Әрбір бесінші жасөспірім мектептегі қоқан-лоқының құрбаны
Әрбір бесінші жасөспірім мектептегі қоқан-лоқының құрбаны
330
оқылды

Елімізде 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші жасөспірім буллингтің құрбаны болады немесе өзгелерге қоқан-лоқы көрсетеді екен. Бұл деректер Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулығын сақтау тәртібі (HBSC)» атты зерттеуінде келтірілген.

11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 17 пайызы айына бір немесе бірнеше рет мектептегі буллингті бастан өткерген. Ауыл баласынан гөрі, қала мектептеріндегі оқушының басым көпшілігі осының құрбаны болады екен.

Бұл мәселенің бүгінгі хал-ахуалы, балаларға ықпалы жөнінде Дағдарыс орталықтары одағының психологы Салтанат Маусеитовамен әңгімелескен едік.  

[caption id="attachment_85609" align="alignnone" width="1024"]жасөспірім ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Соңғы кезде ел ішінде «буллинг» сөзі қолданысқа еніп кетті. Жалпы буллингтің қоғамға ықпалы қандай? Ол неден туындайды? – Бұл тақырыпты қозғамас бұрын, алдымен сөздің мағынасын түсінгеніміз жөн. Буллинг – ағылшын тілінен аударғанда адамға қысым көрсету деген мағына береді. Яғни міндетті түрде біреуді күштеу емес, адамның ойын бұзу, оны қандай да бір әркетке итермелеу, психикалық қысым көрсету. Мәселен, адам үйде, мектепте, автобуста немесе интернетте, жалпы кез келген жерде жүріп буллингке ұшырауы мүмкін. Ондай жағдай бізде ересектердің арасында да кездеседі. Алайда мектеп жасындағы балалар, жасөспірімдер мектеп-интернат пен спорттық секцияларда буллингке жиі ұшырайды. Бүгінде ол біздің елде ушығып тұрған мәселенің бірі.

Соңғы уақытта елдегі ахуалдың нашарлауынан, пандемияның кесірінен ел арасында қысым көбейе түсті. Оның әсерінен адамдар стресске түсіп, отбасынан немесе өз ортасынан ашуын алады. Ал жасөсіпірімдер өз құрдастарына «жұдырығын ала жүгіреді». Сол арқылы ол өзінің бар екенін, оған да құлақ асуы керегін өзгелерге дәлелдегісі келеді. Сондықтан кез келген стресстің үлкенге ғана емес, балаға да әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Олардың да айтқанына құлақ асайық.

[caption id="attachment_85612" align="alignnone" width="1024"]жасөспірім ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Буллинг көбіне жасөспірімдер арасында көп кездеседі. Олардың бұл жолға түсуіне не түрткі? – Сөз басында айтып кеткенімдей, ол өзін өзгеге дәлелдегісі келеді. Біреуді қорлай отырып, оған зәбір көрсете тұрып, мықтылығына масаттанып, эгосын биікке көтереді. Мұнда агрессордың басты мақсаты – жәбірленушіні барынша қорлай түсу. Сонда оның жаны рахаттанады. Ондай қадамға өзіне көңілі толмаған, өзін-өзі бағалай алмағандар барады. Психологиялық тұрғыда қарастырсақ, жәбірленушіге ғана емес, зәбір көрсетушіге де көмек қажет. Себебі, бала оны білместіктен емес, мақсатты түрде әдейі істейді.

Ал бүгінгі әлеуметтік заманда жасөспірімдер арасында кибербуллинг кеңінен таралып жатыр. Яғни адамды интернетте, мысалы әлеуметтік желілерде қорлау. Көңілге тиетіндей хабарламаларды смс немесе электронды поштаға жіберіп, адамды қорлайтын бейнероликтер, суреттер, өсек немесе жалған сөздер таратуы мүмкін. Тіпті әлеуметтік желілерде жәбірленушінің атынан жалған аккаунттар құрып, онда ерсi фотосуреттерді жүктеп, буллинг жасауы ықтимал. Не болмаса әлеуметтік желілердегі достар тобынан әдейі шығарып тастайды.

[caption id="attachment_85613" align="alignnone" width="1024"]жасөспірім ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Мысалы сыныпқа жаңа келген оқушыны жұмсап, оған үстемдік көрсету немесе мектепте жоғары сынып оқушылары өзінен кішілерді жұмсауы да буллингке жата ма? – Иә, «дедовщина» да буллинге жатады. Жалпы, әлеуметтік ортада психологиялық және физикалық тұрғыда белгілі біреуге күш көрсету немесе мәжбірлеу де – буллинг. Оны біреуге абайсызда тиісу, ұстасып қалумен шатастырмау керек. Бұл жерде белгілі біреудің ақшасын тартып алу, оған түртпектеп тиіскілеу, мазасын алу, тоқетерін айтсақ, ұзақ уақыт бойы тоқтаусыз жәбір көрсету туралы сөз болып отыр. – Жасөспірім кезінде қысым көріп өскен жан есейгенде де соның зардабын шеге ме? – Әрине, зардабын шегеді. Біріншіден, ол бала өзін-өзі бағаламайтын болады. Оның ойы да өзгереді. Тек әлдебіреуге күш көрсетіп, зәбірлеу арқылы ғана өмір сүруге болады деп түсінеді. Ондай жандар психосаматикалық ауруға шалдығуы ықтимал. Денсаулығы нашарлап, асқазаны ауруы мүмкін. Тіпті, жүйкесі тозып, депрессияға түсуі де мүмкін. [caption id="attachment_85615" align="alignnone" width="1024"]жасөспірім ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Одан құтылудың жолы бар ма? Ол үшін не істеу керек? – Жасөспірімдер арасында кикілжің болса, оған алдымен мектептегі психологтар мен мұғалімдер назар аударуы тиіс. Оған қоса, баланың өзгергенін немесе қысым көріп жүргенін ет жақындары сезеді, соған ден қойғаны жөн. Мысалы, ешқандай қиындыққа кезікпеген бала өзінен-өзі «мектепке бармаймын» деп шырылдамайды. Түрлі сылтау айтып, жалтарып жатса, оның сабаққа неге барғысы келмейтінін жайлап сұраған жөн.

Егер күмәніңіз расталса, бірден ашуға беріліп, айғай-шу көтерудің қажеті жоқ. Сабыр сақтап, «бұл мәселені қарастырамыз» деп алдымен баланы жұбатқан жөн. Артынан сынып жетекшісімен кездесіп, жайлап сөйлесіп көріңіз. Мәселені дабыралата көтеріп, мектепті шулатқанан еш пайда таппайсыз. Ертең балаңыз айтып қойғаны үшін қайтадан таяқ жеп, зәбір көруі мүмкін ғой. Ол кезде екі есе тиісуі де ықтимал. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, мәселені жан-жақты қарап, зерделеп шешкен дұрыс.

[caption id="attachment_85601" align="alignnone" width="1024"]жасөспірім ©Сурет интернеттен алынды[/caption] Сонымен қатар, буллингтің үш тарабы болады. Біріншісі, агрессивті – буллингті қабылдайтындар. Екіншісі, жапа шегуші – өзіне көрсетілген зәбірге шыдап жүрген жан. Үшіншісі – куәгерлер, орталарында болып жатқан жағдайды көріп, біліп жүргендер. Олардың әрқайсысы анонимді түрде психологтың көмегіне жүгінуі тиіс. Буллинг кез келген адамның басында болады. Оның құрбаны сыныптағы әлсіз немесе әлжуаз, не болмаса озат оқушы деп кесіп айтуға болмайды. Тіпті әлеуметтік жағдайдың деңгейі де әсер етпейді. Оның құрбаны – негізінен өз ортасына ұқсамайтын жандар. Себебі, агрессор оған оның ешкімнен артықшылығы жоғын көрсеткісі келеді. Сондықтан да қысым көрсетіп, баланы түртпектеуін тоқтатпайды.