Елордада 10 жылдан бері алғаш рет спортшыларға төленетін төлемақы көбейді. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Әкімнің айтуынша, бұқаралық спортты дамыту мақсатында тиісті мекемелерге бірқатар тапсырма берілген. «Бірінші. Жаңа оқу жылының басынан бастап, жоғары білім алуға әкімдік гранттарын бөлуді тапсырдым (спорт бағыты бойынша). Бұл оқушыларды ынталандырып қана қоймай, олардың осы бағытта кәсіби білім алуына мүмкіндік береді. Екінші. Спорттағы әр жетістік жылдар бойғы дайындық жұмыстары мен үлкен ерік-жігердің арқасында келеді. Студенттердің денсаулығын арнайы мамандар, дәрігерлер жіті бақылап, уақытылы көмектесуі керек. Штатқа спорт дәрігерлерін оқытатын мамандандырылған мектептерді енгізу мәселесін зерттейміз. Үшінші. Спорт мектептеріне спорт мекемелері мен кешендерінде сабақтар өткізуге, арнайы жаттығу киімін сатып алуға, жарыс пен жаттығу кезінде студенттерді тасымалдауға және басқа мәселелер бойынша қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Төртінші. Осы жылдың қазан айынан бастап ай сайынғы материалдық төлемақының мөлшері ұлғайды. Соңғы 10 жыл өзгеріссіз қалған екен. Қазақстан құрама командаларының құрамына кіретін және құрама сапында өнер көрсететін спортшыларға, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына төленетін еңбекақы көлемін ұлғайту аса маңызды. Спортпен айналысуы үшін қосымша ынталандыру. Егер бұрын ұлттық құрамаға кірген 84 спортшы ғана ай сайынғы төлемді алса, енді олардың саны екі еседен астам өсті. Бесінші. Биыл бірқатар спорт мекемелері жөнделді. Үш елді мекенде ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы тағы біреуінің құрылысы басталмақ. Онда тұрғындар түрлі спорт түрлерімен тегін айналысып, бос уақытын өткізе алады» делінген жазбада.Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