Қазақ тарихындағы сенсациялар топтамасының төрт жазбасы
Қазақ тарихындағы сенсациялар топтамасының төрт жазбасы
805
оқылды
  Бірінші жазба. Ежелгі Шығыс пен Батыстағы ҚАЗАҚЫ іздерге медициналық-құқықтық және философиялық-тарихи толғаныс Тарихта және көптеген ғылымдарда адамзат қол жеткізген жетістіктердің бәрі батыста пайда болған деген жаңсақ әрі әділетсіз постулат қалыптасқан. Ғылымның бәрі грек пен латыннан деген қорытынды жасауға әуес. Бұны батыстықтардың шығыстың ашық аспанын европацентризмнің қою бұлтымен, альбионның көк тұманымен тұмшалауға тырысатындығы деп ойламасқа шара жоқ. Айтатын уәждері – Шығыста бәрі миф. Сонысына қарай батыс ғылымының мәйегі мифтен толық аршылып болса бір сәрі ... Әлбетте, бұған көп дәлел келтірмей-ақ бірден Фемида, Гиппократ антындағы Асклепий, Панакея, Гигиея, Олимпті мекен еткен мыңғырған құдайлардың да миф екенін негіздеп қарсы уәж айтуымызға болады. Дегенмен, мұндай қарсы уәждер келтіргеннен ұтарымыз жоқ шығар. Одан да бізде не болған өзі, тарихи кезеңдерде айта қаларлықтай қандай жетістіктеріміз болды деген сауалға жауап іздегеніміз дұрыс болар. Бұл тұста құр даурығуға, полемикалық ойларға бой алдырмай, «нақты дерек» жоқ дегенді желеу етіп, немкеттілік танытуымызға болмайды. Нақты деректер мен фактілерді бізге ешкім алдымызға тартпайды, оны өзіміз жасауымыз керек. Деректер мен дәлелдер өткен кезеңдерде өңі айналып, «бұрмаланғанын» да ескеруіміз керек. Тағы бір ескеретін жайт түп-тамырымызға үңілгенде тек қазіргі картада орналасқан балық пішінді аумағымызбен ғана шектелмеуіміз керек. Бұл аумаққа байланып, тұсалып қалу именшектік пен жасқаншақтық. 550 жылмен шектелген межеден ықылым заманға жетелейтін, қазіргі аумағымыздан шеткері жерлерге сапарға шақыратын таным тағатын қалай жұбатамыз? Аталарымыз жүрген соқпақты көре тұра, салған сүрлеуін біле тұра аумағымыздан әрірекке ұзамасақ, көзіміз көргенімен, көкірек-көңіліміз жабық болса дүрді қайдан көреміз... Бұл жердегі басты сауалымыз «Шынымен шығыста ештеңе жоқ па?», - деген сұрақ болса, ал логикалық тұжырымымыз: «Егер шығыста «бар» болса, онда не бар, не болған, сол шығыста «барлардың» қазақ еліне, қазақ тарихына да қатысы болуы мүмкін» деген гипотеза болсын. Енді осы формула бойынша, қысқаша ретроэкскурс жасап көрейік. Бағытымыздан жаңылып қалмас үшін этнография, антропология, мәдениеттану объектілерінің бәрін қамтуға ұмтылмай мысал үшін назарымызға көпшіліктің тісі бата бермейтін тылсым да жұмбақ нағыз «латынданып» кеткен сала медицинаны алып, оны құқықтық және философиялық-тарихи тұрғыдан қарастырайық. Месопотамия Біздің дәуірімізге дейінгі 5000 жылдар ауқымындағы кезеңге тоқталсақ Месопотамияда шумер-аккад, ассириялық және Вавилондық өркениет басқа салалар секілді медицинамен әрі медициналық құқықпен сипатталады деп айта аламыз. Себебі, мұнда б.д.д. 3000 жылдарға жататын шумер дәрігерінің мөрі, саз тақтайшаларындағы рецепт жазбалары, саз балшық плиталарындағы акушерлік жадуалдар табылған. Көрнекі жерде әркез ауру симптомдары көрсетілген тақтайшалар ілулі тұрған. Жазбаларды зерттеу барысында дем салу, дұғалау, астрологияға жүгіну қолданылғаны анықталған. Медициналық қызмет бөлінісі: хирург, акушер, жалпы тәжірибе дәрігері, ветеринар секілді еңбек бөлінісі болған. Дәрілік затарды дайындау мен қолдануда, сондай-ақ олармен жөн-жоралғы жасауда судың ролі өте зор болған. Су «асу» (шуммерше «a-zu», аккадша «au») –деп аталған.