Қазақстандықтың өліміне байланысты наразылық акциясы өтпек
Қазақстандықтың өліміне байланысты наразылық акциясы өтпек
100
оқылды

Люблинде 16 жастағы қазақстандықтың өліміне байланысты наразылық акциясы өтпек.

Бұл шара туралы Люблиннің мэриясы ресми түрде мәлімдеді. Жиын сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 13.00-де өтеді. Акцияны ұйымдастырушылар Польшаның аңшылық қоғамының штаб-пәтерінің алдында жиналмақ. Бұл 1 қарашада Ключковицте болған қайғылы жағдайға реакция ретінде ұйымдастырылғалы отыр. Мектеп-интернаттың жанында 16 жастағы қазақстандықты браконьер полицей атып өлтірген болатын. Әуелде полиция 16 жастағы жасөспірім аңшы оғына іліккен болуы мүмкін деп ойлаған. Алайда жексенбіде мектеп аумағында аң аулау туралы хабарламалар болмапты. Осы оқиғадан бір күн өткен соң отставкадағы полицей, 51 жастағы   Ч.Дариуш ұсталды. Сондай-ақ оның 41 жастағы досы, шіркеу қызметкері және ерікті өрт сөндіруші де тұтқындалды. Бұрынғы полицей үш айға қамауға алынды. Қылмыстың бұл түрі үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Күдікті жабайы қабанды аттым деп ойлаған. Ал оқ атқан адамның досы кәмелетке толмаған жәбірленушіге көмек көрсетпеді деп айыпталып отыр. Ер адам қылмыскерге шындықты жа­сыруға көмектескен.  Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Польша аңшылар қауымдастығының өкілдері күдікті қылмыс жасаған кезде аңшылықпен емес, браконьерлікпен айналысқанын мәлімдеді.

Гүл БЕКЗАТ