2000-шы жылдардың бел ортасында отандық саясаттану саласындағы беделді сарапшы ТМД елдерінің барлығы шама-шарқы келгенше «тәуелсіздік тестінен» өтуі тиіс деп айтқан болатын. Оның мәнісі – аталған мемлекеттерде биліктің сәтті ауысу мәселесі еді. Сол диалогтен бері арада 15 жылдай өтті. Алайда аталған сынақтың маңыздылығы әлі де жоғалған жоқ. Сол уақыттан бері бір елдер билік ауыстырып, территориясының жартысынан айырылса, басқаларында саяси дағдарыс басталды. Ал Қазақстан сөз болған «егемендік емтиханынан» қалай өтті? Билік транзитінен кейін біз қандай сын-тегеуріндерді бастан кештік?
2019 жылдың 19 наурызынан соң Қазақстан қоғамы белгісіздік белдеуінде қалды. 30 жылдай мемлекет басында болған Елбасы өкілеттілігін өз еркімен тоқтатқан соң ел ертеңіне алаңдағаны рас. Бұл – кез келген қоғам үшін қалыпты жағдай. Себебі тұрақтылыққа бойы үйренген жұрт күрделі өзгерістерге даяр бола қоймайды. Мұны өзгерістерді басқару (Change management) саласы да дәлелдеген. Алайда сайлауда халықтың 70 пайыз сеніміне ие болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Саясат сабақтастығы сол кезеңде сарапшы қауым, электорат үшін аса маңызды фактор болып көрінбеген болар. Дегенмен тек Қырғыз Республикасындағы соңғы 2 жылда болған саяси өзгеріс, қақтығыс, дағдарыс билік транзитіндегі сабақтастық саяси жүйеге қаншалықты қажет екенін көрсетті. 29 жылда қалыптасқан бағытты жалғастыра отырып, тың реформаларды қолға алу Қазақстан қоғамына қажет рецепт екенін былтырдан бері көріп келеміз. Оған қоса, жергілікті және шетелдік инвесторлар да қашанда тұрақтылық пен келешекке анық стратегия сұрайды. Ол стратегия – барды бағалап, сақтап, жаһандану талаптарына сай заманауи мемлекетті қалыптастыру, дамыту. Аталған формула тек қоғамды радикалды серпілістерден сақтап қоймайды, сондай-ақ мемлекеттік қызмет аппаратына Президенттің жаңа бастамаларын икемді жүзеге асыруына жағдай жасайды. «Естуші мемлекет». Интернет, әлеуметтік желі дамыған сайын әрі тәуелсіздік жылдары есейген жаңа көзқарастағы ұрпақ оқу тәмамдап, қызметке араласа бастаған соң мемлекеттік жүйеде саяси өзгерістер қажет екені 2013-2015 жылдардан бері байқала бастады. Осы кезден көптеген үкіметтің «жоғарыдан басталып, төмен түсірілген» жаңа бағдарламалары сәтті шықпай жатты. Оның бірден-бір себебі – маңызды мемлекеттік бастамаларда азаматтық қоғамның пікірі ескеріле бермеді. Айтылған ойға құлақ түрілсе де, назарға алынбады. Аталған өзгерістерге деген сұраныс былтырғы сайлауда түрлі митинг, қозғалыс ретінде көрініс таба бастады. Қоғамдағы мұндай тектоникалық өзгерістерді елемеу мүмкін емес еді. Осы жағдаятты ескеріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың митинг туралы, парламенттік оппозиция туралы жаңа заңды даярлауға тапсырма беруі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы, оның құрамына көбіне еркін ойлы белсенділердің шақырылуы, «Жала жабу туралы» бапты Қылмыстық кодекстан алып тастауды, саяси партияларды тіркеу талаптарын жеңілдетуді талап етуі Қазақстанда либерализм толқыны басталғанын көрсетті. Мәселен, бұрын жергілікті әкімдіктер «қатер» ретінде қатыстыратын қарапайым митинг, ереуілдер енді заңға қарсы келмесе, республиканың кез келген қаласының орталығында өтуіне рұқсат. Бұл саяси өзгерістердің мақсаты қоғам мен саяси жүйені ашық ету екені анық. Себебі демократиялық процессіз мемлекеттің экономикалық өркендеуі мүмкін емес екенін Батыс Еуропа елдерінің сан ғасырлық тәжірибесі дәлелдеді. Бұл тұжырымды Президент былтыр 2 қыркүйектегі Жолдауында «Саяси модернизациясыз экономикалық реформалар мүмкін емес» деп тағы да шегелеп, қайталап айтты. Яғни, «ашық қоғам = дамыған мемлекет» формуласы іске аса бастады. Президент өзгерістерді «естуші мемлекет» концепциясының аясында жүзеге асыра бастады. Назар аударатын бір жайт бар. Аталған концепция әдеттегі сайлауалды уәде ретінде кейін ұмыт қалған жоқ. Керісінше, нақты қабылданған шешімдерге ұласты. Алдымен Президент Әкімшілігінде өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құрылып, азаматтардың арыз-шағымы ерекше назарға алынды. Қазір бизнесте, сервис саласында кері байланыс (feedback) маңызды рөл ойнайтын кезде билік өз халқының назын, ой-пікірін елеусіз қалдыра алмайды. Уақыт талабы. Оған қоса, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерін жеке қабылдап, салмақты ұсыныстарды мемлекеттік шешімге айналдырды. Мәселен, бала құқығын қорғауға ерекше назар аудару, педофилияға, браконьерлікке қарсы жазаны қатаңдату, әйелдер мен жастарға Парламент пен мәслихатта арнайы квота бөлу, ұлттық компаниялардың басшылығында әйелдердің үлесін арттыру, Экологиялық кодексті қабылдау – белсенді азаматтардың сұранысынан, сәйкесінше оларға құлақ түруден туған президенттік қадамдар деп айтуға болады. Бұдан бөлек, бұл өзгерістер жаһандық трендтегі мәселелер екені белгілі, яғни Қазақстан өркениетті ел ретінде әлемдегі алдыңғы қатарлы үрдістерден сырт қала алмайды. «Халық айтса, қалт айтпайды». Ескі нақыл әлі де маңызды. Сынға толы 2 жыл. Жыл сайын Дүниежүзілік банк, Deutsche Bank, Халықаралық валюта қоры, The Economist журналы, Кембридж университеті әлемді күтіп тұрған негізгі қауіп-қатерлерге қатысты өзінің болжамын жариялайды. Әрине, барлығы орындала бермейді. Аяқасты туындайтын факторлар аз емес. Мәселен, Кембридж университеті былтыр 2020 жылы төнетін қатерлердің тізімінде эпидемияны 15-орынға қойған екен. Ал биылғы статус-кво мүлде басқа: коронавирус эпидемиясы әлемге бұрын-соңды болмаған шығын әкелді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы атанғанда оның келешектегі миссиясы, рөлі, жоспары туралы түрлі долбар айтылды. Алайда ешбір отандық не шетелдік сарапшы, аналитикалық орталық (think tank) 5 жылдық президенттік мерзім сан түрлі сынақтан басталады деп болжай алған жоқ. Арыстағы жарылыс, Қордайдағы қақтығыс, Мақтааралдағы су тасқыны, коронавирус пандемиясы, мұнай бағасының құлдырауы, отандық және әлемдік экономика дамуының бәсеңдеуі және тағысын тағылар. Сөз жоқ, мұндай қауіп-қатерлердің алдын алу туралы нұсқаулық не рецепт жоқ. Ал олар бола қалса, оны еңсеру әдістері де дайын емес. Әр жайтты бөлек қарастыру керек. Бірақ Президент барлық сын-тегеурінде салмақты, тактикалық емес, стратегиялық шешімдер қабылдағанын айтқан жөн. Ол неден көрінді?Интернет, әлеуметтік желі дамыған сайын әрі тәуелсіздік жылдары есейген жаңа көзқарастағы ұрпақ оқу тәмамдап, қызметке араласа бастаған соң мемлекеттік жүйеде саяси өзгерістер қажет екені 2013-2015 жылдардан бері байқала бастады. Осы кезден көптеген үкіметтің «жоғарыдан басталып, төмен түсірілген» жаңа бағдарламалары сәтті шықпай жатты. Оның бірден-бір себебі – маңызды мемлекеттік бастамаларда азаматтық қоғамның пікірі ескеріле бермеді.
Алдымен Арыста қару сақталған қойма жарылғанда Президент сол күні-ақ кешке оқиға орнына барып, алаңдаулы халыққа басу айтып, сабырға шақырды. Қатты зардап шеккен үйлердің орнына жаңасы салынатынын, басқалары толық жөнделетінін айтып, уәде берді. Бұл көңілі күпті отырған елге сенім ұялатты. Ал сенім мұндай төтенше жағдайда маңызды факторға айналады. Уәде бірнеше айда орындалды. Мақтааралды су басқанда да мүлде жаңа шағынаудан салынды. Яғни, Үкімет баспанасыз қалған жұртқа «өтемақшаң осы, керек үйді өзің салып ал» деп далада қалдырмады. Қолдады, көмектесті, ел бойынша жаппай асар ұйымдастырды. Бұл тек материалдық көмек емес еді. Қиын жағдайға қалған ешбір азаматты билік жападан жалғыз қалдырмайтынын, жауапкершілікті өз мойнына алатынын шынайы істе көрсету үлгісі болды. Ал Қордайда жергілікті қазақтар мен дүнген диаспорасы арасында қақтығыс тіркелгенде оқиға жылы жабылып қойған жоқ. Кісі өліп, қан төгілген соң ұлтына қарамай кінәлілер әлі де жауапқа тартылып жатыр. Тергеу тоқтаған жоқ. Оған қоса, өңірдегі тіл, дін, білім, ұлтаралық қатынас, жұмыс орны, инфрақұрылым және басқа да маңызды факторлар қайта қаралып, аталған түйткіл кешенді түрде шешілді. Яғни, осы арқылы Президент елде заң үстемдігі мен ұлтаралық келісім бәрінен де жоғары тұратынын тағы бір паш етті. Оған қоса, өңірде этносаралық кикілжің келешекте қайталанбаудың алғышарттары жасалды. Жүзжылдығын ойлаған тал егеді демекші, жоғарыда айтылған қадамдар алдағы бірнеше жылды ойластыра жасалғанын көрсетіп тұр. Коронавирус кесапаты. Кезінде Ницше: «Бізді өлтірмегеннің бәрі бізді қуатты қылады» деген. Дегенмен биылғы әлемдік эпидемиялық сынақ Ницшенің айтқанына сай келмей тұр. Өйткені коронавирус пандемиясы бұрын-соңды болмаған кеселді таратты, адам да, ақша да шығыны орасан. Аурудан аман қалғандарды қатты есеңгіретті. Қуатты қылғаны шамалы. Дерт іргеміздегі Қытайан бастау алған соң Қазақстан жылдам шекараны қымтап, төтенше жағдайды ерте жариялағандардың қатарында болды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі еді. Неге? Өйткені аурудың алдын ертерек алмаса, оның асқынатыны анық болатын. Айталық, әліптің артын бағып, уақыт өткізіп алған Ұлыбританияда кеселдің құрбандары күрт өсті. Бүгінде 45 мың кісі көз жұмса, ауру жұқтырғандар саны миллионға жақындады. Әрине, Қазақстанда да құрбандар болды. Вирус пен пневмониядан 2 мыңнан аса адам көз жұмды. Дәрі-дәрмек, ауруханада жататын орын жетпеді. Осындай қысылтаяңда бюджет ақшасын жегендер де табылды. Пандемия отандық фармацевтика, медицинадағы кемшін тұстарды көрсетіп берді. Дегенмен Президенттің жылдам шешімдері мен қатаң талаптары аурудан зардап шеккендер санын өсірмеді деуге негіз бар. Мәселен, бірден қалалар арасына блок-бекеттер қойылды, оқу процесі онлайнға көшті, әуе, теміржол қатынасы тоқтатылды. Көшедегі ретсіз серуенге, көңіл көтеру орындарына, той-томалаққа тыйым салынды. Бұл талаптардың орындалуын Үкімет шама-шарқы келгенше бақылады. Алайда үйренген беташар, құдалығынан бас тарта алмаған талай кісі бас қосатын жерлерге жасырын барып, кеселді болып оралып жатты. Яғни, мұндай сын сәтінде жауапкершілік билікте ғана емес, қоғамның өзінде де болуы керек еді. Өкінішке қарай, карантинде той жасағандар, ас бергендер, оған барғандар