[1] Бізде сатылымдағы - asu суының тауар белгісі бұл тұрғыда сәтті таңдалып алынған. Бұл өркениетте медицина әлдеқашан болғаны және оның «медициналық құқықпен» реттелгені көп ойларға жетелейді. Б.д.д. 1950 жылдардағы Хаммурапи патшаның заңдар жинағында дәрігерлерге берілетін сыйақы мөлшері белгіленген. Әлбетте, оларға қатысты дұрыс емдемегені үшін жазалар жүйесі де нақтылы айқындалған. Айта кететін жайт Хаммурапи патшаның кезінде ауру симптомдары мен рецепттер жазылған тақтайшалардан бөлек, биік бағаналар пайдаланылған. Елдегі маңызды жаңалықтарды, жаңадан қабылданған заңдарды, жазаланған адамдар туралы ақпаратты, әр түрлі сипаттағы жарнамаларды үлкен және биік етіп орналастырған базальт бағаналарға іліп отырған. Бұл бағаналар адам көп жүретін жерге орналастырылып, экран, дисплей, монитор қызметі секілді өз алдына афиша саналған. Жұртшылық қарым-қатынастарын бағанадағы мәліметтерге сілтеме жасай отырып орайластырған. Олардың фрагменттері бүгінгі күнге жетіп отыр. Қазіргі таңда бұл тастан жасалған құжаттар Лондондағы Британдық музейде тұр. Онда Хаммурапи заңының барлық 282 бөлімі бар, солардың 8-і тікелей дәрігердің кәсіби қызметінің жауапкершілігін анықтауға арналған. Солардың негізгі бесеуі былайша үн қатады: Егер дәрігер мыс пышақпен күрделі ота жасаса және отадағының өмірін құтқарса немесе біреудің көзін сақтаса 10 сикл күміс алуы керек; Егер ол құл болса онда оның қожайыны  2 сикл күміс төлеуі керек; Егер дәрігер біреуге мыс пышақпен ота жасап оны өлтіріп алса, егер біреуді көзінен айырса онда оның қолын кесіп тастау керек; Егер дәрігер құлға мыс пышақпен ота жасап оны өлтіріп алса онда ол қожайынына басқа құл беруі керек; Егер дәрігер мыс пышақпен құлды көзінен айырса онда ол құлдың жарты бағасын төлеуі керек. Сол кезеңдегі сикль индексациясы бойынша, мысал үшін айтсақ 5 сиклге бір жыл бойына бірнеше адамды асырауға болатын. Қысқаша қайыратын болсақ шумердегі жосықтар түркілік тамырмен етене байланысты. Зерделеп қарасақ бұл санкциялардың дені «Жеті жарғыда» көрініс тапқандығын аңғарамыз. Мысыр Б.д.д. 5000-2000 жылдар шамасында Мысырда емдеудің өзіндік әдістері қалыптасып, қызғыш құстың басы кейпіндегі медицина құдайы Тоте құдай-адамы жайындағы аңыздар қалыптасқан. Тоте бас аяғы 32 Герметикалық кітаптың авторы болған және оның алтауы медицинаға арналған. Сондықтан да болар Мысырда герметикалық әдебиетке баса мән беріліп, тәжірибеде соларды басшылыққа алатын болғандықтан пациент көз жұмған жағдайда да дәрігерлерге еш айып артпаған. Ал пациент өлімі үшін дәрігер герметикалық кітап талаптарын бұзған жағдайда жауапты болған. Бұндай дәрігер өлім жазасына кесілген. Барлығымызға белгілі нәрсе Мысырда қолданылған мәйітті бальзамдау, мумиялау тәжірибесі мысырлықтардың танатология мәселелерімен де айналысқанынан хабар береді. Бұдан кейбір зерттеушілердің мысырлықтар анатомия мен физиологияны білмеген деген уәждеріне қарсы жауап табуға болатын секілді. Тотеден бөлек мысырға қатысты әйел құдай Изиданы да атап өткен орынды. Изида денсаулық құдайы, ол ерлі-зайыптылар берекелілігінің, ұрпақты болуының, ана мен баланың жарылқаушысы саналған. Б.д.д. 2780 жылдары өмір кешкен, бар ғұмырын медицинаға арнап құдай деңгейіне көтерілген Имготеп өтіпті-мыс. Имготеп жайлы жазба деректер мен статуялар бар. Медицинада ғана емес басқа салаларда да ізін қалдырған Имготеп әмбебап ғалым, астраном, сәулетші, пирамида құрылысшысы ретінде танылған. Оның негізгі храмы атақты медицина мектебі орналасқан Мемфисте болған. Имготеп «Мысыр эскулапы» атағымен де танылған. Б.д.д. 3000 жылдардағы Секхетьенанах ең алғашқы шынайы дәрігер саналады. Ол оталаринголог ретінде танылған. Мысырда медицинамен айналысқан абыздармен қатар оташылар, дантистер, офтальмологтар бөлініп шыққан. Пирамида тастарындағы, саркофагтар мен папиростардағы иероглифтер гинекологтар қызметі болғанын да айғақтайды. Шамамен б.д.д. 1850 жылдары жазылып бізге жеткен Кахун папиросы тұтастай әйелдерде кездесетін ауруларға арналған. Луксорда табылған Смит папиросы хирургияға, жарақаттарды емдеуге және анатомияға арналса, Фивахта табылған Эберс папиросы дене мүшелерінің ауруларына арналған. Бругш папиросы педиатрияға арналған және ана мен бала денсаулығын қарастырады. Мәліметтер шұбалаңқы және мысырдың ежелгі медицинасы догматикалық болғандықтан, құқықтық реттеу моральдық нормаларымен астасып кеткен деп тұжырымдауымызға болады. Мысырда дәрігерлерді көтермелеу, сондай-ақ оларға жаза белгілеу мәселесі «Қасиетті кітап» жазбаларына сәйкес шешіліп отырған. Міне, осы жетістіктер түркі, прототүркі, оның ішінде протоқазақ жетістіктері. Бұлар бойынша қазақы арнада зерттеу жүргізу керек. Кезінде тарихшылар мен зерттеушілер қателіктерге бой алдырып, бірқатар деректер мен атаусөздер бұрмаланып кеткен. Сол себепті, Изида құдай дегенді – Ізгілік құдайы, ал Кахун папиросы дегенді – Қатун (Қатын, Ханша, Әйел) папиросы деп алғанымыз абзал. Бұл жерден протоқазақтық, прототүркілік іздерді көрмеу мүмкін емес. Парсы Кезінде дуалистік дін қанатын жайған парсы елінде жақсылық пен жамандық күрескен екен. Жақсылық жарықпен теңестірілсе, жамандық қараңғылықпен папа-пар болған. Осындай аңыздан туындаған мифтік ойлар мәнінен қараңғылық болып табылатын жамандықты, жарық нұрымен сейілткен күн сипатты Митра культі қалыптасқан. Бұл орайда ауру жамандық пен қараңғылық тылсымында жатса, есендік, саулық жарықта, күн нұры аясында жатқан. Еріксіз назар аудартатын жайт, Парсылық Митра, Антикалық Гелиос, және Қазақы Күн басты адамның аналогиясы. Алматы маңындағы Таңбалы таста қашалып бүгінге жеткен «Күн басты адам» 2011 жылы өткен Азиада символына, сонау тоқсаныншы жылдары Алматыдағы Медеу шатқалында өткен Халықаралық “Азия дауысы» конкурсының символына айналып үлгерді. Парсылардағы жарық пен қараңғылық күресі, сол кездегі ортақ Заратустра (Жаратушы) таралған аумаққа енген біздің жерге де қатысты болмауы мүмкін емес.  Осыған байланысты парсыдағыдай және шығыстағы инь мен янь секілді, егер қараңғылықты «албасты» деп алып, жарық сыйлаушыны «күнбасты» немесе «нұрбасты» деп алсақ, қазақ жерінде де «албасты» мен «нұрбасты» күресі болғандығы жайында жорамал ұсынар едім (Е.Қ.). Парсыларда медицина мыңдаған шипалы өсімдіктер тамырын жайған Амертат бақшасынан бастау алған. Ежелгі парсылардың ауруға қатыстылығы дінмен, жөн-жоралғымен, дұғалармен сипатталған. Медицинамен Мазда құдайдың қызметкерлері айналысқан. «Авестаның» алтыншы кітабы «Вендидадта» дәрігерлерге берілетін сыйақылар мен шалыс басқандарға көзделген жазалар қарастырылған. Вендидадтың тағы бір ерекшелігі мұнда, тағылымдамадан өтуші болашақ дәрігерлерге қатысты еңбек нормаларының болғандығы. Осыған сәйкес стажерлер кәсіби қызметіне кіріспес бұрын, сынақ мерзімінен өтуге тиіс болған.
Үнді
Ежелгі Үндідегі Аюрведтің «Өмір ғылымы» бірнеше мыңжылдықтар тезінен өткен. Ғалам жаратушысы Брахма, тиісті білімдер мен дәрігерліктің құпия әдістерін Ригведада игілік қамқоршысы деп көрсетілген, дәрігерлік құдайы Дакшаға жібереді, одан соң бұл ілімдер егіз құдайлар Ашвиндерге түседі, бұдан соң денсаулық қамқоршысы Индраға жіберіледі. Ал Индрадан соң данышпан Бхаратваджаға түсіп, Бхаратваджа бүкіл Үндістан мен Гималайды мекен ететін данагөйлерді жинап, оларға «Адамзат аурулары мен оларды емдеудің әдістері туралы ғылымды» риуаят етеді. Осылайша б.д.д. VI ғасырларда Үндідегі алғашқы медициналық трактаттар пайда бола бастайды. Ригведаға сенсек медицинадағы ұлы тұлғалар ретінде Чарака мен Сушрута аталады. Сушрута (б.д.д. 500жж) жүзден астам хирургиялық құралдарды сипаттап, 760 дәрілік өсімдіктің тізбесін құраған. Үнді елінде оташылар ампутациядан бастап пластикалық операцияға дейінгі отаның түр-түрін жасай білген. Бұларда тіпті сексология да қарастырылып бедеулік пен белсіздік мәселесінің шешімі ретінде «Камасутра» ұсынылған. Мәселенің құқықтық жағына келсек, қателік жасап адамды мертіктірген дәрігер бұл өмірде жазасыз қалғанымен де, арғы өмірде жазасын алады деген қағида билік құрған. Сансара шынжырынан құтыла алмай, кармаға қармалмас үшін дәрігерлер мейлінше сақ болуға тырысқан. Ману заңдарының жинағында дәрігердің дұрыс емдемеуі себепті төлейтін айыппұлы пациенттің касталық жағдайы бойынша айқындалады деп көрсетілген. Демек мәселе деонтологиялық реттелген. Бұл орайда Үнді мен Қазақ жұртындағы ұқсастықты атап өту керек. Үндіде құдайлардың беделінен именіп, өзі істесе де тұлғалар істерін құдай еркімен істелді деп аттарын соңынан болар болмас атаған, көрінер көрінбес жазған, немесе мүлдем атамаған. Осылайша жасанды аңызға айналдырған. Ал аңыз құдыреті, оның ұмыт қалмайтындығында және материалдық тасымалдаушылардан гөрі, биологиялық жадыда өмір сүруді қалайтындығында. Қазақ халқының дүниетанымында да аңыз басты роль атқарады және әрбір аңыз артында тұлғалар мен субъектілер бар. Мұнда халықтың ұстанған басты принципі «атың аталмаса да, еңбегің сіңсін»! Бұның мәні жер өртеп атыңды шығарғанша аталмай ақ қал, еңбегіңді бәрібір құдай көріп тұр дегенге саяды. Тибет Тибет медицинасының классикалық қайнар-көзі - “Чжуд-ши”. Төрт тантра деген атпен белгілі болған төрт томдық трактат «Амрита жүрегі – сегізмүшелік құпия және ауызша тәлім тантралары» да аюрведалық ілімдер секілді автордың емес Брахма мен Шакьямуни будда атынан ұсынылған. Дәрігер қателеспеуге тиіс, қателескен жағдайда Будда қаһарына ұшырайды деген сенім болған. Медицина мәселесін философия және дінмен матастыра қарайтын болсақ дәл осы Тибетте, денсаулық, өмір және өлгеннен кейінгі өмір мәселелері барынша