Қазақстанға діни телеарна керек пе?
Қазақстанға діни телеарна керек пе?
318
оқылды

Елімізде тағы бір ді­ни телеарна ашылды. Қа­зақ­стан Мұсылмандары діни басқармасының төл те­ле­арнасының  жаңа атауы – «Халық арна». Одан бөлек, Діни бас­қарманың қарауынан тыс «Асыл арнаның» ба­рын білетінбіз. Сонымен, қа­зақ­стандықтарға қос дін арнасы насихат жүргізуі мүмкін. Дегенмен «Асыл арнаның» келешегіне байла­нысты түрлі ақпар та­рап жатыр. Ал біз­дің көкейде бір сауал – өр­кениетті, зайырлы елде діни телеарнаның болғаны дұрыс па?

Насихат ел таңдамайды

«Халық арнасының» ашылу салтанаты Алматыда өтті. Қа­зақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы телеарнаның тұсауын өзі кесті. Марат Тоқашбаев, Сайын Мол­дағалиұлы, Асылы Осман, Асылбек Боранбаев секілді қоғам қайраткерлері қатысқан жиында бас мүфти Діни басқарма жыл басынан бері қайырымдылық бағытта жұмыс істеп келгенін айтып, ақпарат тарату жағынан қалыс қалғанын алға тартыпты. Осы жайды ескерген дәстүрлі дін жанашырлары насихат жолында телевизиялық тәсілді қол­данбаққа көшіпті. Телеарна діни жаңалық­тарды үздіксіз, 24 сағат бойы таратпақ. Бас директоры ретінде Нұржан Дарқұлов есімді азамат тағайындалған. «Халық арна» «Отау тв» мен Idtv ка­бель­­дік желілері арқылы хабар таратады. Қош, біз енді мәселеге көшсек. «Діни телеарна ашылды» деп бөркімізді аспанға атқа­нымызбен, бұл әрекетті құпта­мағандардың да қарасы көп. Қарсы тараптың пікірі сан қилы, біреу «өнер­тапқыштарға арнап арна ашайық» десе, келесі бірі «ғылымды ұмыт қалдырды» депті. Ешбірін жоққа шығара алмаймыз. Осыдан кейін күмәнді сауалдың жетегінде кетіп, дамы­ған немесе өзге елдерде діни те­ле­арналардың бар-жоғын біл­мекке ұмтылдық. телеарна Көрші Ресейде діни бағыттағы бірнеше те­леарнаның барын аңғардық. Соның бірі – На­дежда ТВ. Әлеуметтік және отбасы құн­ды­­лық­тары мен жастар өмірінің жайын шертетін арна көп дүниені христиан дінінің көзқарасы арқылы сараптайды екен. Діни телеарналар Еуропада да бар. Мәселен, Германияда Hope Channel Europe – көптілді хрис­тиан телеарнасы хабар тара­тады. Бағдарламалары ағыл­шын, ру­­мын, португал, чех, француз, итальян, норвег, орыс және украин тіл­дерінде жүргізіледі. Hope Channel Europe көбінесе адвентистік шір­кеулер, кол­ледждер, ауру­ханалар мен ме­кемелер дайын­­даған, дін, ден­саулық, білім және отба­сылық өмір тақырыптарын қамтитын бағдар­ламаларды ұсынады екен. Тәулік бойы жұмыс істейді. Ал Dieu TV – Швейцариядан хабар тарататын француздардың діни телеарнасы. Христиан дінін насихаттайды. Телеарна орталығы Ивердон-ле-Бен қаласында орна­ласқан. АҚШ-та да діни бағытта жұмыс атқаратын телеарналар жетерлік. Мәселен, Eternal Word Television Network теле­­арнасы бағдарламаларды теледидар, радио, ин­­тернет арқылы хабар тарататын америкалық желі. Телеарна католик ағымын наси­хаттайды. 1980 жылы монах Мария Анжелика Аннексия негізін қалаған. 1981 жылы 15 тамызда Алабама штаты Айрон­дейли қаласындағы ғибадатхана гара­жында хабар тарата бастаған екен. Дінге бай­ланысты даулы те­леарналар да жоқ емес. Мы­салы, Mehtap TV – 2006 жылдың 19 мау­­сымында жұмысын бастаған түрік арнасы. Бірақ 10 жылдан кейін, 2016 жылдың 19 шілдесінде оның лицензиясын қайтарып алған. Арнаны 2016 жылы Гүлен қозғалысымен байланысы бар деген болжаммен Жоғарғы радио және теледидар кеңесі жауып тастапты. Яғни, діни телеарналар әлемнің кез келген елінде бар. Сондықтан «Ха­­лық арнаның» ашылуы қазақстандықтардың басым бөлігінің діни сенімін құрмет­теуден туған қадам екені анық.

«Асыл арна» жабыла ма?

Осы уақытқа дейін діни бағытта хабар та­ратып келген «Асыл арна» еліміздің Діни басқармасына бағынышты емес болатын. Өзі бөлек ұжым, қалаған мақсатта жаңалық жүргізе алады. Жаңа телеарна ашылғаны сол, «Асыл арнаға» қатысты небір әңгіме тарады. «Көпшілік сынына қалып жүрген Мұхамеджан Тазабеков «Асыл арнаны» жауып, діни контентті басыбайлы мүфтиятқа береді» десті жұрт. Біз бұл әңгіменің түп-тамырын зерделеп көрсек, шындыққа жанасады екен. 3 қараша күні мүфтияттың Ал­­­­матыдағы бас ғимаратында басқосу өткен. Сол жиында Тазабеков «Асыл арна­­ның» келешегіне қатысты сөз сөйлепті.
– Біраз уақыт бұрын Бас мүфти Наурызбай қажы Таған­ұлымен кездескенде бүгін ғана тұсауы кесіліп жатқан «Халық арна» діни арнасы жайын­да сөйлескен болатынбыз. «Егер діни арна ашып жат­саңыздар, «Асыл арнаны» жауып, орнына басқа арна аша­мын, ал діни контенттерді басы бүтін өз­деріңізге тап­сырамын» деп айтқан болатынмын. Себебі діни уағыз­­­бен Діни бас­­­қарма толықтай өз­дері ай­на­лысқаны жөн. Қазір бұрынғыдай емес, Діни басқар­маның кадрлық, қаржылық құзыреті діни арнаның қызметін қамтуға жеткілікті. Сырт көзден де артық сұрақ туындамай, бір бұлақтан ақпарат тарқауы елге де ыңғайлы. Ал «Асыл арна» жыл аяғына дейін жаңа концепциясын дайындап, өз көрермендеріне «Тәлім тв» деген жаңа атпен жол тартып, ары қарай әлеуметтік-отбасылық, ғылыми-та­­нымдық, мәдени-ағартушылық ба­­ғытта қыз­­метін жалғастырады. Әрі көрер­мен­дерге әлеу­­меттік рөлдік модельдерді ұсына­­тын моти­вациялық консервативті алаңға айна­­лады, – депті ол.
Демек, «Асыл арна» түбегейлі жабылмаса да, бағытын бұрмақ ниетте. Бағамдасақ, телеарна директорының мұндай шешімге келуіне жеке басы мен арнаның ақпарат таратуына қатысты то­лас­сыз қоғам сыны әсер еткенге ұқсайды.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