Қазақстанда ауызсу тапшы екені мәлім. БҰҰ сарапшылары қазақ елін суға тәуелді мемлекет деп атайды. Еліміз қажетті судың 85%-ын ғана жер бетіндегі өзен-көлден алады. Көбі жерасты құдық суын тұтынады. Тағы бір үлкен бөлігі теңіз суын пайдаланады. Мысалы, Маңғыстау өңірі жыл сайын Каспийдің 1,2 миллиард текше метрден астам суын ішіп қояды екен.
Сусаған өңірлер саны артуда
Бүгінде әрбір қазақстандыққа шаққанда сумен қамтылу деңгейі жылына небәрі 6 мың текше метрден келеді. Мұның қаншалықты аз екенін мынадан көресіз: Грузияда бұл көрсеткіш әр тұрғынға шаққанда 11 миллион 613 мың текше метр, көрші Қырғыз Республикасында 11 миллион 763 мың м3. Түрікменстанмен не Тәжікстанмен салыстырсақ, айырмашылық тіптен алапат! Қынжылтатыны сол, Қазақстан аумағында су ресурстары біркелкі бөлінбеген. Мәселен, елдегі барлық су қорының үштен бірі – 34,5%-ы жалғыз Шығыс Қазақстан облысының еншісінде. Тағы 21,2%-ы – оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Су ресурстарының 13,4%-ы – батыс облыстарда. Ал ең кедейі – елорда мен оның айналасы: солтүстік облыстар еншісінде – 4,2%, орталық өңірлерде бар-жоғы – 2,6%. Ғалымдардың болжамынша, жердің жылынуы және парник газының артуы кесірінен құрлықтарды шөл басады. Бетін аулақ қылсын, егер сондай заман туса, нағыз «ақтабан шұбырынды» сонда болмақ: шөліркеген халық жаппай шығыс пен оңтүстікке шұбыруы мүмкін. Осылайша, республикамыздағы кәусармен молынан қамтылған өңір – ШҚО болып отыр: онда әрбір шаршы шақырымға 290 мың текше метр судан келеді. Мысалы, Грузияда бұл көрсеткіш 878 мың м3, Қырғыз Республикасында әр шаршы шақырымға 245 мың текше метрге тең.Суды аңсаған өңір
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінiң Су ресурстары комитетінің мәліметінше, Маңғыстау облысы – елдегі ең шөліркіген №1 өңір саналады. «Онда тұщы судың қайнар көзі жоқ деуге болады. Сондай-ақ Атырау және Қызылорда облыстары судың өткір тапшылығын бастан өткеруде», – деді комитет. Жердің «қызуы» көтерілген сайын аңқасы кепкен облыстар, елді мекендер саны күрт артуы ықтимал. Парник газы шырқау шегіне жетіп, қыста қар, күзде жауын жаумай қалса, бүкіл солтүстік және орталық облыстар Сахарадай шөлге айналып шыға келмек. Әрине, бұл осы онжылдықтағы емес, шамалы әрідегі перспектива болуы мүмкін. Қазір Қазақстанға шөлдеген батыс облысты сумен жабдықтау мәселесін шешу керек. Мәселен, өңірдегі тұзды суларды тазартып, ішуге жарамды етуге арналған басқа да жобалар қолға алынуда. Мысалы, Үкімет «Каспий» су тұщыту зауыты жобасына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мемлекеттік бюджеттен 3 миллиард 138,3 миллион теңге салды. Ол тәулігіне 20 мың текше метр су өндіруге қауқарлы. Жобаны іске асырған Caspiy әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының дерегінше, «Каспий» зауытына бекітілген тариф жеке және заңды тұлғаларға 1 текше метрі үшін 216,89 теңге.Су жоқ, сабыр таусылды
Маңғыстаулықтар суға қатысты мұң-зарын айтып, жиі наразылық білдіреді. Мысалы, биылғы тамызда Мұнайлы ауданының тұрғындары биліктен су тапшылығы түйткілін шешуді талап етті. Бұған қоса, Маңғыстау жақта су өте қымбат. Айталық, суының тарифі жоғары өңірлердің бірі Нұр-Сұлтанда 1 текше метр судың бағасы – 50 теңгедей, кәріз суы – 25 теңге. Маңғыстау облысының «астанасы» Ақтауда 1 текше метр судың құны – 223,87 теңге, кәріз суы – 104,90 теңге. Жергілікті шенеуніктер жұртшылықтан түсіністік танытуды өтінеді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақовтың айтуынша, келесі 2021 жылы «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған. Әкімдіктің мәліметінше, облысқа жазғы уақытта әртүрлі көздерден тәулігіне 150 мың текше метр ауызсу келеді. Бірақ бұл аз. Маңғыстаулықтарға қосымша 37 мың текше метр су жетпей қалады. Бұған халық санының өсуі себеп болуда. «Кейінгі кезде су тапшылығына қатысты шағымдар әлеуметтік желіні кернеп тұр. Жазғы маусымда ауызсуды тұтыну еселеп артады, тиісінше, наразылық та өседі. Біз оның бәрін көріп-біліп отырмыз. Бұл мәселе әсіресе, Мұнайлы ауданына, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылдарында өткір сезіледі. Аталған елді мекендерде су 2-3 сағатқа беріледі», – дейді әкімнің орынбасары. «Каспий» қуатын арттыру жобасы мемлекетке 10,5 миллиард теңгеге түспек. Құрылысы жүруде. Алайда тек 2021 жылғы желтоқсанда аяқталады деп мәлімделді. Әлдебір кедергілер туса, әрі ысырылуы ғажап емес. Онда маңғыстаулықтардың азабы ұзайды. Әкімдік дерегінше, Кендірлі курорттық аймағында тәулігіне 50 мың м3 Каспий суын тұщыландыратын тағы бір кәсіпорын тұрғызылуы тиіс. Әзірге оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде. Содан кейін құжат мемсараптамаға тапсырылады. Егер жоба бюрократиялық сергелдеңге салынса, құрылысы уақытылы басталмаса, онда Жаңаөзен тұрғындары да су тапшылығының зардабын ары қарай тарта бермек.Жуынды суды қайта жарату маңызды
Маңғыстаулық Жасұлан Нұрмағамбетов Экология министрлігіне хатында өңірді пайдаланылған тұщы суды жинап, қайта қолдану режиміне көшіруді ұсынады. Мұндай тәсіл дамыған елдердің кейбірінде енгізілген. «Мысалы, автожуулар пайдаланылған суды жинап, қарапайым фильтрден өткізіп, көлік жууға қайта жаратсын. Бұл қоршаған ортаны қорғау, суды үнеммен жұмсау үшін қажет. Жалғыз Маңғыстау емес, еліміздегі барлық шөлді және шөлейтті өңірлерде судың жетіспеуі мәселесі туындайды. Сондай-ақ теңіз суын тұщыландыру жүйесі кең өріс алуы керек. Бұл мәселе Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстары үшін өзекті», – дейді қоғам белсендісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұлай жасауға болатынын айтады. Өйткені қолданыстағы Су кодексінің 92-3-бабына сәйкес, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, соның ішінде автожуу орындары да «техникалық сумен жабдықтау схемасын таңдау кезінде суды қайталап пайдалануды қамтамасыз етуі» қажет. Рас, оны жасамағаны үшін ауыр жаза жоқ. Бізде бастамалар тек салмақты жазамен ғана ілгерілетіледі. Демек, билік болашақта суды қайталай қолданбайтын кәсіпкерлерді жазалауға кірісуі мүмкін. – Ішуге жарамды тұщы судың тапшылығы – Қазақстандағы ең көкейкесті проблеманың бірі. Сондықтан мәселені шешудің тиімді, негізгі жолдарының бірі – қолда бар суды қайталай пайдалану және тұзды суды тұщыландыру. Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатында (МАЭК) суды тұщыландыру қондырғылары ұтымды жұмыс істеп тұр. Маңғыстау өңірінде жер бетіндегі тұщы су жоққа тән. Мұнай кен орындарының және іргелес ауыл-кенттердің суға деген қажеттілігін ҚазТрансОйл ұлттық компаниясы Астрахан-Маңғышлақ магистральді су құбыры арқылы Еділ-Волга суын жеткізу есебінен өтеп отыр. Сондай-ақ «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС де теңіз суын тұщыландырып жеткізуде», – деді Мағзұм Мырзағалиев. Қазақстан Каспий суын қарқынды сіміруде. Бір жыл ішінде МАЭК- Қазатомөнеркәсіп Каспийден 1 миллиард 286 миллион текше метр теңіз суын алған. Одан 218,196 миллион м3 ауыз су жасалыпты. Бұдан өзге, Құрық ауылында теңіз суын тұщыландыратын зауыт құрылысы басталған. Ол ел игілігіне тапсырылып, толық қуатына шыға алса, облыс тәулігіне қосымша 50 мың текше метр тұщыландырылған суға қол жеткізбек. Бұл зауыт Құрық, Жетібай секілді бірнеше ауылдың және Ақтау қаласының бір бөлігін, жалпы саны 200 мыңдай адамды ауызсумен қамтуға мүмкіндік беруі тиіс. Қалай болғанда да, кәусәрдің әр тамшысы құндылыққа айналатын заман таяп қалғанға ұқсайды.Елдос СЕНБАЙ