Пандемия әлем жұртшылығын дүрбелеңге салғалы адамзатта бір ғана мақсат болғандай еді, ол – коронавирусқа қарсы екпені әзірлеу. Бірақ вакцина дайындау ісі алпауыт елдер үшін бәсеке алаңына айналып шыға келді. Адам ғұмырына жанашырлықтан емес, бақталастықтан туған әрекет енді жемісін бермей жатқандай.
Өзгелерді сынаған Ресей жаңылысты
Жазда клиникалық кезеңде тұрған Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының екпесі сәтсіздікке ұшыраған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы вакцинадан үміт күткен болатын. Осы оқиғадан кейін Ресейдің ақпарат құралдары әлем назарын өздеріне бұрғысы келгендей әсер қалдырды. Тіпті, АҚШ пен Қытайдың өзі коронавирус инфекциясына қарсы екпені дайындап үлгермей жатқанда Ресей екпені алғашқылардың бірі ретінде шығарып, тіркеп қойғанын айтып жар салды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған қатысты мүлде мәлімдеме жасаған жоқ. Осыдан-ақ Ресей вакцинасына күмән келтірер жөніміз бар. 11 тамызда Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирусқа қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Путин екпенің өте тиімді екенін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті. Әйтеуір еліміздің әуелден «аты бар, заты жоқ» ресейлік вакцинаға қызығып шыға келгенін ұқпай дал болғанымыз жасырын емес. Ол жайлы сәл кейінірек. Бірінші өзгелерден өзін зор санаған Ресей вакцинасының қазіргі жағдайын шолып көрейік. Ресейдің сынақтан өтпей жатып тіркеп жүргені – Гамалея атындағы институт әзірлеген коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы. Институт осы мақсатта 100 млн рубль шығындаған. Қыркүйектің басында Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі екпенің адамдарға арналған алғашқы партиясын шығарғанын мәлімдеді. Көп ұзамай «Спутниктің» клиникалық сынағының соңғы кезеңі басталды. Оған 40 мыңға жуық ерікті қатысып жатыр. Вакцина араға үш апта салып екі рет егіледі. Егер ерікті қайтыс болса, жақындарына 2 млн рубль, ал бірінші топтағы мүгедек болып қалса, 1,5 млн рубль төленеді. Медицина сарапшылары вакцинаны қазір қолданысқа шығарудың қауіпті эксперимент екенін айтса да, «үздікке» балаған екпе сынаққа қатысқан адамдарға жаппай кері әсер етіп жатыр. Еріктілердің дене қызуы 40 градустан асып, жүрек қағысы минутына – 140-160-қа барған. Одан бөлек үздіксіз қалшылдап, дірілдегендерін айтыпты. Алайда Ресейдің билік өкілдері мен медицина саласының жетекшілері екпеге шаң жуытқысы келмейтіндей. Вакцинаны танымал адамдар да қабылдағанға ұқсайды. Мәселен, соның бірі – Владимир Путиннің қызы Катерина Тихонова да вакцина салғызыпты. Ал «Открытые медиа» ресурсына сұхбат берген Ресей фармацевтика нарығы өкілдерінің жауабы бір арнада тоғысыпты. «Екпенің тиімділігі енді маңызды емес. Бастысы – Ресей бүкіл әлемнің алдында келеді. «Спутник» нашар болып шықса да, түк етпейді. Қысқа қарай тағы да вакцина жасалады, бірі жақсы әсер етіп қалар» дейді олар. Аңғарсаңыз, ресейліктер үшін әлемде «үздік болу» маңызды, бірақ іс жүзінде олай емес секілді. Адамдардың қауіпсіздігі мен өміріне назар салып отырғанын көрмейміз. Енді бір сауал, «Қазақстан неге Ресей вакцинасына құмартты?». Талай қозғалған мәселе болса да, өзектілігін жоймаған сұрақтың бірі осы болатын. Расында, нәтижесі бұлыңғыр дүниеге иек артқымыз келетіні қалай?Өзі жарымаған өзгені жарытпас
