Ақыл-есінде ақауы бардың сотта өші бар секілді
Ақыл-есінде ақауы бардың сотта өші бар секілді
187
оқылды

2011 жылғы  қарашадағы террорлық актіні тараздықтар ұмыта қойған жоқ. Лаңкес Мақсат Кариев бір күнде бүкіл шаһарды аяғынан  тік тұрғызып, қарапайым дүкен сатушысынан бастап тәртіп сақшыларына дейін ажал құштырды. Онымен қоймай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ғи­маратын гранотометпен атқылап, соңында  ізіне түскен  капитан Ғазиз Бай­тасовпен бірге гранатаға жарылып өлді. Аталған қанды оқиға болғалы бері 9 жыл өтсе де, бұл террорлық акт  құқық қорғау қызметкерлеріне сабақ бол­мағандай. Олай дейтініміз – күні кеше  №2 Тараз қалалық сотын жармақшы болған азаматтың әрекеті осындай ойға қалдырды.

Негізі, 2011 жылғы лаңкестік оқиғадан кейін құқық қорғау саласы  қауіпсіздікті күшейтіп, кеңселеріне кіріп-шығушыларды қырағы қадағалауға алған. Тіпті, Жамбыл облыстық Полиция департаменті айналасын сымтемірмен  қоршап, арнайы бақылау бекетін де қойған. Алайда қауіпсіздікке жауапты мекемелер Қазақстанның атынан үкім шығаратын сот сияқты мекемелерді назардан тыс қалдырғандай. Себебі 5 қараша күні №2 Тараз қалалық сотына еш кедергісіз кіріп, «граната жарамын»  деген азаматқа ешкім тосқауыл бола алмаған. Тіпті, ғимаратқа кірген адамды күзет қызметі де тексермеген. Тек облыстық Полиция департаментіне түскен шақыртудан кейін ғана арнайы жасақ сарбаздары күдікті азаматты  құрықтады. «2020 жылдың 5 қарашасы күні сағат 09.10-да облыстық Полиция департаментінің кезекші бөліміне №2 Тараз қалалық сотының кіреберісінде белгісіз азамат гранат жарылғыш затын жармақшы болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары 49 жастағы қала тұрғынын құрықтады. Тексеріс барысында одан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Одан бөлек, ұсталған күдіктінің ақыл-есі кем ретінде психикалық диспансерде тіркеуде тұрғаны белгілі болды», – дейді  департаменттің ресми хабарламасында. Кейіннен белгілі болғаны, Полиция департаментіне шақырту қалалық соттың ішінен түскен екен. Ал арнайы жасақ келгенге дейін лаңкес сот ғимаратының ішінде емін-еркін жүрген. Яғни, оған қарсы тұрар күзет қызметі де, өзгесі де болмаған. Абырой болғанда, күдіктіні ұстап, тінту барысында одан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Ал шын мәнінде сөмкесінде гранат болғанда қайтер едік? Арнайы жасақ жеткенде  Мақсат Кариев  сынды жарылғыш затты іске қосып жібергенде не болар еді? Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Негізі, бұл қалалық сотта орын алып отырған  бірінші оқиға  емес. Осыдан бірер жыл бұрын сот отырысына мылтық алып кірген азамат сотты  атамын деп, өзі мерт болған. Оқиғаны басынан тарқатып айтсақ, сот  Шоқан Кенжеханов  «Альянс Consumer Finance» ЖШС мен Малик Исмайлов арасындағы берешекті өтемеу туралы аза­маттық істі қарайды. Бірінші сот оты­рысын­да Исмайлов «Альянс Consumer Finance» ЖШС-інде  510 мың теңге көлемінде  несие­лік қарызы барын  білмейтінін айтып,  бұл жайында үйіндегілерден сұрап келуді өтінеді. Кейінгі шегерілген соттың екінші отырысында да айыпталушы кінәсін мойын­дамай, сырт- киімінің ішінен қосауыз мылтық  шығып, сотқа кезенеді. Сол сәтте судья  Шоқан Кенжеханов Исмайловке қарсы жүгіріп, екеуі  қаруға таласа кетеді. Осы кезде  мылтық абайсызда атылып  кетіп, айыпталушы Исмайлов оқиға орнында мерт болады. Қаза тапқан Малик Исмайловтың   қалта­ларын тексеру  барысында одан  тағы екі оқ табылады. Сонымен қатар қоштасу хаты да шығады. Онда айыпталушы сотты, банк өкілін, сот хатшысын және соңында өзін өлтірмек болғанын жазған. Осылайша, айыпталушы өзі үкім шығармақ болған екен. Аталған оқиғадан кейін Исмайловтың қаруды сот залына қалай алып кіргені көпті  таңғалдырды. Ал қауіпсіздік қызметіне жа­уапты мамандар соттағы күзет қызметі көз­бояушылық үшін ғана тұрғанын мойын­дады. Егер сот  Шоқан Кенжеханов өзіне мылтық кезеніп тұрған азаматқа қарай жүгірмегенде бұл оқиғаның да арты немен аяқталары бір Құдайға мәлім. Сот қызметінде кейінгі жылдары болған осы екі оқиғаны ғана мысалға алсақ, онда шын мәнінде соттар қорғансыз екенін аңғару қиын емес. Қазақстанның атынан үкім шығаратын құқықтық мекеменің қауіпсіздігі осындай күйде болса, басқасынан не қайыр? Сансыз қылмыскердің жазасы айтылатын  сот ғимаратына неге  қос-қостан күзетші  қоймасқа? Тіпті, мұнда арнайы жасақтың бір сарбазы тұрса да артықтық  етпейді. Себебі жазасын естіп шыққан азамат  қандай күйде болатыны белгісіз. Сондықтан ең бірінші соттың қауіпсіздігіне қырағы көңіл бөлу керек. Әйтпесе, Малик Исмайлов сияқты айыпталушылар сотқа мылтық қана емес, күні ертең жоғарыда аталған 49 жасар азамат сынды жарылғыш зат  алып келсе қайтеміз?.. Айтпақшы, қалалық сотта құрықталған екі күдіктіні де құқық қорғау органдары ақыл-есі кем ретінде тіркеуде тұрғанын мәлімдеді. Әрине, бұл жай сәйкестік шығар.  Алайда ақыл-есінде ақауы бар азаматтар  сотты ғана  қорқытатыны қызық екен...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы