Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану көптен бері талқыланып келе жатқан тақырып. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында осы мәселені 2019 жылдың аяғына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырған. Жуырда заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Депутаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдаған. Зейнетақы реформасы шын мәнінде еліміздің қаржы жүйесіне тиімді ме?
Халық қалаулыларының заң жобасына бір кісідей дауыс бергенін ескерсек, аталмыш құжаттың көп ұзамай Мәжілісте екінші оқылымнан да өтіп, Сенатта қолдау табатыны анық. – Президент құжатқа жыл соңына дейін қол қояды деп ойлаймын. Себебі келесі жылдан бастап осы механизм іске қосылуы керек. Өз басым өте дұрыс бастама деп санаймын. Бұл – қазіргі баспана мәселесін шешуге таптырмайтын тәсіл. Неге оны пайдаланбасқа? – дейді депутат Дәния Еспаева. Айта кетейік, салымшылар жинақтың шекті мөлшерден асқан бір бөлігін үй немесе жер сатып алуға, ипотека қарызын жабуға, оқуға, жекеменшік компанияларға инвестиция ретінде құюға құқылы. БЖЗҚ 721 мың азаматқа қордан шамамен 1,4 трлн теңге таратуы ықтимал. Алайда қарсы тараптың уәжіне құлақ түрсек, зейнетақы жүйесінің басты міндеті – қамсыз қарттыққа кепілдік беру, яғни қартайғанда кедейлікке ұшырау қаупін төмендету. Ал жинақты мерзімінен бұрын жұмсап жіберу негізгі мақсатқа қарсы жұмыс істейді. – Көбі қолдаса, мен қарсымын. Азаматтар зейнетақы жинағын бүгін жеп қойса, ертең қалай күнелтеді? Қазір жұмсап жіберсе, елдің экономикалық жағдайы қандай болады? Тіпті, болашақта қарттарға бюджеттен зейнетақы төлеуіміз мүмкін. Яғни, мемлекетке салмақ түседі. Бірақ қазіргі Үкімет оны ойламайды, 10-20 жылдан кейін ғана бас қатыра бастайды. Бар ауыртпашылықты келешек ұрпаққа қалдырып отырмыз. Ұзақмерзімді перспективада тиімсіз нәрсе. Ендеше биліктің не көздегені бар дейсіз ғой. Түсіндірейін. Қазақстанда 2,5 млн-нан астам адамның үйі жоқ. 500 мыңы – кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлер, тұрмысы нашарлар, мүгедектер, тағы сол сияқтылар. Оларға Үкіметтің үй салып беруге шамасы келмейді. Ол кісілердің де өз бетімен үй сатып алуға табысы жетпейді. Сондықтан Үкімет әлеуметтік шиеленісті уақытша жеңілдетуді мақсат тұтқан сияқты. Ал ертең азаматтар ипотекасын төлей ала ма, пандемия қаншаға созылады, халықтың кірісі, үйлердің сапасы қандай болады – оны ешкім ойламайды. Меніңше, бұл – популистік шешім, – дейді экономист Шолпан Әйтенова. Популистік шешім дегенді кезінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова да айтқан. Оның ойынша, салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын шешіп алса, инфляция шарықтап, алыпсатарлық асқынады. – Бұл – бірреттік науқан. Салымшылардың 6 пайызын ғана қамтиды. Зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі бар адамдар тап осы қаржыға мұқтаж емес. Ал тұрмысы нашар отбасылар қордағы жинаққа қол жеткізе алмайды. Бұл бастама мемлекетке тиімсіз: инфляцияның қысымын күшейтеді, алыпсатарлыққа жол ашады, экономикаға кесірін тигізеді. Жалпы, зейнетақы қорын мерзімінен бұрын пайдалану – популистік шара. Зейнетақы жиналуы керек. Жинақ үй алуға емес, аннуитетке бағытталуы керек, – деген-ді топ-менеджер. Банкирге сенсек, идея авторлары халықтың нақты жағдайын ескермеген. Қазіргі таңда 6 миллионға жуық азаматтың жинағы 500 мың теңгеге де жетпейді. Демек, салымшылардың 94 пайызына зейнетақы жинағы әзірге жабық.Еркебұлан НҰРЕКЕШ