Ресей вакцинасын сатып алу жайлы әңгіме шыққалы көп даудың тиегі ағытылды. Бұған қарсы пікір айтқандардың қарасы көп болған. «Еліміз Ресейдің сынақ алаңына айнала ма?» деген де даурықпа сөз тарады. Осы шағын дүрбелеңді басқысы келді ме, тамыз айының ортасында Денсаулық сақтау министрлігі «Еліміз COVID-19-ға қарсы ресейлік жаңа вакцинаны сатып алуды жоспарлап отырған жоқ. Сынақтар аяқталғанға дейін күте тұрамыз» деп хабарлады. Бұдан кейін «Қазақстан мен Ресей коронавирусқа қарсы вакцинаны жеткізу туралы келісімге қол қойды» деген ақпарат тарады. Шынында да, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко кездесті. Бұл келіссөз бойынша екпенің 2 миллионнан астам данасы елге жеткізілмек болған. Кейін ол 5 миллионға дейін артуы мүмкін екені қоса айтылды. Қазақстан үшін вакцинаның қажетті көлемін Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы жасап беруге дайын екен. Оны Қазақстанға «Ресейдің тікелей инвестициялар қоры» тасымалдап бермек екен. Тамызда Денсаулық сақтау министрлігінің экс-ресми өкілі Бағдат Қожахметов «әзірге Қазақстан вакцина сатып алу жөніндегі ешқандай келісімшартқа қол қойған жоқ. Өйткені ол вакцина сынақтардың төртінші, клиникалық кезеңінен әлі өткен жоқ. Сондай-ақ вакцина тек ресейлік сертификаттаулардан ғана емес, халықаралық сертификаттардан да өтуі тиіс. Сондықтан бұл сұрақ бойынша әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ» деген. Соңында бұл әңгіме жылы жабылды. Қазір клиникалық сынағы сәтсіз өтіп жатқан ресейлік екпенің жай-күйі белгілі. Медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев те Ресей вакцинасына күмән келтіретінін жасырмады. – Ресей ғалымдары дайындап жатқан екпе әлі дәлелденген жоқ. Оның тиімділігін анықтау үшін кемінде 1 000 адамға егу керек. Сосын қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Оған біраз уақыт қажет. Білуімше, бұл екпе қаңтар айында дайын болады деген. Қазір АҚШ-та екпе дайындап жатыр. Міне, олардың екпесі тиімді әрі қауіпсіз болуы мүмкін. Ал Ресейдің екпесіне күмәнім бар. Егер зертхана иелерінің сөзіне сенсек, біздегі халықтың 60-70 пайызында ПТР-тестте коронавирус инфекциясы анықталмаса да, антидене қалыптасып үлгерген. Бұл бізде ұжымдық иммунитет жүріп жатыр деген сөз. Сондықтан Қазақстан халқының 60-70 пайызы симптомсыз түрде де, ауыр түрде де COVID-19 диагнозына шалдықты. Демек, бұл адамдарға екпе салудың қажеті жоқ. Екпе не үшін салынады? Екпе – ұжымдық иммунитетті көтеру үшін керек. Адам вирус жұқтырғанын білмей, екпе салдырса, онда аутизмдік дертке шалдығуы мүмкін. Тіпті, мутацияға ұшырауы ықтимал. Бұл – қауіпті. Сол себептен екпені инфекция жұқтырмаған адамға салу қажет. Ал мұны кім зерттеп жатыр, – дейді ол. Түйіндей келе айтарымыз, әлемде дайындалып жатқан вакциналардың көбі клиникалық кезеңге келіп сүрініп отыр. Ал Ресейдің екпе әзірлеудегі қазіргі амалын жанкештілікке балаймыз ба, әлде сол баяғы «үздік» болуға ұмтылыс па, ол жағы беймәлім. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі «вакцинаны әлі алмаймыз» деп даудың түйінін қойған. Сонымен, вакцина бәсекесінде ешкімнің де асығы алшысынан түсіп тұрған жоқ.Мадияр ТӨЛЕУ