«Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуы тиіс». Достық үйінде өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы Елбасы сөзін негізге алды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізген форумға мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп жүрген филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, ҚХА мүшелері мен жастар ұйымдары қатысты.
Айта кетерлігі, Ассамблея «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді. Мұндай форумның мақсаты – мемлекеттік тілді еліміздегі түрлі этностар арасындағы ұлтаралық қатынас тілі ретінде насихаттау. Әдеттегідей, жиында алдымен нәтижеге тоқталып, артынша негізгі мәселе талқыға түсті. Бұл жолы қатысушылар 30 жылда тіл үйренуге не кедергі болғанын әрі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолдарын қарастырды. Қатысушылар арасында аталған сұрақ төңірегінде ой өрбіткісі келгендердің қарасы көп. Соның ішінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов сөзі ерекше есте қалды. Ол ел бірлігінің негізі – тіл бірлігінен бастау алатынын баса айтты. 2011 жылдан бастап тіл курстарына қатысқан өзге этнос өкілдеріне тоқталып, 500 мыңнан астам ел азаматы курстан өткенін жеткізді. Президент тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым тұстарын атап өтті. Одан кейін сөз алған Төлеген Мұхамеджанов пен Елена Әбдіхалықова да қазақ тілінің келешегіне алаңдайтынын, Ассамблеяның қажырлы еңбегі тіл саясатын сақтауға септігі тиетінін атап өтті. Дихан Қамзабекұлы да тілдің тек байланыс құралы ғана емес, мәдениет пен зиялылық екеніне тоқталды.«Шынымен, заман өзгерді, онымен бірге түсінік өзгерді. Қазір ұлт, этнос, мемлекет деген ұғымдардың барлығына жаңа сипат берілді. Мәселен, ұлт пен мемлекет – бір сипаттағы сөздер. Мысалы, ұлт дегенде Қазақстан мемлекетін, ұлы тіл дегенде Қазақстан мемлекетінің тілін айтамыз. Бүгінде Ассамблея айрықша зиялылықтың алаңы. Бұл алаң түрлі зиялы тұлғаларды шақырып, ой бөлісуге зор мүмкіндік туғызады. Елдің бірлігін нығайту жолында ұшан-теңіз септігін тигізіп келе жатқан Ассамблеяның осындай алаңда мемлекеттік тілді дамыту ісін қолға алып отырғаны құба-құп. Бұл алаңның әлі де ғылым және білім саласындағы тәжірибелі жастардың қатысуымен сапасы арта бермек деп білемін», – деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы.Ал онлайн кездесуге қатысқан мемлекеттік тілді еркін меңгерген 14 этнос өкілі қазақ тілінің қоғамдағы рөлі мен оны меңгерудің артықшылығы туралы айтып берді. Әрі тіл үйренемін дегендерге ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ форумның басы-қасында жүрген Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Ассамблеяның Абай мерейтойы аясында бірқатар шара ұйымдастырып, оған этнос өкілдері жаппай үлес қосқанын тілге тиек етті. Форум қатысушыларына, тіл мерейін ту еткен әрбір этнос өкіліне алғысын білдірді.
«Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асқан алғашқы форумға барлық облыстан қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұрмыста қолданып, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жүзден астам (105) делегация келді. 130-дан астам ұлт жастарының арасында қазақ тілін жетік меңгергендердің көптігіне көз жеткіздік. Сондай-ақ биылғы Абай күні және ақын мерейтойына орай Ассамблея республикалық деңгейде онлайн поэзия фестивалін ұйымдастырды. Нәтижесінде, 1 000-ға жуық этнос өкілі қатысып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Отанының нағыз патриоттары екенін дәлелдеп шықты. «Әлемді аялаған сөз» деген атпен түрлі этнос өкілдерінің Абай шығармашылығына арналған мақалалар топтамасы жарық көрді. Осы орайда, 130-дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жоғарыда жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді мақсат етіп отыр», – деді Жансейіт Түймебаев.
Айбике ЖАНАСЫЛ