Тарихи ескерткіштер босқа тапталмайды
Тарихи ескерткіштер босқа тапталмайды
226
оқылды

Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауды күшейтпек. Ке­лесі аптадағы жалпы оты­рыстарында қалаулылар тарихи-мәдени мұра ны­сан­дарын қорғау және пай­далану мен оған ілеспе заң жобаларын екінші оқы­лымда мақұлдайды деп күтілуде. Мәжіліс спи­кері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен пала­та­ның Бюро отырысы өтті.

Келер аптаның сәрсенбісінде Мәжіліс депутаттары әкімшілік-аумақтық құрылыс, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджет-а­ралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша қолданыс­тағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жо­басын бірінші оқылымда тал­қылау ұсынылады. Осы заң­на­малық түзетулер қабылданса, бұдан былай шағын және орта бизнестен корпоративті табыс са­лығын жинау орталықтан жер­гілікті әкімдіктерге табысталмақ. Нәтижесінде, олардың ауыл-аймақта шағын және орта кәсіп­керлікті дамытуға деген ынта-ықы­ласы артуы тиіс. өйткені сон­да жергілікті бюджетке құйы­латын кірістер көлемі де ұлғаяды.

Ал тарихи-мәдени мұра ны­сан­дарын қорғау және пайдалану мен оған ілеспе заң жобаларын Мәжіліс депутаттары екінші оқы­лымда қарайды. Егер олар өз­дерінің барлық қажетті ескерт­пелері мен ұсыныстары енгізілді деп санаса, құжатты Сенатқа жолдайды. Жобаны палата қа­быр­ғасында талқылау барысында айтылғандай, қазіргі кезде Қа­зақстанда 25 мыңнан астам та­рихи және мәдени ескерткіш тір­келген. Әрине, анықтал­ма­ға­ны қаншама. Бірақ осының өзі сарапшыларға ұлы даланы «ашық аспан астындағы музей» деп атауына мүмкіндік береді. Бұл ескерткіштердің жалпы са­ны­ның 11 мыңнан астамы – рес­пуб­ликалық мәртебеде. Ал 14 мың­дайы – әзірше алдын ала тізімде тұр.

Жалпы отырыста сондай-ақ 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізетін үкі­мета­ралық хаттаманы ратифика­циялауға қатысты заң жобасы де­путаттар талқысына тарты­лады.

Бұдан бөлек, Мәжіліс жаңа келіп түскен заң жобаларын жұмысқа алып, олар бойынша тиіс­ті комитеттерінің қоры­тын­ды әзірлейтін мерзімін белгілейді деп жоспарлануда. Арасында бірқатар ратификациялық құ­жаттар да бар. Бұлар – 2014 жыл­ғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысан­дарын енгізу және электронды паспорттар жүйелерін ұйымдас­тыру туралы келісімге Армения­ның қосылуы туралы; 2012 жыл­ғы 11 мамырдағы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екі ел азаматтарының осы мемлекеттер аумағында болу тәртібі туралы үкіметаралық келісімге өзге­ріс­тер енгізу туралы хаттамаларды күшіне енгізетін заң жобалары.

Сонымен қатар Мәжіліс 2006 жылғы 6 қарашадағы Қа­зақстан және Армения үкіметтері арасындағы «Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды бол­дырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы кон­венцияны» және оған хат­тама шеңберінде Қазақстан мен Армения уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі ту­ралы ноталар алмасу ныса­нындағы келісімді ратифика­ция­лайтын заң жобаларын қабыл­дап алады.

Жалпы отырыста теміржол көлігі мәселелеріне қатысты жа­ңа заң жобасына қорытынды қа­шан әзір болатыны да анық­талады.