Жуырда редакцияға «Пәлен мекеменің құрылғанына 27 жыл толуына орай» тойға шақыру келді. Бұл бізге қазақтың «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деген сөзін еске түсірді. Соңғы кездері тойдың түрі көбейіп кетті деп даурығып жүргенімізде мұнысы енді тіпті өрескел болды.
Домалақ датаны былай қойғанда, мынаның қасында 25 жылдық, 15 жылдық деп әр 5 жыл сайын той тойлап жатқанымыз жайына қалды. Енді 27 жылдық деп дүркіретіп той істеген мекемеден келер жылы 28 жылдық тойға шақыру алсақ, таң қалмайтын сияқтымыз.
Айтса айтқандай-ақ қазір тойдың түрі көп. Сәби өмірге келгеннен бастап шілдехана, бесікке салу, 1 жасқа толу, тұсаукесер, тілашар, мектепке бару, зейнет жасы, күміс той, гауһар той тағысын тағы жалғасып кете береді. Бұрынырақта әулетте 5-6 жасы үлкен әжелердің басын қосып, ырымын жасап өткізе салатын осынау жөн-жоралғыны қазір кейбір ағайындар аста-төк ұлан-ғайыр тойға ұластырып жүр. Кішкентай кезімізде әкеміз «туған күннің несі той, шындап келгенде өмірің өтіп бара жатыр» дейтін. Сол айтпақшы 70-80-90-100 жасты шүкіршілік етіп тойлауға болатын шығар. Ал енді жыл сайын әрбір туған күнді мейрамханада өткізіп, оған кемі 70-80, тіпті 200 адамға дейін шақырып дабыралатудың не қажеті бар?
Жуырда әлеуметтік желіні шулатқан тағы бір тойдың куәсі болдық. Оның аты – «Шүкіршілік» тойы. Дәстүрімізге «жаңадан енген» бұл тойдың жөні де, бәсі де бөлек болды. Жалпы, ислам дінінде ысырапшылдыққа өте қатты мән берілген. Қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді сүймейді» делінген. Сондай-ақ Исра сүресі 27-аятта «Шынында ысырапқорлар Шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббысына өте қарсы» деп ысырапшылдыққа байланысты терең түсініктеме айтылған. Ендеше Құран аяттарын жаттап алатындай атағы бар Амангелді қажының 100 рет Меккеге барып келгенін дүркіретіп тойлауы – көпшіліктің «жағасын» ұстатты.
Үлкен қажылықта 22 рет, умра қажылығында 78 рет болған ол осы уақытқа дейін 16 мыңнан астам Қазақстан қажысын Сауд Арабиясына алып баруға жетекшілік жасапты. Діни сауатын елімізде медреседен бастаған ол білімін Каир қаласындағы университетте жетілдірген. 17 жылдан бері туристік компанияда қажылық бөлімнің меңгерушісі, Рухани білім жетілдіру институтының директоры, тағысын тағы атағы дардай қажының бұл іс-әрекеті қалай болғанда да жұртшылыққа ерсі көрінді. Ұлан-ғайыр тойында ортаға уәзірлерімен шыққан патшадай болып жасанып шығуы, тойға жиналған қауымның оған таң қалып, қаумалап суретке түсіріп жатқаны – табынушылық болып кеткен жоқ па деген ой да қылаң береді.
Иә, Алла қажылығын қабыл етсін, дегенмен әлеуметтік желіні шулатқан бейнетүсірілімнен оқырмандардың түрлі пікірін көруге болады. Біреулер қажылық компанияны басқарып отырған адамның жұмысы онсызда Меккеге барумен байланысты емес пе десе, енді бірі мына әрекетімен Алланың рақымын еселеп қайтарып алған жоқ па дейді. Бірі – оның әрекетін жақтаса, тағы біреулері – мұндай астамшылықтың қажет емес екенін айтуда.
Несін айтамыз, қазір ысырапшылыққа аса жол беріп жатқанымыз рас. Той-томалақ дейсіз бе, марқұм болған адамдарды ақырғы сапарға аттандыру барысы да ысыраппен өтуде. Хадистерде: «Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал-дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма. Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!» дейді. Одан да жоқ-жітікке көмектессек сол сауап екен.
Айта кетейік, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев осы жылдың сәуір айында Премьер-министрлер мен әкімдерге және атқарушы билік өкілдеріне той-жиындарда сауық-сайран құрып жүруге тыйым салып, мейрамханалар алдында қызметтік көлік тұрған жағдайда шенеуніктерді қызметінен қуып, үстінен қылмыстық іс қозғалатынын айтқан болатын. Есесіне, шенеуніктерді жоқ-жітікке көмек көрсетуге шақырған. Одан соң елдегі той салтын сынға алып, арнайы заң қабылдауға тапсырма берген. Таяуда Өзбекстан Республикасының Олий Мәжіліс Сенаты мен заң шығару палатасы осы мәселені арнайы қарады. Өзбекстанда үйлену тойы туралы жаңа ереже қабылданды. Ереже бойынша үйлену той кортежі үш автокөліктен аспауы керек. Үйлену тойына 250 адам, ал таңертеңгілік палауға 300 адам шақыруға болады. Сонымен қатар енді үйлену тойына әншілерді шақыруға шектеу қолданылатын болады. Тойға 2 әншіден артық шақырылмайды. Әншілер мен тойды ұйымдастырушылар өзара шарт жасауға міндетті. Сондай-ақ аталған құжатта үйлену тойының уақытты 10.00-23.00, ал таңертеңгілік палау сағат 12.00-15.00 аралығында өтуі тиіс деген талап бар.
Елімізде, әсіресе той жарысы қызып тұрған шымкенттіктер үшін көрші мемлекеттің бұл бастамасы құптарлықтай-ақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев орынтаққа отырғаннан кейін-ақ журналистерге берген сұхбатында ХХІ ғасырдағы кердең мінезге даңғазалық пен ысырапшылдықты жатқызатынын, бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажетін айтқан. «Бұл туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікірімді де жазғанмын» деген еді.
Алайда елімізде Мемлекет басшысының бұл бастамасын іліп алып кететін қосшы табылмай тұр.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы