Зейнетақы жыры: Мәжіліс мақұлдады
Зейнетақы жыры: Мәжіліс мақұлдады
195
оқылды

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану көптен бері талқыланып келе жатқан тақырып. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында осы мәселені 2019 жылдың аяғына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырған. Жуырда заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Депутаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдаған. Зейне­тақы реформасы шын мәнінде еліміздің қаржы жүйесіне тиімді ме?

Халық қалаулыларының заң  жо­ба­­­­сына бір кісідей дауыс бергенін ес­кер­­сек, аталмыш құжаттың көп ұза­май Мәжілісте екінші оқылымнан да өтіп, Сенатта қолдау табатыны анық. – Президент құжатқа жыл соңына дейін қол қояды деп ойлаймын. Се­бебі ке­лесі жылдан бастап осы ме­ха­низм іс­ке қосылуы керек. Өз басым өте дұ­рыс бастама деп санаймын. Бұл – қа­зіргі баспана мәселесін шешуге тап­тыр­майтын тәсіл. Неге оны пайдалан­басқа? – дейді депутат Дәния Еспаева. Айта кетейік, салымшылар жи­нақ­тың шекті мөлшерден асқан бір бө­­лігін үй немесе жер сатып алуға, ипо­­те­ка қарызын жабуға, оқуға, же­ке­меншік компанияларға инвестиция ретінде құюға құқылы. БЖЗҚ 721 мың аза­матқа қордан шамамен 1,4 трлн теңге таратуы ықтимал. Алайда қарсы тараптың уәжіне құлақ түрсек, зей­нетақы жүйесінің басты міндеті – қам­сыз қарттыққа кепілдік беру, яғни қар­тайғанда кедейлікке ұшырау қаупін тө­мендету. Ал жинақты мерзімінен бұрын жұмсап жіберу негізгі мақсатқа қарсы жұмыс істейді. – Көбі қолдаса, мен қар­сымын. Азаматтар зейнетақы жинағын бүгін жеп қойса, ертең қалай күнелтеді? Қазір жұмсап жіберсе, елдің экономикалық жағ­дайы қандай болады? Тіпті, болашақта қарттарға бюджеттен зейнетақы төлеуіміз мүмкін. Яғ­ни, мемлекетке салмақ түседі. Бірақ қазіргі Үкімет оны ой­ламайды, 10-20 жылдан кейін ғана бас қатыра бастайды. Бар ауырт­пашылықты келешек ұрпаққа қалдырып отырмыз. Ұзақмерзімді перспективада тиімсіз нәрсе. Ендеше биліктің не көздегені бар дейсіз ғой. Тү­сіндірейін. Қазақ­­станда 2,5 млн-нан астам адамның үйі жоқ. 500 мыңы – кезекте тұрған мем­лекеттік қызметкерлер, тұр­мысы нашарлар, мүгедектер, тағы сол сияқтылар. Оларға Үкі­меттің үй салып беруге шамасы келмейді. Ол кісілердің де өз бетімен үй са­тып алуға табысы жетпейді. Сон­­­дықтан Үкімет әлеуметтік шие­­леністі уақытша жеңілдетуді мақсат тұтқан сияқты. Ал ертең азаматтар ипотекасын төлей ала ма, пандемия қаншаға созылады, халықтың кірісі, үй­­­лердің сапасы қандай болады – оны ешкім ойламайды. Ме­­­­ніңше, бұл – популистік шешім, – дейді эко­номист Шолпан Әйтенова. Популистік шешім дегенді кезінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаях­­­­­­метова да айтқан. Оның ойынша, салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын­дағы жинағын шешіп алса, ин­фляция шарықтап, алып­сатарлық асқынады. – Бұл – бірреттік науқан. Салымшылардың 6 пайызын ғана қамтиды. Зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі бар адамдар тап осы қаржыға мұқтаж емес. Ал тұрмысы нашар отбасылар қор­дағы жинаққа қол жеткізе ал­майды. Бұл бастама мемлекетке тиімсіз: инфляцияның қысымын күшейтеді, алыпсатарлыққа жол ашады, экономикаға кесірін тигі­зеді. Жалпы, зейнетақы қо­рын мерзімінен бұрын пай­да­лану – популистік шара. Зей­нетақы жина­­­­луы керек. Жинақ үй алуға емес, аннуитетке бағыт­талуы керек, – деген-ді топ-ме­неджер. Банкирге сенсек, идея ав­торлары халықтың нақты жағ­дайын ескермеген. Қазіргі таңда 6 миллионға жуық азаматтың жинағы 500 мың теңгеге де жет­пейді. Демек, салым­шы­лардың 94 пайызына зей­нетақы жинағы әзірге жабық. зейнетақы Экономист Олжас Құдай­бер­геновтің пайым­дауынша, бен­зинді арзандату, қызмет көр­сету түрлерін тегін қылу, кредитті кешіру сияқты бас­тамалар – шын мәнінде популизм. Себебі ұсы­нысты жүзеге асы­рудың нақ­ты механизмі жоқ. Ал зей­нетақы қорындағы жинағын тұтынудың жөні бөлек. – Бұл жерде тегін ештеңе жоқ. Керісінше, азаматтарға дамыған елдердегі секілді зейнетақы қо­рындағы ақшасын үй алуға не­месе емделуге алу ұсынылған. Әлемде азаматтардың зейнетақы жи­нағын қажетіне қарай пай­далану қалыпты нәрсе деп қа­былданады. Мұны жоққа шығару қате және бұл мүмкіндік тұрмысы нашар азаматтарға емес, орта тап өкіл­деріне беріліп отыр. Бұған дейін үнемі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ғана жағ­дай жасалып келді. Ал жұмыс істеп, салық төлейтін орта тап өкілдері назардан тыс қала бер­ді, – дейді маман. Мәжіліс депутаты Шафкат Өтемісовтің пікірінше, бұл ре­форма қоғамдағы еңбек қа­ты­насын реттеп, зейнетақы жүйе­сін дамытатын пәрменді құралға айналады. – Зейнетақы реформасы экономикаға мультипликативті әсер береді. Мысалы, қордағы ақша экономикаға жөнді жұмыс істеп жатқан жоқ. Егер сол ақ­шаны үй сатып алуға жұмсаса, біріншіден, халықтың бір бөлігі баспаналы болады да, үлкен әлеуметтік мәселе шешіледі. Екін­шіден, тұрғындар сол пә­тердің ипотекасын төлейді. Үшіншіден, жаңа үйлерге сұ­раныс туады. Сұраныс туған соң құ­рылыс саласы жанданады. Осы­­ның бәрін есептеу керек. 700 мың адам деген аз емес. Қазір соншама азамат баспанасыз қи­­налып жүр. Біреулер пәтер жал­­­дайды, біреу­лер «времянкада» тұрады. Соларға азды-көпті кө­мек болсын дейміз. Жарты мил­лион адамның үй мәселесі ше­шілсе, несі жаман? – дейді халық қа­лаулысы. Тұрғын үй демекші, риэл­торлар зейнетақы қорындағы ақша жаппай нарыққа шыға­рылса, баспана бағасы өсіп, әр шаршы метрі 5 пайызға дейін қымбаттайды деп жора­­­мал­дайды. Экономистердің есебінше, бұл науқан алыпсатарлық пен инфляцияға негіз болмайды. Өйт­кені қордан алынған ақша­ның 60-70 пайызы несие төлеуге жұмсалады. Ал несиенің басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлестірілген. Яғни, қарыз кері қайтады. Ақшаның қалған 30-40 пайызы – шамамен 420-680 млрд теңге тұрғын үй сатып алуға кетуі мүмкін. Дәл осы қара­жат тұрғын үйге сұраныстың қайта артуына септігін тигізбек.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