Қазір рейтинг дәуірі. Сан мен сапаға тең жауап беретін кезең. Аталған екі фактордың kundelik.kz жүйесіне қатысы бар. Әлем электронды күнделікті 1975 жылдан бастап қолданса да, әлі де жетілдіру керек. Біздің елге жүйенің келгеніне – 3 жыл. Кем-кетігі баршылық.
Біз көзбояуға жаман үйренгенбіз. Дәл Тұрсынбектің әзіліндегідей. Ауылға тексеріс келгенде кедір-бұдырды барынша «жасырып» қоямыз. Мұнда да дәл солай. Рейтингтің әуресі үшін мұғалімді электронды күнделік толтыруға мәжбүрлейміз. Онсыз да жалақысынан қағазы көп ұстазға салмақ салып отырған жоқпыз ба? Ата-ана сайтқа кірмесе, бала үй тапсырмасын көрмесе, өзі электронды журнал толтырмаса, барлығына мұғалім кінәлі болады. Мысалы, Ақмектеп орта мектебінің мұғалімі Мейіржан Темірбек талап қойғандар әуелі жағдай жасауы керек екенін алға тартты.
«Мұғалімдердің қиналып отырғаны – материалдық базаның жетіспеуі. Соның ішінде интернеттің қолжетімсіздігі. Әр кабинетте жеке-жеке интернет пен компьютер болмаса, қиындау болады. Телефонмен толтыру ыңғайсыз. Сағадиевтің кезінде «күнделік толтырыңдар» деген заң шыққан. Бұйрық бар. Барлық жер қандай жолмен болсын, күнделік толтыруға мәжбүр. Сондықтан жағдайы келсе мектепте, үйде толтырады. Болмаса, қалаға қатынайды. Kundelik.kz-те рейтинг бар. Ата-ананың, оқушының кіруі рейтингке әсер етеді. Рейтинг қуалағаннан кейін жұмыс өнбейді. Интернет жоғары жылдамдықпен қамтылмаса, жүйемен жұмыс істеу қиын. Тоқсанның аяғында бүкіл Қазақстан кіргендіктен сайт істемей қалады. 503 деген қате шығады. Яғни, бір адамның бірнеше рет сайтқа кіруі. Бір мұғалім сайтты 15 парақшадан ашып қояды. Нәтижесінде, Google сізді хакер деп ойлап, автоматты түрде сайттан шығарып тастайды. Kundelik.kz-тен рейтингті алып тастаса игі еді. Сабақты уақытында толтыру деген тағы бар. Алыс аудан мен ауылды айтпай-ақ қояйын, қаланың өзінде мұғалімдер қиналып жатады. Сондықтан осы жағын да қарастырса дейміз» дейді ол.
Шығысқазақстандық мұғалімнің пікірін ата-ана да қостады. Kundelik.kz-ті жетілдіре түсу керек. Ата-аналарға мұғалім күнделікті ескерту жасайды екен. Сайтқа кіріп, шыққаны қадағаланатынын тексереді. Мұғалімді завуч, завучты мектеп директоры, директорды жоғары жақ тексереді. Сонда өз ықтиярымен орындалмаған әрекет кімге керек? Мұнда пайда көретін кім? Көзіңе шеңбер бойымен бір-бірін қуып жүрген мысық-тышқан елестейді. Әйтеуір, бір-бірін қуып жүреді, бірақ нәтиже жоқ.
– Kundelik.kz баланың үлгерімін бақылап отырғанға жақсы. Жүйеге кіресің, кейін қайта кірсең жөнді істемей қалады. Техникалық жағынан әлі де жетілдіре түсу керек. Баға қойғанда дәптердегі баға мен Kundelik.kz-тегі баға сәйкес келмей жатады. Пайызбен есептегенде, ТЖБ мен БЖБ шығарғанда көрсеткіш азайып қалады. Бұл кәдімгідей әсер етеді. Сондықтан жүйе барлығына тиімді жұмыс істегенге дейін дамыту керек. Жалпы алғанда, жап-жақсы дүние, – дейді астаналық ата-ана Нұргүл Қадырбаева.