тиянақты жазылған. Тибеттік «Өлілер кітабы» соның айғағы. Ислам діні де, христиан діні де өлім мәселесіне тереңдеп тоқталмайды. Бұның өзіндік себептері бар. Ал тибеттік «Өлілер кітабында» өлімнен кейінгі күй бүге-шүгесіне дейін сипатталып, жан о дүниеде қандай есіктерден өтетіні, басқа күйге қайтадан қалай енетініне дейін тәптіштеп жазылған. Бұл кітап бүгін ми өлімі, клиникалық өлім мәселелерін зерттеуде, жалпы танатологиялық мәселелерді негіздеуде құндылыққа ие болып отыр. Тибет пен оған жапсарлас Непал және Үндінің Кашмир аумағындағы халықтың дүниетанымы мен бірқатар жөн-жоралғылары қазақ халқы дәстүрлерімен әбден ұқсас. Тіпті, олардың нанды нан, тандырды тандыр дейтіні де көп нәрседен хабар беретіндей. Қытай Барлық шығыс елдері секілді Қытай медицинасы да аңыздармен шырмалған. Қытай медицинасының негізін қалаушы император Шэнь-нун (б.д.д. 2700жж.), саналады. Ол 100 емдік шөптен тұратын алғашқы жинақ шығарған және акупунктура техникасын ойлап тапқан. Ежелгі Қытайдағы ең негізгі медициналық еңбек Нэйцзиннің (Хуан-ди Нэй-цзин) «Медицина канондары» атты трактаты. Табиғат пен өмір туралы бұл еңбектің жазылуына император Хуан-ди (б.д.д. 2698-2599) ұйытқы болған. Қытайдың бірқатар дәрігерлерін атап кетейік: әмбебап дәрігер Бянь Цао, оташы Хуа То, эпидемиолог Чжан Чжун-цзинь, Нэйцзиннің еңбегін түсінікті етіп өңдеген Ван Бин. Бастапқыда магикалық, кейіннен эмпирикалық жолмен дамыған қытай медицинасы рационалдық деңгейге жетіп, бастапқы бес элемент (от, су, жер, ағаш, темір) пен инь мен янь арақатынасы секілді абстрактілі ілімдерімен сипатталады. Қытайда анестезиялауды меңгерген оташылар, наркоз арқылы операция жасай берген. Диета, массаж, инемен емдеу, салауатты өмір салтын ұстану кеңінен қолданылды. Үш патшалық тұсында дәрігер Хуа То (190-265) бес аңның ойынын сипаттайтын "У цин си" атты емдік гимнастика негізін қалап, адам сенгісіз қабілетке жетіп, трансценденттік күш иесіне айналады. Аю, жолбарыс, бұғы, маймыл мен тырна қимылдарына ұқсас жаттығулар кешені гимнастикалық және жекпе-жек әдістері ретінде дамудың даолық жүйесіне еніп салауатты өмір салты ретінде күні бүгінге дейін насихатталуда. Осының негізінде Жапония, Керім (Когурё, Силла) секілді көрші елдермен астаса дамып жетілген жаттығулар жүйесі бүгінде біздің елімізде де кеңінен таралған. Оған дәлел еліміздің түкпір түкпіріндегі айкидо, таэквандо, каратэ-до шотокан, каратэ-до кёкисункай, джит кун до секілді секциялар. Син династиясына дейінгі кезеңде Қытай медицинасы жүйелі түрде дамыды. «Жәрдем» газетінің (2009ж.), «Көрші» журналының (2008ж.) мәліметтеріне сәйкес ол кезеңде қытай медицинасында он бір түрлі бағыт қалыптасқан: Андромедицина, яғни ерексерді емдеу медицинасы (да-фэн-май) Жалпы медицина (цзэ-и) Педиатрия (хао-фэн-май) Сал ауруларын емдеу (фэн-га) Гинекология (фу-ге) Офтальмология (ян-ге) Стоматология (гоу-ци) Тамақ ауруларын емдеу (ян-хоу) Ортопедия (чжен-гу) Сыртқы аурулар мен хирургия (цзинь-чжуан) Акупунктура (чжень-цзю). Қытайдағы дәрігерлер ісін құқықтық реттеу, басқа салаларды да құқықтық реттеп отырған Легизм мектебінің нормаларымен жүзеге асты. Легизм мектебінің санкциялары өте қатаң саналатындықтан, оның үстіне Кун Фу цзы мен Даосизм мектебі моральдық, деонтологиялық нормалардың шеберханасы саналғандықтан басқа құқық қатысушылары секілді дәрігерлер де өз ісіне аса жауаптылық орнықтырған. Ежелгі ғана емес, бүгінгі қытай еліне риясыз риза болуға жетелейтін ең негізгі факт – бұл күнде Қытай медициналық жоғарғы оқу орындарында қазақ медицинасының оқытылуы және қазақ халық медицинасын зерттеу ғылыми орталықтарының жұмыс істеуі. Өзіміз барымызды бағалай алмай жүргенде қазақ медицинасын дәріптеген және өшкен биіміз «қара жорғаны» спорттық гимнастика санатына дейін қосқан аспан асты елі қазақ медицинасының деңгейі биік екенін ғылыми түрде негіздеп берді. Осылайша, өз заманынына лайық медицинасы дамыған, 200 мыңнан астам папиростарында (б.д.д XVIII ғғ. Катун папиросы, б.д.д. XVI ғғ. Эберс папиросы, б.д.д. XI ғғ. Брушга папиросы, б.д.д. III ғғ. Имготеп (Имхотеп) ілімдері, Тебтюнисх, Оксиринх, Гибелен папиростары  және т.б.) медициналық мәліметтер жазылған Мысыр елінде медициналық құқықтың алғышарттарының болмауы мүмкін емес. Өйткені, бұл папиростар медициналық, сондай-ақ медициналық-құқықтық мәліметтерді көздеген деректер базасымен барабар болған. Ежелгі Қытай, Тибет, Үнді, Парсы елдерінде қолданылған медициналық-құқықтық сипаттағы әдістер күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Бұл елдерде медициналық білімдерді жинақтау мен медициналық білім беру мәселелері де жолға қойылған болатын. Жоғарыда айтылған үнділік дәрігер Сушрута, Бенаресс университетінің түлегі болған. Қытайда жалпы және жеке сипаттағы медициналық-құқықтық актілер кеңінен тараған. Мысалы, император әулетіне қатысты жеке медициналық-құқықтық ережелер қалыптасқан. Мысырда, ең алғашқы травматологиялық және созылмалы ауруларға арналған стационарлар жұмыс істеген, офтальмологиялық клиникалар да қалыптасқан. Ал Иранда б.д.д. І мыңжылдықта азаматтық медицинамен қатар, тіпті, әскери құрылықтық, әскери флоттық медициналық қызмет те қалыптаса бастаған. Осы көрсетілген ежелгі дәуірдің барлық елдерінің медицинасында ТҮРКІЛІК ІЗДЕР жетіп артылады. Кашмир, Тибет, Непал тау бөктеріндегі халықтардың болмысын зерттеу олардағы медицинаның бақсылықпен де, салт-дәстүрімізбен де (адыраспанды қастер тұту, үйді аластау) байланысатынын, тіпті тіліміздегі туыстықтың да барын көретіп берді.
