Елімізде тағы бір діни телеарна ашылды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төл телеарнасының жаңа атауы – «Халық арна». Одан бөлек, Діни басқарманың қарауынан тыс «Асыл арнаның» барын білетінбіз. Сонымен, қазақстандықтарға қос дін арнасы насихат жүргізуі мүмкін. Дегенмен «Асыл арнаның» келешегіне байланысты түрлі ақпар тарап жатыр. Ал біздің көкейде бір сауал – өркениетті, зайырлы елде діни телеарнаның болғаны дұрыс па?
Насихат ел таңдамайды
«Халық арнасының» ашылу салтанаты Алматыда өтті. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы телеарнаның тұсауын өзі кесті. Марат Тоқашбаев, Сайын Молдағалиұлы, Асылы Осман, Асылбек Боранбаев секілді қоғам қайраткерлері қатысқан жиында бас мүфти Діни басқарма жыл басынан бері қайырымдылық бағытта жұмыс істеп келгенін айтып, ақпарат тарату жағынан қалыс қалғанын алға тартыпты. Осы жайды ескерген дәстүрлі дін жанашырлары насихат жолында телевизиялық тәсілді қолданбаққа көшіпті. Телеарна діни жаңалықтарды үздіксіз, 24 сағат бойы таратпақ. Бас директоры ретінде Нұржан Дарқұлов есімді азамат тағайындалған. «Халық арна» «Отау тв» мен Idtv кабельдік желілері арқылы хабар таратады. Қош, біз енді мәселеге көшсек. «Діни телеарна ашылды» деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, бұл әрекетті құптамағандардың да қарасы көп. Қарсы тараптың пікірі сан қилы, біреу «өнертапқыштарға арнап арна ашайық» десе, келесі бірі «ғылымды ұмыт қалдырды» депті. Ешбірін жоққа шығара алмаймыз. Осыдан кейін күмәнді сауалдың жетегінде кетіп, дамыған немесе өзге елдерде діни телеарналардың бар-жоғын білмекке ұмтылдық.«Асыл арна» жабыла ма?
Осы уақытқа дейін діни бағытта хабар таратып келген «Асыл арна» еліміздің Діни басқармасына бағынышты емес болатын. Өзі бөлек ұжым, қалаған мақсатта жаңалық жүргізе алады. Жаңа телеарна ашылғаны сол, «Асыл арнаға» қатысты небір әңгіме тарады. «Көпшілік сынына қалып жүрген Мұхамеджан Тазабеков «Асыл арнаны» жауып, діни контентті басыбайлы мүфтиятқа береді» десті жұрт. Біз бұл әңгіменің түп-тамырын зерделеп көрсек, шындыққа жанасады екен. 3 қараша күні мүфтияттың Алматыдағы бас ғимаратында басқосу өткен. Сол жиында Тазабеков «Асыл арнаның» келешегіне қатысты сөз сөйлепті.– Біраз уақыт бұрын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездескенде бүгін ғана тұсауы кесіліп жатқан «Халық арна» діни арнасы жайында сөйлескен болатынбыз. «Егер діни арна ашып жатсаңыздар, «Асыл арнаны» жауып, орнына басқа арна ашамын, ал діни контенттерді басы бүтін өздеріңізге тапсырамын» деп айтқан болатынмын. Себебі діни уағызбен Діни басқарма толықтай өздері айналысқаны жөн. Қазір бұрынғыдай емес, Діни басқарманың кадрлық, қаржылық құзыреті діни арнаның қызметін қамтуға жеткілікті. Сырт көзден де артық сұрақ туындамай, бір бұлақтан ақпарат тарқауы елге де ыңғайлы. Ал «Асыл арна» жыл аяғына дейін жаңа концепциясын дайындап, өз көрермендеріне «Тәлім тв» деген жаңа атпен жол тартып, ары қарай әлеуметтік-отбасылық, ғылыми-танымдық, мәдени-ағартушылық бағытта қызметін жалғастырады. Әрі көрермендерге әлеуметтік рөлдік модельдерді ұсынатын мотивациялық консервативті алаңға айналады, – депті ол.Демек, «Асыл арна» түбегейлі жабылмаса да, бағытын бұрмақ ниетте. Бағамдасақ, телеарна директорының мұндай шешімге келуіне жеке басы мен арнаның ақпарат таратуына қатысты толассыз қоғам сыны әсер еткенге ұқсайды.