Ата-ана сөзінің жаны бар. Бұл жайында БАҚ-та бір емес, бірнеше мәрте жазылды. Тіпті, мұғалімдердің электронды күнделік толтыру үшін үйдің төбесіне шыққаны да айтылды. Біздегі көп нәрсенің көшірме екенін ескерсек, мұндай жоба әлемнің бірқатар елінде бар. Соның ішінде Ұлыбритания, Хорватия, Латвия, Ресей, Беларусь, Малайзия, Үндістан, Франция жүйені жақсы қолданады. Мысалы, Ресейде hi-tech, Элжур, Дневник.ру секілді балама бар. Басында бұл жүйе де сыр беріпті. Уақыт өткен сайын жаңарып отырыпты. Қарасаңыз, аталған елдерде мұғалім компьютер үшін кезекке тұрып, қалаға сабылмайды. Әр кабинетте планшет бар. Мұғалім сабақта қолына ұстап жүріп-ақ, асықпай толтырады. Елімізде де осындай мүмкіндік қарастырылса жақсы болар еді. Сонда рейтингті де, басқасын да талап етуге болады.
– Kundelik.kz ең бірінші мұғалімнің онсыз да аз уақытын ұрлайды. Жүйені ашсаң, айналып тұрып алады. Істегенінен істемегені көп. Күн сайын кіріп тұрмасаң, пайыз азаяды. Завучтар есептер деген бөлімге кіріп, кім кіріп толтырды, кім толтырмады, бақылап отырады. Баға қойылатын ескі бағдарламадағы 11-сыныпқа бүгін түске дейін сабақ өтіп, кешкі сегізге дейін бағасын қоймасаң, сұп-сұр түске боялып, баға мүлдем қойылмайды. Түстен кейінгі сабақты ертең таңертеңге дейін енгізу керек. Артықшылығы – ата-ана баласының үлгерімін бірден көре алады. Оқушыға үй тапсырмасы көрініп тұрады. Дегенмен әуресі көп жүйе. Мысалы, интернет тартпайтын Керімағаш, Сарыбел ауылының мұғалімдері күнделік толтыру үшін сенбі, жексенбі күндері Жаркентке келіп, интернет орталықтарда, туыстарының үйінде kundelik.kz-ті толтырады, – дейді А.Розыбакиев атындағы орта мектеп мұғалімі З. Бексұлтанқызы.
Жоғарыдағы мұғалім сөзінен тағы бір мәселенің басы қылтияды. Республиканың жаппай электронды жүйеге көшкені жақсы, әрине. Алайда бес саусақ бірдей емес. Жер мен жердің әлеуетін топшылап, сараптап шыққан жөн болар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстанның кей аудандары, Алматы облысы, аумағы үшін интернетке қосылу – өзекті мәселе. Туризмнің иірімі болып отырған Көлсайдың өзінде интернет ұстамағансын, ары жағын топшылай беріңіз. Интернеттің шаруасына байланысты мәжілісте ауылдарды интернетпен қамту туралы Үкімет сағаты өтті. Сонда Бақытгүл Хаменова ұстаздар тарапынан kundelik.kz-ке келетін сын-ескертпелерді атап өтті. Мәжіліс депутатының айтуынша, жалпы білім беретін 697 мектепте кеңжолақты интернетке қосылу проблема. 93 мектепте интернет жоқ. Тарата айтар болсақ, Батыс Қазақстандағы 30 мектеп, Түркістандағы 15 мектеп, Ақмола облысындағы 8 мектеп интернетке қосылмаған.
Сондай-ақ Хаменова интернет жылдамдығының әлсіз екенін Қазақтелекомға сілтеді. Олар келісімшартында жылдамдықты секундына 10 мегабит деп көрсетсе, іс жүзінде 4 мегабиттен аспай тұр. Сондықтан сайт ұзақ айналып тұрады-мыс. Одан қала берді интернет істемесе ауа райына кінә артады. Өз кезегінде депутат тиісті министрліктен миллиондаған қаржыны тарифті реттеуге жұмсауды сұрапты. Жөн-ақ. Хаменованың келесі сөзінің де жаны бар. «Ресей 2021 жылға дейін орта мектептегі интернет жылдамдығын секундына 50-100 мегабитке жоспарлап отыр. Біз де көштен қалмайық». Расымен, 5G дейміз, алдымен бәрін стандарт жағдайға лайықтап алмадық па?
Көштен де, көршіден де қалмаудың қамын жасау қажет. Сондықтан әлеуметті көтеру үшін әлеуетті жақсарту керек-ау шамасы. Бәрін бір арнаға тоғыстыру – сәтті іс. Бірақ Асан мен Үсеннің хикаясын еске алыңыз. Сол себепті алдымен арбаның алдыңғы дөңгелегін жөндеп алайық.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