Темір тордың ар жағына тыйым салынған заттарды жеткізудің түрлі схемасы әшкереленуде. Мысалы, Нұр-Сұлтан тұрғыны ауыр қылмысы үшін сотталып, Ақмола облысының ҚАЖД мекемесінде жазасын өтеп жатқан досына ішінде тосынсыйы бар сәлемдеме әкеліпті.
Ол ұялы телефон мен екі sim-картаны тез дайындалатын кеспенің ішіне мұқият жасырып, қаптамасын әдемілеп қайта жапқан екен. Бірақ түрмедегі тәртіп сақшылары қытай кеспесінің әдеттегіден ауырлау екенін түсіне қойған. Содан бандерольді рентгеноскопиялық сканер арқылы өткізеді. Осы рәсім кезінде тексеру тобының қызметкерлері тез дайындалатын кеспесі бар әдеттегі буманы байқады. Бір қарағанда, құрамы түпнұсқаға, яғни кеспенің өзіне толық сәйкес келеді. Кеспенің сыртқы зауыттық қаптамасы, жарамдылық мерзімі бүтін, бүлінбеген. Ал оны ашқанда ішінде ұялы телефон көзге түскен. Сонымен бірге тұздықтар мен дәмдеуіштері бар кішкене қалташалардан sim-карталар шықты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Биыл жылы Ақмола облысында тыйым салынған заттарды колонияға кіргізудің бес әрекеті тіркелді. Әрбір факті бойынша сот әкімшілік шешім қабылдады.Ерік ЕРДЕНОВ