Мамандардың айтуынша, дүниежүзінде Шығыс медицинасының қыр-сырын үйрететін факультеттер мен институттар бар. Жалпы, емдеудің өзегі – ине қою, шөп дәрі мен массаж. Арнайы орталыққа бара қалсаңыз, тамыр ұстап, диагноз қоюы мүмкін. Ел арасында тамыр ұстап, ине қоюды халықты алдау, ақша жасау деп түсінетіндер де жетерлік. Расымен, тамыр ұстау бизнес пе, әлде емдеу тәсілі ме?
«Алтын ине» емдеу-сауықтыру орталығының директоры Бекзат Бақдәулетқызының айтуынша, елордада 70-80-ге жуық шығыс медицинасымен емдейтін орталық бар. Көпшілігін Қытай асып келген бауырларымыз ашқан. Осындайда бірден жоғары санатты дәрігер Қайрат Айдарханның «Шипалы» емдеу орталығы еске түседі. Өйткені Қытайдың әйгілі адамдар сөздігіне кірген дәрігер – шығыс медицинасын елордаға әкелген алғашқылардың бірі. Ол бір сұхбатында «ақша үшін азғантай білімін таудай етіп көрсетіп, лицензияны сатып алып жатқандар бар. Сондықтан емделуге барғанда абай болған жөн» деген еді.Тамыр ұстау – тәсіл
Ал тамыр ұстау туралы сөз қозғағанда дәрігерлер пікірі екіге жарылады. Шығыс медицинасы өкілдерінің пікірінше, тамыр ұстау – диагноз қоюдың бір түрі. Жүйе бойынша, 28 түрлі тамыр соғысына байланысты әртүрлі ауруды анықтауға болады. Әрі тамыр ұстау тәсілі әр елдің медицинасына қарай сипаты өзгереді. Бұл қалай десеңіз, маман пікіріне мән беріңіз. «Тамыр ұстау әр елдің медицинасында бар. Кейбірінің ұстау әдісі мен орны бөлек. Мысалы, Қытай медицинасында оң қолдың, кәрі жіліктің тұсындағы артерияны ұстайды. Сол қолдың білезік буынның бас жағындағы тамыр соғысы жүректің, одан кейінгісі бауырдың, бүйректің қызметін білдіреді. Ал оң қолдың бірінші білезік буынның жанындағы тамыр өкпе, ортасы асқазан, көкбауыр жұмысын анықтайды. Соңғысы бүйрек пен іш құрылысы мен ішек жолдары жұмысына жауап береді. Диагноз 28 түрлі тамыр соғысына қарай жіктеледі. Әрбір тамыр соғысына қарай ауруды анықтаймыз. Мысалы, тамырдың қатты, жойқын соғуы, қанның ыстығы – қан қысымы көтерілгеннің белгісі. Тамыр баяу соқса – әлсіздік. Оған қоса денедегі ылғалдың артқанын, жүктілік және тағы басқасын тамыр соғысы арқылы анықтайды», – дейді «Алтын ине» емдеу-сауықтыру орталығының директоры Бекзат Бақдәулетқызы. Дәрігердің айтуынша, тамыр соғысы арқылы диагноз қою үшін түйсік пен ұзақ жылғы тәжірибеге сүйену керек. Көп оқып, теорияны практикамен жалғағанда ғана тамыр райын жақсы меңгеруге болады. Алайда дәрігер Сымбат Нұрқожақызы тамыр ұстап, диагноз қоюға қарсы. Өйткені тамыр соғысы мен жүрек соғысының арнайы классификациясы бар. Оның айтуынша, жүрек қызметін екі фазаға бөліп қарастырады. Систола (жиырылу) және диастола (босаңсу). Жүрек циклінің әртүрлі фазасының ұзақтығы жүректің жиырылу жиілігіне байланысты. Сондықтан тамыр ұстап, диагноз қойғанның өзінде арнайы медициналық тексерістен өту керек. «Тамыр диагностикасы біздің медицинада да қолданылады. Ол жүрек ырғағын, ритмін анықтауға ғана көмектеседі. Яғни, біз дәстүрлі медицинада тамыр соғысына қарап ешқандай диагноз қоя алмаймыз. Ал шығыс медицинасына келсек, олар ішкі органдардағы өзгерістерді айтып бере алады. Бірақ мұның арты қате диагноз қоюға әкелуі мүмкін. Мысалы, маған келген науқас алдымен шығыс медицинасына жүгінген. Оның мойын омыртқасында омыртқа жарығы болған. Содан басты шыдатпай ауыртады. Бұл – протрузия. Ал науқас мұның қандай ауру екенін білмеген. Орталыққа барса, тамырын ұстап, оған «өтің толған, сол үшін басың ауырып жүр» деп айтқан. Сөйтіп, өтін айдайтын препарат берген, 10 күн бойы емдеген. Қайталап айтам, мен мұндай диагноз қоюға қарсымын. 28 түрлі тамыр соғысын сезіп тұрса да, қосымша тексеріс артық етпейді. «Өтің толған» деді ме, арнайы УДЗ аппаратына түсуге, қан талдамасын жасауға кеңес берсін. Мүмкін ол жерде тас бар шығар. Сондықтан клиникалық симптомдарын тексеріп көру керек. Көз жеткізген соң ғана емдеуді бастасын», – дейді дәрігер Сымбат Нұрқожақызы.Алтын ине – 400 түрлі ауруға ем
