтылдық
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың дерегінше, биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 10 434 тонна уран өндірілді. Өндірістің шырқау шегі 2016 жылы болды: сонда еліміз 24,5 мың тонна межесіне қол жеткізген. 2018 жылы ол 20 мың тоннаға дейін төмендеді. Атап өтер жайт, бір кездері Қазақстан осы саладағы көшбасшылықты сақтап қалуға, мейлінше көп шикізат өндіруге, ураннан сан алуан өнім жасауға ұмтылған болатын. Қазір «гигантоманиядан» арылыпты. «Біз Қазатомөнеркәсіпте екі іргелі фактіні түсіндік. Біріншіден, барынша нарықтық бағдарланған компания болуға тиіспіз. Екіншіден, ядролық отын циклының барлық саласына қатысатын, тік интеграцияланған ірі өндіруші болу – енді басты мақсат емес. Оның орнына өндіру және өткізу тізбегінің барынша мол табыс әкелетін бөліктеріне ғана күш шоғырландырғанымыз жөн. 2017 жылы Қазатомөнеркәсіп 3 жыл бойы өндірісті қысқартуға шешім қабылдады. Осы жылы коронавирус пандемиясы басталғанға дейін 13 мың тоннасын өндіру жоспарланған болатын. COVID-19 індеті мен шектеулеріне орай 2020 жыл қорытындысында көрсеткіш 10,5-10,8 мың тонна болады деп болжануда», – деді ұлттық компанияның басқарушы директоры. Келесі 2021 жылы өндіріс 13 мыңға дейін көтеріледі деп күтілуде. Қазақстан өнім жеткізу географиясын кеңейтуге тырысуда. Мысалы, бұған дейін негізінен Қытай, Ресей секілді бірер ірі клиентке иек артатын. Контракт портфелін әртараптандыру саясаты өз жемісін беруде. 1 жыл ішінде 6 жаңа тұтынушымен және 2 жаңа елмен келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта, әсіресе Еуропа мен Солтүстік Америкада атом стансалары жабылып жатыр. Осылайша, уранға және одан жасалатын отынға сұраныстың өсуін негізінен Қытай қамтамасыз етуде: онда 17 АЭС-те 49 атом реакторы орналасқан. Одан кейін 11 АЭС-і және 38 реакторы бар Ресей келеді. Ал Үндістан қолданыстағы 22 және жаңадан салынып жатқан 6 реакторымен үштікті тұйықтайды. Сарапшылардың есептеуінше, әлемдегі жаңа реакторлар күш-қарқын алғасын, «2030 жылға қарай сұранысты қанағаттандыру үшін тағы 2 Қазатомөнеркәсіп қажет болатын» көрінеді. Демек, саладағы ағымдағы проблемалар мен шектеулерді лайықты еңсере алса, Қазақстанды бұл салада жақсы келешек күтіп тұрғандай.Айхан ШӘРІП