Қазақстанда алдағы 5 жылда 2,6 миллион жаңа жұмыс орны құрылады. Осы аптадағы Үкімет отырысында еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов осылай мәлімдеді. Сарапшылар жас министрдің бұл сөзін ертегіге балайды. Мысалы, оның өзі басқаратын Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті дерегінше, жұмыссыздар саны биылғы жыл ортасында 440,9 мың адамды ғана құраған. Сонда 2,6 млн жаңа жұмыс орнына тұрғызу үшін министр сонша жұмыссызды қайдан алмақ?
Бұл үшін Ұлттық экономика министрінің байламының байыбына барып көрелік. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мембағдарламасын іске асыру барысы қаралған Үкімет отырысында Руслан Дәленов алдымен қазіргі кезде 41,6 триллион теңге тұратын инвестициялық жобалар пулы түзілгеніне назар аудартты. Бұл тізімдегі жобалар 2025 жылға дейін толығымен жүзеге асса, осы бесжылдықта 1,3 миллион кадрға деген сұраныс тумақ. Әрине, егер жүзеге асса ғана! Әйтпесе, инвесторлар Үкіметке қандай да бір зауыт-кәсіпорындар ашу, кен орындарын игеру туралы ұсыныспен шыққанымен, артынша өздері күткен мемлекеттік қолдаудың жоқтығын біліп, түсер табыстың аздығын түсініп, орталықтағы және жергілікті лауазымды шенеуніктердің әрекетсіздігінен не бассыздығынан шошынып, оралмай кететін кезі аз емес.
Егер бәрі жоспарлағандай жақсы болса, жұмыс орындарының ең көп саны туризм, көлік, агроөнеркәсіптік кешен, сауда және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында пайда болмақ.
– Бұл білікті кадрды көптеп дайындауды талап ететін болады. 2019-2025 жылдар аралығында 2,6 миллион жаңа жұмыс орны ашылады. Оның жартысы 41,6 триллион теңге тұратын жаңа инвестициялық жобаны іске асыру есебінен құрылады. Барлық 2,6 млн жаңа жұмыс орнының 600 мыңы – жұмыс күшінің таза өсімі есебінен, тағы 2 миллионы – экономика саласында жұмыс күшінің ағыны есебінен қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамтылған халық саны 2018 жылғы 8,7 млн адамнан 2025 жылға қарай 9,3 млн адамға дейін өседі, – дейді Руслан Дәленов.
Енді осы айтылғанды күрделі шенеуніктік тілден қарапайым тілге «тәржімалап көрейік». Шын мәнінде, жаңадан тек 600 мың жұмыс орны ғана ашылады. Мұны «жұмыспен қамтылған халық саны» растайды: бұл көрсеткіш былтырғы 2018 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта небәрі 600 мыңға – 8,7 млн-нан 9,3 млн-ға дейін өседі. Министр мұны «жұмыс күшінің таза өсімі есебінен» деп бүркемелеп ұсынып отыр.
Онда уәде етілген 2,6 миллион жаңа жұмыс орнының екі миллионы қайда? Ол 2 миллион орын жұмысшылардың экономиканың бір саласынан екіншісіне ауысуы есебінен түзіледі. Бұл азаматтар қазір онсыз да жұмыс істеп жүр, жұмыссыз емес, бірақ алда жұмыс орындарын ауыстырады не өздері ашады деп жорамалдануда. Бас экономистің болжамынша, қазіргі іс басындағы қазақстандықтардың әрбір төртіншісіне тек жұмыс орнын ғана емес, тіпті біліктілігін де ауыстыруға тура келуі мүмкін. Өйткені «өндірістер мен еңбек нарығының цифрландырылуы және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы кәсіпорындарда жұмыс орнын кемітеді».
– Жалпы, технологиялардың өркен жаюы жұмыс орнының азаюына әкеледі. Сонымен бірге өндіріске қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде жоғары білікті жұмыскерге деген сұраныс артуда. Біліктілігі төмен жұмыс орындары қысқаруда. Бұл әмбебап дағдыны дамытуды қажет етеді. Қазіргі уақытта фриланс, краудворкинг және басқа да жұмыспен қамтудың қашықтықты және толық емес түрлері өрістеп жатқаны байқалады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2020 жылдан бастап фрилансерлер әлемдегі барлық жұмыс күшінің елеулі бөлігін құрайтын болады, – дейді Руслан Дәленов.
Оның тұжырымдауынша, еңбек нарығына демографиялық өзгерістер де әсер етеді. Себебі «қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарғандықтан, еңбек ету жылдары да ұзақ бола түсуде».
«Жаһандық трендтер Қазақстанды да айналып өтпейді. Мұның сыртында еңбек нарығына ЖІӨ-нің жыл сайын 5% және одан да жоғары қарқынмен өсуге көшуі де ықпал етпек» деді министр.
Ол рөлі артып, үлесі ЖІӨ-нің 35%-ына дейін жеткенде шағын және орта бизнесте жаңа жұмыс орындарын ашатынына сенімді.
Қош, сонымен, қазір жұмыс істеп жүрген 2 млн адамға технологиялардың дамуына байланысты дәстүрлі кәсібін өзгертіп, жаңа біліктілікті игеріп, өз саласына не өзге секторға қайта орналасуға тура келеді екен. Ал 41 триллион теңгеге бағаланған жаңа кәсіпорындарда шын мәнінде жаңадан ашылуға тиіс 600 мың орынға мемлекет кадрды қайдан тартпақ?
Р.Дәленов бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың үлесін 7,5%-ға азайту, оларды агроөнеркәсіптік кешен, отын-энергетикалық кешен және өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындарға жұмысқа тарту тұспалданып отырғанын білдірді. Жаңа кадрлар 450 мыңдай ресми жұмыссыздар арасынан да ізделеді. Сондай-ақ жұмыс күші қатарын жастар толықтырмақ.