осы міндетті жіті түсінбей жатты. Осыған қарамай, ерекше режимде жұмыс істеген Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын, әсіресе уақытша жұмыссыз, табыссыз қалғандарды әлеуметтік, материалдық тұрғыда қолдау мәселесін назарда ұстады. Мұқтаж жандарға аз болса 42 500 теңгеден бірнеше рет үлестірілді. Бұл тұста көмек қолын тек Үкімет емес, белді кәсіпкерлер, қатардағы азаматтар да созғанын атап өткен жөн. Бұл көнеден келе жатқан асар, қайырымдылық, қамқорлық ұғымы мен құндылықтар ортамызда жоғалмағанын дәлелдеді. Әлемдік аренадағы ұлттық мүдде. Қазақстан секілді күрделі геосаяси аймақта орналасқан ел үшін алыс-жақын көршілермен, алыстағы алып державалармен тіл табысып, қарым-қатынасты түзеу аса маңызды. Осы факторларды терең түсінген Елбасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап дипломатияда көпвекторлы сыртқы саясат ұстанғаны белгілі. Бұл бір адамның қалауы емес, Қазақстанның геосаяси реализмінен туған стратегия. Сондықтан жалпы ұзақтығы 10 жыл Сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың да осы бағытты жалғастыруы тегін емес. Г.Киссинждер «Дипломатия – бұл күштерді жүгендей алу өнері» деген. Қай заманда да Қазақстанның Мемлекет басшысы Ресей, Қытай, АҚШ, Еуроодақ және Орталық Азия елдерімен тең қатынас ұстап, дипломатиялық балансты сақтай білуіне тура келеді. Қазір АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, IT-технологиялық күрес ушығып тұрғанда, АҚШ пен Ресей қаруды шектеу келісіміне келе алмай жатқанда, Еуроодақтың Ресейге санкциялары жалғасып жатқанда аталған міндеттің маңызы арта түседі. Осы себепті болар, Президент өзінің алғашқы сапарын Ресейден бастады. Кейін Өзбекстанға ат басын бұрды. Қытайға үлкен делегациямен барды. Көп өтпей АҚШ-та Дональд Трамппен жолықты. Мұның барлығы Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарын білдірсе керек-ті.Маңызды процестерде республика өз ұстанымын ашық мәлімдейді. Мәселен, биыл мамыр айында ел басшылары қатысқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қ. Тоқаев осы ұйымның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдамай тастады. Бірден-бір себеп – құжат мүше мемлекеттердің мүддесін ескермейді, егемендігін шектейді.
Осы тұста ескеретін бірнеше жайт бар. Қазір Қазақстан өзгерді, қуат жинады. Бұрынғыдай державалардың шешіміне алаңдайтын ел емес. Маңызды процестерде республика өз ұстанымын ашық мәлімдейді. Мәселен, биыл мамыр айында ел басшылары қатысқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қ. Тоқаев осы ұйымның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдамай тастады. Бірден-бір себеп – құжат мүше мемлекеттердің мүддесін ескермейді, егемендігін шектейді. Шын мәнінде, бұл шешімді Мәскеумен қарым-қатынасты жоғары деңгейде сақтай отырып, ұлттық мүддені қорғау, тіпті дипломатиялық қыр көрсету деп бағалауға болады. Дипломатияда кездейсоқ элемент жоқ. Келіссөздерде мемлекеттердің тарихын, географиясын жақсы білу де өз пайдасын тигізуі мүмкін. 