Жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай бағдарламасы көптің көңілінен шықты. Бір ғана Алматы қаласында бағдарламаның 6-пул кезегі бастау алмақ. Қала әкімдігі 5-9 қараша аралығында жұмыс істеп жатқан жастар арасында Наурызбай ауданында жалдамалы пәтерге ие болу үшін өтініш берудің басталғанын хабарлады. Жинаған ұпай мен бағы қатар шапқандар Alma City-5 шағынауданындағы бір бөлмелі 350 пәтердің бірін иелене алады. Ал ұпай жинау үшін не қажет? Бағдарламаға қанша рет өтініш тапсыруға болады?
2019 жылы Елбасының нұсқауымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында жұмыс істейтін жастарды 3 мың жалдамалы пәтермен қамту бағдарламасы іске қосылған-ды. Содан бері әр мегаполистегі жауаптылар пәтерді кезең-кезеңімен тапсыруды бастап кеткен. Мысалы, Алматы қаласында almaty-jastary.kz сайты арқылы бағдарламаның қыр-сырымен танысасыз. Өтініш берушілердің дені сайттың тиімді екенін атап өтті. «Бағдарлама мегаполистерде жұмыс істеп жүрген жастар үшін тиімді. Сұранысқа ие 100 мамандық жайына да мән берген. Бір ғана Алматы қаласын алатын болсақ, бізде өтінім беру арнайы сайт арқылы жүзеге асады. Басқа қалалармен салыстырғанда, Алматы қаласында өтінім беру жүйелендірілген. Яғни, арнайы сайттан іздегеніңізді табасыз. Өзім екі рет өтініш бердім. Әрі алдыңғы кезеңдердің қалай аяқталғаны, нәтижесі жазылған. Бұл ұпай есептеуде, пәтер алу-алмау көрсеткішіңді бағалау үшін ыңғайлы», – дейді Алматы студенттер Альянсы ұйымының төрағасы Жасұлан Бостандықұлы. Ал бағдарлама арқылы жалдамалы пәтерге ие болудың шартына аз-кем тоқталайық. Өйткені алғашында жастардың айлық табысы 101 мың теңгеден кем болмауы қажет еді. Жаңа өзгерістерге сәйкес қазір міндетті жалақы мөлшері – 110 мың теңге. Ұпай есептеуге келсек, сұранысқа ие 100 мамандықтың бірін меңгерген өтінім берушіге 10 ұпай қосылады. Некеге тұрған жастарға 5 балл, отбасындағы әр балаға 5 ұпай және жеке бизнесі бар тұлғаға 5 балл қосылады. Айта кетерлігі, бұрын жалдамалы пәтерді қала шетінде орналасқан тұрғын үйлерден берген болса, қазір Наурызбай ауданынан пәтерлі болуға мүмкіндік бар.Екі рет өтініш бердім
«Былтыр бірінші кезеңде 200-ден астам пәтер берілді. Өтініш тапсырғандардың ішінде мен де бармын. Жинаған ұпайым жетпегесін, екінші кезеңде тағы да өтініш тапсырдым. Қателеспесем, бірінші кезеңде ең төменгі ұпай 14 болды. Ал менің жинаған ұпайым – 6. Бастапқыда тұрғын үйлерді Алатау ауданынан берген, қазір Наурызбай ауданы да қосылған екен. Өзім екінші кезең қорытындысы бойынша Аққент тұрғын үй кешенінен пәтер алдым. Айына 11 мың теңге пәтерақы төлеймін», – дейді Барлық Нұрсерікұлы. Иә, жалдамалы пәтерге қолы жеткен жастар 8-12 мың теңге аралығында пәтерақы төлейді. Төлем құны пәтердің шаршы метріне қарай өзгереді. Бастысы, бағдарлама жастардың пәтерақыға жұмсайтын шығынын қысқартып, банктегі есепшотқа ақша жинауын көздейді. Мәселен, жобаға екі рет өтініш берген Жасұлан Бостандықұлы есепшотты әуелгіден ашпағанына өкінетінін айтып қалды. «Осы жылдың басында бағдарламаға өтініш бердім. Алматы қаласындағы тіркеудің уақытына байланысты конкурстан