Карантин кезінде санитарлық талаптың сақталуын бақылау мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде ескертуді елемей ұйымдастырылған 19 дәстүрлі отбасылық той тоқтатылып, шектеу шараларының шегінен шыққан 6 компьютерлік ойын-сауық орталығына анықтама толтырылып, шара көрсету үшін уәкілетті органға жолданды.
Рейд барысында қала орталығындағы Esperanza мейрамханасы, С.Торайғыров көшесі мен Астана даңғылында жеке аулада ұйымдастырылған үйлену тойлары, Қосасар және Каспий көшелеріндегі құдалық тойлары тоқтатылып, «Бункер», «Совор», I game плестейшин және компьютерлік орталықтарының жұмыс істеп тұрғаны белгілі болып, ойын-сауық орталығының әкімшісіне анықтама толтырылды. Бүгінге дейін мониторинг тобы 10 000-ға жуық нысанды аралап, рейд жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан карантин режимін сақтамаған 134 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, шара қолданылды. 6 шілдеден бастап бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.Той өткізуші адамдар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы, яғни «халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саладағы заңнама талабын бұзу» бойынша жауапқа тартылатын болды. Той-думанды өткізушілер мен ұйымдастырушыларға салынатын айыппұл аз емес. «Бірінші рет болса, шамамен 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Тәртіп бұзушыға 5,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қауіпті вирустың емі әзірге шыққан жоқ. Сол себепті қатаң қағида, темірдей тәртіп басты ұстаным болуы тиіс екенін әлі де жете түсінбейтін секілдіміз. Коронавирус пандемиясына байланысты елде төтенше жағдай жарияланған сәтте онлайн той жасау ұсынылды. Әлихан Қарымсақов есімді желі қолданушысы YouTube арнасына қызықты видео жүктеген. Кадрда Олжас атты асаба WhatsАpp-тан «Еркеш Сандина үйлену 18.00» деген атаумен топ ашып, оған шаңырақ көтергелі жатқан жастардың ата-ана, туған-туыстарын қосқан. Әрине, видео әзіл ретінде түсірілген. Дегенмен онлайн тойды шынайы өткізгендер де бар. Мәселен, елдегі алғашқы онлайн режимдегі той Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жас жұбайлар тойды наурызға жоспарлаған. Алайда елдегі қиын ахуалға байланысты ешкімге қауіп төндірмеуді шешкен. Екі жақтың ата-анасы балаларының бақытын байламай, видео қоңырау арқылы ақ батасын беруге келіскен тағы бір той Zoom платформасы арқылы жасалды. Келін Оралдан, күйеу Оңтүстік Кореядан, ал жастардың ата-анасы, туыс-туғандары еліміздің өзге қалаларынан онлайн шығып, екі жасқа тілектерін айтты. Өзге елдерде де тойды онлайн өткізу жиілеген. Жалпы, пандемия бүкіл жоспарды бұзғанымен, мейлі дәстүрлі, мейлі онлайн болсын, той өткізуге кедергі келтіре алмаған секілді. Карантин талабын күшейтпесе, жасырын түрде жасалып жатқан тойларға шағым айтудың қажеті жоқ деген де пікірлер жиі айтылады. Себебі үлкен қалаларда базарлар мен супермаркеттерде адам толып жүр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатылатын орындардың ашық болуы халық үшін қажет. Ал қауіпті індет қарқын алған тұста дүркіретіп той тойлау адамдық қасиетке де, карантин талаптарына да жатпасы анық.М.БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы