Банкирлер жазадан құтылып кетті
Банкирлер жазадан құтылып кетті
181
оқылды

«Астана банкінің» басшылығы ақша ұрлады деген күдікке іліккен болатын. Алайда енді олардың әрекеттерінде қылмыстық құрам жоқ деген дәйектемемен қылмыстық іс тоқтатылды. Тиісінше, сотқа дейінгі тергеу де доғарылды.

Қазіргі кезде бұл қаржылық ұйым­ның жойылғаны мәлім. Мем­лекет оның ең ірі салымшысы болды. Бірақ жүйе құраушы ірі банк санал­­­ма­­ғандықтан, билік оны құтқарып жат­пады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кредиттік қаражаттарды негізсіз беру фактісі (Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» атты 189-бабының 4-бө­лімінің 2-тармақшасы) бойынша Астана банкінің басшылығына қа­­­тысты сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Қылмыстық іс ақыр соңында Қыл­мыстық-процестік кодекстің 35-ба­бының 1-бөлімінің 2-тармақ­шасының негізінде (іс-әрекетте қылмыстық құқық­бұзушылық құрамының бол­­­мауы себепті) тоқ­татылды», – деді Алматы проку­­ратурасы informburo сұрауына жауа­бында. Алматы прокуратурасы банкрот болған банкті сол күйге дейін жет­кізген банкирлерге қатысты тек­­­серу жүргізуді қажет деп таппапты. Астана банкі 2018 жылдың 19 қыркүйегінде банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылды. Бұған оның жүйелі түрде бұзушылық жасауы, атап айтқанда азаматтар мен заңды тұлғалардың жасаған төлемдері және аударымдары бойынша өз міндеттемелерін орындамауы, қар­жылық реттеуші бекіткен пруден­циалдық нормативтерді бұзуы, банк­тің ірі қожайынының Ұлттық банктің қосымша капиталдандыру талабын елемеуі себеп болды.

Елдос СЕНБАЙ