шеттетіліп қалдым. Яғни, шарт бойынша 2 жыл тұрақты тіркеуде тұру керек. Менде бірнеше ай жетпей қалды. Одан кейін жалақым жетпеді. Бұрын айлық табыс мөлшері 101 мың теңге еді. Қазір 6-кезең өтіп жатыр. Құжаттарымды тапсырдым. Тұрғылықты мекенжайым бойынша барлығы сәйкес келіп тұр. Оның үстіне, есепшот ашу мәселесіне мән берілген. Осы жолы кемшілігім банктегі депозитімнің уақытында болуы мүмкін. Өйткені есепшот ашқаныма 2 жыл болды. Мүмкіндігінше депозит мерзімі көп болса, ұпай қосылады. Мерзімі неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым жақсы. Қазір құжат тапсырғанда бәрін ескеріп отырмын», – дейді Жасұлан Бостандықұлы. Бағдарлама шартына мән берсек, сіз әр кезең сайын өтініш бере аласыз. Тек құжаттарыңыз жоба талабына сәйкес болуы керек. Айтпақшы, бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар қатысады. Бірақ өтініш берушілердің сөзіне мән берсек, шаһарда тұратын жергілікті жастар бағдарламаға қатысуға құлықсыз. Олар аталған бағдарламаға қатысқанша, ипотекамен үй алуды ойлайды.Бағдарламаға қатысқысы жоқ
«Бағдарлама туралы Зерендіде өткен республикалық жастар лагерінде естідім. Сол жерде министрлік өкілдері жобаның артықшылығын түсіндірді. Әлеуметтік желіде де бағдарлама туралы ақпарат көп. Алғашында кешкісін жұмыста отырып-ақ бағдарламаға өтініш бердім. Құжаттарды ЭЦҚ кілті арқылы онлайн тапсырдым. Әрине, достарыма жалдамалы пәтер алуға кеңес бергенім бар. Бірақ таныстарым бұл бағдарламамен пәтер алғысы келмейді. Әйтпесе, тұрақты тіркеуі бар, айлық табысы жеткілікті бірнеше танысым бар. Білуімше, қаланың жергілікті жастары бағдарламаға өтініш беруге құлықсыз. Олар бұған қарағанда ипотекамен үйлі болғанды жөн көреді», – дейді Барлық Нұрсерікұлы. Иә, жастар шамасы келсе ипотека рәсімдегісі келеді. Бар тапқанын соған салып, қаржы нарығындағы жағдайды бақылайды. Неге? Өйткені көкейде «инфляция бола қалса, төлеп жүрген ақшап түк болмай қалар» деген алдамшы үміт бар. «Жастардың ойында «бес жыл осында байланып қаламын ба?» деген сұрақ бар. Бұған қоса, инфляция деген ұғым тағы бар. Мысалы, қазір 100 мың теңге 5 жылдан кейін құнсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан олар барынша ипотекамен үй алып, айына 100 мың теңгесін соған құюды жөн көреді. Айта кетерлігі, қазір жастардың қолында бастапқы төлем жоқ. Банк арқылы үй алғыңыз келсе, кемінде 3 жыл банкке ақша жинауыңыз керек. Сонда кіріс-шығыс анықтамасынсыз үй алуыңыз мүмкін. Оның өзінде нақты емес, әйтеуір бір үміт. Ол үшін үнемі есепшотқа ақша салып отыру керек. Ал қазір жастардың орташа жалақысы қанша? Ары кетсе, 150 мың теңге болар. 150 мың теңге жалақымен банкке барсаңыз, сізге үйді ипотекаға бермейді», – дейді Алматы студенттер Альянсы ұйымының төрағасы Жасұлан Бостандықұлы. Сондықтан ұйым төрағасы мемлекет жасаған жағдайды пайдаланып, жалдамалы пәтер алуға кеңес береді. Ал жастарға «артық ақшаң болса, есепшотқа сал» деп айтудан жалықпайды. Өйткені тұрғын үйге қатысты қандай бағдарлама шықса да, айналып келіп есепшоттың мерзіміне келіп тіреледі екен.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