Елімізде 2007 жылы «Ойын бизнесі туралы» заң күшіне еніп, қаладағы казинолар мен ойын автоматтарының жұмыстары тоқтатылған болатын. Осы заң бойынша елде ойын бизнесін тек екі жерде – Қапшағай мен Щучинскте ұйымдастыруға ғана рұқсат етілді. Содан бері 12 жылдай уақыт өтсе де, ойынханалар әлі жұмыс істеп тұр. Неге?
Қазақстанда арнайы аймақтан өзге жерде қызметіне заңмен тыйым салынғаннан кейін жасырын жұмыс істеуге көшкен казиноларды заң орындары үлкен қалаларда әшкерелеуде. Алайда көлеңкелі бизнесті біржолата жоюға мемлекеттің дәрмені жетпей отыр. Нақты деректермен мысал келтірсек. Мәселен, 2019 жылдың ақпан айында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, заңсыз ойын орны анықталды. Казино Қызылорда қаласы сауналарының бірінен табылды, анықтау барысында онда 532 000 теңге, 645 АҚШ доллары, покер столы мен фишкалар және ойын картасы айналымнан алынды.
Елімізде ойын бизнесі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында пайда болды. Бірден «қалтамды ұтыс ақшаға толтырсам» деген құмарлықпен ойынға бастары байланғандарды «Лудомания» дертімен ауырады деп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ойындардың психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, оны аса қауіпті сырқат қатарына жатқызып, дабыл қақты.
Ойыншы болса, өз қолымен ақшасын салып жатса, көлеңкелі бизнес қарыштамағанда қайтсін! Жансыз автомат салдарынан ата-ананың тапқан ақшасы, артқан сенімі, үміті бекерге кетсе, әрі мұның кесірі талай шаңырақтың берекесін қашырып, ойрандап жатыр. «Анда-санда ойнаймын», «қалтамда бар 200 теңгені салып, кәдімгідей көтеріп алғансың ғой» деп ойын әлеміне кіріп кетіп, шыға алмай жүргендердің нақты санын ешкім айта алмаса керек. «Лотерея киоскісі» деген атпен жұмыс істеп жатқан құмар ойын автоматтарын әр қаладан кездестіруге болады. Оның айналасында жүргендер – оңай олжаға кенелгісі келетіндер. Ойыншының құмарлығын оятатын бұл автоматтар қоғам үшін де өте қауіпті. Иә, қаупі жағынан құмар ойындарға тәуелділік нашаға немесе маскүнемдікке тәуелділіктен еш қалыспайды.
Бүгінгі күні ойын автоматтарымен қатар букмекерлік кеңселер де есіктерін айқара ашып тастаған. Бір кездері казиноның есігіне қара құлып салынғанда, құмархананың қызметіне тосқауыл болады деген үміт пайда болған еді. Керісінше, казиноға ағылатындар саны арта түскенін статистика да растап отыр. Қазақстанның «Лас-Вегасы» атанып кеткен Қапшағай казиносы ақша табудан оқ бойы озық тұр. Ойын автоматтарының өткен жылғы табысы 5,4 млрд теңгеге жеткен. Ал Бурабай курорттық аймағындағы казинолардың шығысынан гөрі кірісі жылдан-жылға көбейіп келеді. Яғни, табыс жағынан республика бойынша – екінші орында. Ақмола облысында ойын ошақтарына жиі бас сұғып, казино қожайынының қалтасын қампайтатындардың қарасы қалың. Алматы қаласының өзінде бәс тігетін орталықтардың біржылдық табысы 232 млн теңгеге жуықтаған. Тез баюға деген құмарлық ең әуелі кірісі төмен адамдарды, әсіресе жастарды баурап алуда. Бүгінде желіккен жастар спортшылар мен командалардың бағы мен бабы үшін қалтасындағы бар қаражатын тігуді әдетке айналдырды. Парламент қабырғасында да депутаттар бұл мәселені талай мәрте көтергенімен, әзірге еш нәтиже жоқ. Сондай-ақ ақшаға құныққандар астыртын казино мен заңсыз ойын автоматтарын ашып, «құмарлық» деген отты қайта лаулатып келеді. Ешбір ережеге бағынбай, ебін тапқандарды есептесек, ойынханалардың иелері қап-қап қаражатты қалталап жатқанын байқауға болады.
Жақында Мәжіліс депутаттарының «Ойын бизнесі туралы» заң жобасын қайта қарап жатқаны айтылды. Бұл құжат қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? Депутат Сәкен Өтебаев: «Жаңа казино аймақтарын ашу бұл туристік бизнесті дамытуды көздемейді. Бір ғана сандарды сөйлетейін. Кезінде Қапшағайда 20 шақты казино жұмыс істейтін. Қазір олардың саны төрттен аспайды. Егер бұл ойын залында ойнауға Қапшағайдың өзіне адамдар келмесе, басқа жерде, мәселен, Маңғыстау облысында сұраныс болады деп кім айтты. Сосын лото-клубтар мен лото-автоматтар жастар арасындағы игромания проблемасын шешпейді. Сондықтан біз жаңа заң жобасында лотерея бизнесінде қолданылатын автоматтарды, букмекерлік кеңселерді де казино аймақтарына шығаруды қарастырып отырмыз», – дейді.
Мәліметке сүйенсек, елімізде құмар ойынның шырмауына 350 мыңдай адам ілігіп отыр екен. Ақша тігіп ұтылып, соны қайтару мақсатында, соңғы 4 жылда 200-ден аса қылмыс жасалған. Оның ішіне қарақшылық шабуыл мен тонауды қосыңыз. Сол себепті ойын автоматтары мен букмекерлік кеңселерді де казино аймақтарына шығарса, дұрыс шешім болар еді деген ойдамыз.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