Антика
Антикалық медицина емдеудің магиялық нысандарын, дәстүрлі медицинаның әдістерін мұра етіп алды және мифологиялық сипатта болды. Антикалық грекияда да Ежелгі шығыстағы әдістер секілді диета, массаж, су процедуралары, гимнастика және хирургиялық араласу әдістері қолданылды. Емдеу ісі бастапқы еңбек бөлінісінде жеке кәсіп ретінде бөлініп шыққан соң өзіндік дәрігерлік культ қалыптаса бастады. Дәрігерлік құдайы Асклепий мен оның қыздарының культі аңыздардан басты орын алды. Асклепий қыздары: Гигиея, денсаулық қорғаушысы болса, Панакея, емдеу ісінің қамқоршысы болды. Осы қыздардың есіміне байланысты, сәйкесінше «гигиена» мен «панацея» қалыптасып отыр. Өр мінезді Панакея адамдарды күллі дерттен бірден құлан таза айықтыратын дәрі табатынына сенімді болса, салқын қанды Гигиея мұндай дәрі болмайтынын алға тартып, адамдарда ауруға қарсы тұра аларлықтай қабілет те, ақыл да бар, сондықтан аурулардың емі де адамдардың өз қолында деп негіздейді. Апалы-сіңлілі екі қыз көзқарастары түрлі болғандықтан әрқайсысы өз жолдарымен кетеді. Панакея ауруды емдеуде әртекті улы заттарды – ұнтақтарды, микстура, таблеткаларды қолданып барлық аурудың емін табатын бірегей зат іздеумен болса, Гигиея  өмір заңдарын негіздеп, салауатты өмір салтын ұсынумен келеді. Қыздардың әкесі Асклепийді римдіктер Эскулап деп атап кеткен. Бұның мықты болғаны соншалық, ауруларды өлімнен арашалап қана қоймай, тіпті өлгендерді тірілтетін дәрмені болыпты-мыс. Бұған ашуланған өлім құдайы Танатос тірліктегілер өлім барын білмесе, өмір мәнін түсінбейтінін көрсетіп, Зевске шағым айтып Асклепийді ақыры өлтіртіп тынады. Ал Танатос есіміне байланысты өлім туралы ілім – танатология қалыптасқаны белгілі. Философиялық ой-пікір генерациясы тұрғысынан басқаларын айтпағанның өзінде тек Сократ, Платон, Аристотель есімдері арқылы ғана Антика кезеңінің дамудың жоғары сатысында болғаны еш шүбә келтірмейді. Алайда, антикалық грекиядағы медицинаның дамуы ғылыми деңгейден мүлдем аулақ тұрды. Онда медицина әр тұрғыдағы үзік үзік білімдерден құралған болатын. Бұл тұста, антика дәуірінің медициналық мәселесіне қатысты адасушылық та, фактілерді бұрмалаушылық та бар. Адасудың көп себептерінің бірі де бірегейі антикалық дүниені тек гректермен байланыстыру. Адасудан бөлек жатқан саналы түрдегі әрекет, шығыс өркениеті жайқалған орта ғасырлар кезеңінде еуропа тоқырап кері кеткендіктен, ортағасырда көзайым болар еш нәрсесі болмағандықтан, амалсыз антикалық жетістіктер дәріптелді және жауыр болғанша қайталанды. Бұл еуропацентризмнің бірден бір көрінісі. Дегенмен сілтемеге құмар ғалымдар адасушылар санатында болғандығы хақ. Ал бұл адасудан туындайтын – адасушылық, гректердің мирасқорлары ретінде римдіктерді ғана тану, жерорта теңізіндегі шағын мекендермен шектеп қою, немесе мәселе кіші азияға, мысырға тірелсе әншейін эллиндіктерді, гректерді тізбектеп қою. Антикалық өркениет жайқалмай тұрғанға дейін ақ, пирамидалар тұрғызған мысырлықтар, «гректер» Ескендерреяны (Александрияны) салып жатқанда өркениет ісіне қатыспай, оларың біреуінің болса да аты аталмауы жұмбақ секілді. Гректер түркілердің оғыз бұтағынан тараған жерлерінде ғылымды жайқалтып жатқанда Станбол мен Анадолы (Анатөлі)  аралығындағы түркілер жалауды гректерге беріп қойып неге ғылымға қатыспай, неге өз жерінде өзі варвар атанып жүргендігі ойлантады. Бұл тұрғыдағы ғылымдағы басты желеу: «Түркілердің ол жерге мүлдем кейін, әбден гректер мен римдіктер бәрін жасап кеткеннен кейін баруы», «Жиырмасыншы ғасырға дейін түркілердің басым бөлігінің бұратана кейіпте жүруі». Осыған байланысты «Түркі тайпалары Кіші Азияға ІV ғасырдан бастап қоныстана бастады» деген тарихи ғылыми көзкарастар түркілерді өркениеттен