Үкіметтің көп жұмыс орнын құра алатынына депутаттар да сенбейді. Таяуда алдағы 3 жылдың бюджеті талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында депутат А.Нұркина 2011 жылдан бері жұмыспен қамту бағдарламасына 800 миллиард теңгеден астам ел қаржысы шығындалғанын алға тартты. 2020-2022 жылы «Еңбек» бағдарламасына тағы 186 миллиард теңге жұмсалмақ. Миллиардтардың қайда кеткені белгісіз, бірақ республикада жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны айтарлықтай азаймаған. Еңбек нарығындағы ахуал да жақсарып жатқан жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары 2 миллион адамнан асып кетті. Сондықтан депутаттар тиімділігі шамалы еңбек мембағдарламасын тоқтатып, оның тиімділігіне талдау жүргізуді ұсынды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек бағдарламасының тиімділігі еш сын көтермейтіні туралы байламмен келіскенімен, бағдарламадан бас тартуға болмайтынын дәлелдеуге тырысты.
– Бағдарламаның әр құралының тиімділік деңгейі әртүрлі. Мәселен, жеңілдікті микронесиелендіру бағыты шынында жаңа жұмыс орындарын құруда. Кейінгі 3 жылда 31,5 мың шағын кредит берілді, оны алған адамдар бизнеспен айналысады, 26 мың жаңа жұмыс орындарын ашты. 20 миллион теңгедей салық төледі, – деді министр.
Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Еңбек» – әлеуметтік көмек бағдарламасы еместігін, ол жұмыс іздеушілерді нарықта сұранысқа ие мамандықтарға оқытып, олар үшін жұмыс орындарын ашуға тиістігін ескертті.
– Бұл бағдарламада инвестициялық жобадағыдай қағидат қолданылуы керек: салынған әрбір теңге қайтарымын беруі қажет. Ашығын айтсақ, жұмыспен қамтуға бағытталатын бюджет қаражаты жыл сайын артуда, ал нәтижесі жоқ. 2011 жылдан бері 800 миллиард теңге шығындалған, алайда жұмыссыздар қатары 479 мыңнан небәрі 443 мыңға азайған. Яғни, 36 мың жұмыс орны ғана, – деген Мәжіліс басшысы бұл салада тәртіп орнату керегін нықтады.
Ағымдағы жағдайға талдау көрсеткеніндей, Қазақстанның еңбек нарығында 2008-2018 жылдар аралығында жұмыс күші 8,6%-ға өскен. Осы аралықта жұмыссыздар саны 114 мың адамға, ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 575 мың адамға кеміген.
Үкіметтің көп жұмыс орнын құра алатынына депутаттар да сенбейді. Таяуда алдағы 3 жылдың бюджеті талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында депутат А.Нұркина 2011 жылдан бері жұмыспен қамту бағдарламасына 800 миллиард теңгеден астам ел қаржысы шығындалғанын алға тартты. 2020-2022 жылы «Еңбек» бағдарламасына тағы 186 миллиард теңге жұмсалмақ.
Осы 10 жылда ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 0,7 пайызға – 6,6%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді. Бірақ сарапшылар бейресми жұмыссыздық бұдан әлдеқайда көп екенін айтады. Себебі ресми статистика тек жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендерді ғана санайды да, өз бетінше жұмыс іздеген мыңдаған жанды есепке алмайды.
Сонымен бірге мамандар 2008 жылдан бері 15 пен 28 жасқа дейінгі жастағы жұмыскерлер саны күрт (10,1%-ға) азайғанын тіркеген. Бұл шамамен 233,8 мың адамға кем. Демек, ХХ ғасырдың соңындағы ауыр кезең, демографиялық құлдырау өз кесірін тигізуде.
2010-2018 жылдар аралығындағы кезеңде жастардың 44%-ы ғана экономикалық белсенді болған, яғни жұмыс істеген. Қалғаны оқиды.
Сонда Қазақстан бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8%-ды немесе 79,7 мың адамды құрады деп есептеледі. Әйтсе де, бұл көрсеткіш алдағы жылдары нашарлауы ықтимал. Өйткені тәуелсіздік жылдарында демографиялық өрлеу кезінде дүниеге келгендер ЖОО мен мектеп бітіріп, еңбек нарығына лек-легімен құйыла бастамақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауына сәйкес, 2025 жылға қарай 15-тен 24 жасқа дейінгі жастағы еңбекке қабілетті жастардың саны 446 мың адамға, яғни 2017 жылғы 2 млн 399 мың адамнан 2 млн 845 мың адамға дейін өседі деп күтілуде. Осы жастардың еңбек нарығынан өз орнын табуы үшін осынша жаңа жұмыс орны шынымен құрыла ма?
Жыл сайын еңбек нарығына шығатын 15-24 жастағы қазақстандықтар саны алда орташа есеппен жыл сайын 3%-ға артып отырмақ. Ал 2025-2030 жылдар аралығында бұл қарқын 5%-ға дейін ұлғаяды: 2000 жылдардағы «бэйби-бум» түлектері нарыққа қаптап ден қояды.
Оған дайындалмақ түгіл, жауапты органдар әзірге тұрақты жұмыс таппағандар санын да азайта алмауда: ресми дерек бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар саны 2015 жылғы 2,3 млн адамнан (жұмыспен қамтылған халықтың 27%-ы) 2018 жылы 2,1 млн адамға (24,5%) дейін ғана қысқарды. Ал алда міндетті медициналық сақтандыру келе жатыр.