1920 жылы елінің тарихынан, жер-су аттарынан хабары мол Әлімхан Ермеков Ленинмен келіссөздер жүргізіп, Сібірревкомнан қазақтың талай жерін аман алып қалған деседі. Ал шет тілдерін меңгеру мемлекет басшыларымен тікелей тіл табысуға жола ашады. Өзімізде де шетел азаматы қазақша «сәлем» десе, балаша қуанып қалатын әдетіміз бар. Президент Тоқаевтың ағылшын, қытай, француз, орыс тілдерінде еркін сөйлеуі дипломатияда өзінше қолғабыс. Бірнеше тілде келіссөз, кездесу өткізуі, сұхбат беруі алысты жақындатпаса да, арадағы кедергілерді жоятыны анық. Алысты көздеген шешімдер. Кез келген мемлекет секілді Қазақстанда да шешімін таппаған әлеуметтік мәселе жетерлік. Баспана, жалақы, жұмыссыздық, ауызсу, жол сапасы, тағысын тағылар. Президент Тоқаев та аталған әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келді. Оларды шешуде бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, ұзақмерзімді қадам жасау міндеті тұрды. Мұндай шешімдердің жемісі бүгін көрінбесе де, бірнеше жылдан соң байқалады. Басым көпшілік жағдайда аталған мақсат орындалғандай. Қалайша? Алдымен даулы болған несиені кешіру туралы Жарлықты алайық. Иә, қоғамда ортақ салықтың есебінен өзгенің несиесін кешіруге күмәнмен қарағандар аз болмады. Себебі мұндай саясат азаматтарды масылдыққа үйретуі мүмкін еді. Дегенмен бір несиесін төлеу үшін басқа несие алатын қоғамда «қарыз айналымын» немесе «кредит кабаласын» тоқтату мақсатында табанды шешім керек болды. Ол – бюджет есебінен әлсіз топтағы азаматтардың 300 мың теңгеге дейін несиесін қазына есебінен төлеу еді. Мұндай қадамның құны аз болмады, 105 млрд теңге. Алайда осы шешімнен кейін банктерге төлем қабілеті төмен кісілерге несие беруге де тыйым салынды. Яғни, бейберекет несие таратуға шектеу қойылды. Бұл табысы төмен кісілердің қарыз батпағынан шығып, тұрмысын түзеуге ықпал етті деуге болады. Дәл осындай алдағы бірнеше жылды ойластыра қабылданған шешімдердің қатарына 300 жас маманды іріктеуді, «5-10-20» (Шаңырақ) тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды, мемлекеттік және ұлттық компанияларда штат санын қысқартуды жатқызуға болар. Неге? Жас мамандар мәселесін қарастырайық. Себебі 30-дан енді асып, түрлі салада көзге түсе бастаған бүгінгі жас көшбасшылар ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтар атануы бек мүмкін. Оған қоса, жас кадрларды даярлап, оларға жауапты саланы тапсыру Елбасы кезінен келе жатқан «дәстүр». Яғни, кеңес кезеңіндегі «егде азаматтар үкіметі» орнамауы үшін жас мамандарды бүгіннен даярлау – менеджмент талабы. Ал «Өз үйің – өлең төсегің» дейтін қазаққа Еуропадағыдай пәтер жалдап, қаладан қалаға ауысатын көшпелі ғұмыр тура келе бермейді. Көпшілік жеке баспанаға қол жеткізсем дейді. Бұл саналы, білімді азаматтың қалыпты қалауы. Ал осы талап-тілекті орындау – Үкіметтің міндеті. Осыған байланысты Президент барлық баспана бағдарламаларын біріктіріп, жаңадан «5-10-20» бағдарламасын бастауды тапсырды. Үй құнының 10 пайызын төлеп, жылына 20 жылға 5 пайыз өсіммен баспана несиесін алу – көпшілік отбасының жеке мәселесін шешуі мүмкін, өйткені табысына сай әрі қолжетімді. Бұл бастама отбасыларды өз қонысына қол жеткізіп қана қоймайды, тіпті ажырасу статистикасын кемітуі де мүмкін. Өйткені талай ерлі-зайыпты жалдамалы пәтерден шаршап, ажырасып жатқаны жасырын емес. Сөз соңында. Артта қалған 1,7 жыл немесе 600 күндей президенттік мерзім Қазақстан сындарлы беласудан өткенін көрсетті. Билік транзиті, кешенді реформалар, оқыс оқиғалар, төтенше жайттар бізді біріктірмесе, әлсіреткені шамалы. Бұл бағыт әлі де жалғаса берер. Себебі сынақтарға төтеп берудің президенттік формуласы түзіліп қойған секілді.Нұрмұхамед БАЙҒАРА