Шығыс медицинасында тамыр ұстап, диагноз қойған соң шөп дәрімен, алтын инемен емдейді. Инемен емдеу үшін медициналық білім алу міндетті. Ал үйренгіңіз келсе, медициналық білім болуы керек. Мәселен, «Алтын ине» емдеу-сауықтыру орталығының директоры Бекзат Бақдәулетқызы инемен емдеу тәсілін үйрену оңай екенін айтады. Бірақ медицинадан хабарсыз адам өзгенің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. «Инемен емдеу мен тамыр ұстаудың теориясы бір. Қытайдың дәстүрлі медицина университетінде инемен емдеу, нүктелі массаж мамандығы бойынша 6 жыл білім алдым. Инемен емдеу 400 түрлі ауруға ем. Мысалы, кейбір ауруларды укол-дәрісіз емдеуге болады. Антибиотиктің зияны тағы бар. Сол тұста алтын ине көмекке келеді. Буын, тізе аурулары, простотит, грыжа, тағы басқа ауруларға инемен емдеу таптырмас ем. Жүйке жүйесі ауруларына да шипасы тиеді. Отамен ғана емдеуге келеді деген бірнеше ауруды ине мен шөп дәрінің көмегімен емдеп, жаздым. Мысалы, ортаңғы құлақтың қабынуы, мұрын қуысының қабынуы дейміз. Мұрын қабынуында ірің толып қалады. Мұны операция арқылы кесіп, ішіндегі іріңді алады. Ал инемен және шөп дәрінің көмегімен қабынуды толығымен жеңуге болады», – дейді дәрігер Бекзат Бақдәулетқызы. Дәрігер айтқандай, кейіпкеріміз Шахмира Исмаилова батыс медицинасынан қайран болмағасын, шығыс медицинасына жүгінген. Ол бұрын мүлде иіс сезбеген екен. Арнайы орталыққа барып, тамырын ұстатып, емдеу курсынан өткен. «Инемен емес, шөп дәрі көмегімен емделдім. Бұрын мүлде иіс сезбейтінмін. Қаншама дәрігерге қаралып, қомақты қаржыға емделіп көрдім. Нәтиже болған жоқ. Кейіннен шығыс медицинасы жайлы естідім. Осыдан нәтиже болар дегендей, емделуге бекіндім. Мойындағы тамырымды ұстап, диагноз қойды. Мұрын мен құлағымды қатар емдеді. Жақсы көмектесті», – дейді Шахмира Исмаилова.Нүкте – дәрі, ине – құрал
Ал Ләззат Бексұлтанқызы алтын инемен емдейтін екі орталықтың көмегіне жүгінгенін, алайда бірі тек ақшасын алып, жүрдім-бардым емдегенін айтады. Өйткені біріншісінде мүлдем нәтиже бермеген. «Іш құрылысым жиі мазалағандықтан, әртүрлі орталықтардың көмегіне жүгінемін. Ел арасында шығыс медицинасы жайлы көп айтқандықтан, алтын ине қойдырғым келді. Сөйтіп, арнайы орталыққа барғанымда, тамырымды ұстап, артынша бүйрек тұсыма ине қоя бастады. Осылай біраз уақыт емдеу курсын жалғастырдым. Бірақ нәтиже болмады. Туыстарымның айтуымен, екінші бір орталықтың көмегіне жүгіндім. Алайда дәрігер маған клиникаға барып, ем қабылдауым қажетін бірден айтты. Дәрі егіп, система салдырып, толық тексеруден өтуді нұсқады», – дейді Ләззат Бексұлтанқызы. Бұл турасында дәрігер Бекзат Бақдаулетқызы шығыс медицинасының атын жамылып, емдеу курсын жүргізетіндердің көп екенін айтады. Сондықтан емделмес бұрын дәрігердің біліктілік дәрежесін анықтап алған жөн екен. «Дәрігерлік болсын, емшілік болсын бастысы – ар-ождан. Арамызда ақшаны алдыңғы орынға қойып, бір-екі тәсілді үйреніп алып, орталық ашатындар бар. Мәселен, Қытайда жеке орталықтан инемен емдеуді үйренсеңіз, үлкен ауруханаларда қызмет етемін деп армандамағаныңыз жөн. Өйткені мемлекеттік оқу орнын бітірмесеңіз, емханада жұмыс істей алмайсыз. Ал өз басым инемен емдеуді медициналық білімі бар адамға ғана үйретемін. Шығыс медицинасында нүкте рецеппен бара-бар. Яғни, нүкте – дәрі, ине – құрал. Медициналық білімі бар адам ғана құрал мен ем қондыра алады. Жалпы, ине қоюды үйреніп алу оңай. Бірақ жауапкершілігі мен міндеті жоғары», – дейді Бекзат Бақдаулетқызы. Айта кетерлігі, дәрігер батыс пен шығыс медицинасын біте қайнастырған жөн деп отыр. Өйткені батыс медицинасы жедел ауруларды емдеуге бейім екен. Ал шығыс медицинасы созылмалы ауруларға шипа табады. Шөп дәрі, массаж, иненің көмегіне жүгінеді. Әрине, диагнозға байланысты қандай емдеу тәсіліне жүгінетінін әркім өзі біледі. Бірақ маман кеңесін қаперде ұстаған артық етпейтіні белгілі.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