алшақ ұстау үшін әдейі жасалған тарихқа деген қиянат болуы бек мүмкін. Еуропацентризм басқа ұлыстарды да жетістірмеді. Антикалық мәдениет, Рим өркениеті аясында парсылар мен арабтар неге данышпан гректерге таңданумен жүрді! Жауабы: ол кезде олар бәдәуиндер ретінде жабайы болған. Сондай-ақ бұның мәні еуропа ортағасырларда қараңғы түнек аясында жүргенде, шығыстың не себепті озып кеткенін түсіндіру үшін қажет болды. Себебі, соны пайдаланып арабтар мен араб тілділер, онда да олардың ішіндегі христиандары жаппай антикалық гректердің мәтіндерін арабшаға көшірген және аударған. Осыған байланысты ресейлік ғалым шығармасынан өзгертпестен мысал келтіре кетейін: «Осознавая значение античной науки, халифы и другие вожди мусульман содействовали переводу на арабский язык важнейших греческих сочинений (которые к тому времени сохранились в регионе по преимуществу на сирийском языке — языке преподавания в Гундишапуре и других центрах). Начало этой деятельности было положено в конце VIII в., однако основная работа переводчиков развернулась в правление халифа ал-Мамуна (813—833), который специально для этого организовал в Багдаде «Дом мудрости» {араб, baital-hikma). В течение IX и X вв. на арабский язык была переведена практически вся доступная литература, представлявшая интерес для арабов. Со временем переводы на арабский стали делать непосредственно с греческого. Большинство исследователей связывают этот переход с деятельностью самого известного переводчика эпохи халифатов — христианина-несторианца Хунайна ибн Исхака (НunainibnIshag, 809—873) из Хиры. Он имел глубокие познания в медицине, был придворным врачом халифа ал-Мутаваккила (847—861) и преподавал медицину в Багдаде. Хунайн иби Исхак в совершенстве владел арабским, сирийским, греческим и латинским языками, в поисках рукописей научных и философских трудов совершил путешествие по Византийской империи, после чего собрал вокруг себя группу переводчиков, в которую входил и его сын Исхак. Среди переводов,   приписываемых водил Платона и Аристотеля, Сорана и Орибасия, Руфа из Эфеса и Павла с о. Эгина. В то время на арабском языке еще не существовало оригинальных текстов на темы переводимых им сочинений, и Хунайн ибн Исхак освоил медицинскую терминологию, ввел ее в арабский язык и заложил драгоценный лексический фундамент медицинских текстов на арабском    языке».[2]Бұл жолдардан әлі күнге дейін шығысқа қатысты ешбір шынайы пікір айтылмай жүргенін, «зерттеушілердің» шығыстың өз еңбегін өзіне қимай келетінін көріп отырмыз. Әншейін, жата кеп, әуелі аудармашылардан «топ» жасақтап алып аударуға кіріскен шығыс өкілдерінің «дайынға ие болуы» тек күлкі шақырады. Қазір бастау алған ғылымдағы серпіліс тарихи әділеттілік орнатуды көздейді. Болашақта бұл үрдіс әділ шешімін табатынына сенгіміз келеді. Негізінде антикалық кеңістік жерорта теңізін айнала қоршаған жағалаумен ғана шектелген жоқ. Ол қазақ жерінің тарихи бесігі сақ даласымен ұштасып, құрылықтың кіндігі түркі әлемімен астасып жатқан. Ал қазіргі Түркия жері антикалық медицина ғана емес, антикалық дәуірдегі өркениет ошағы болған. Прототүріктер мен протоқазақтар шаһары Станбұл[3]атанған бұрынғы Константинополь түбірінде Константин емес: «қоныс», «қоныстану» сөзі жатыр (Е.Қ.). Жаңа Рим атанып, Рим, Византия, Шығыс Рим Империясының, Латын империясының, Осман империясының астанасы болған. Түркі жұршылығы ол жерді Сарықырат деп те атаған. Бұл жерде орыстар мен славяндардың Станбұлды Царьград деп атағанын айтқым келіп отыр. Олардың Царьград деп Сарықыратты атағаны айдан анық. Түркі тілінде «стан» сөзі гүлденген, абаттанған мекенді білдіргендіктен, гүлдене бер, абаттанған жерге айнал деген тілекпен - қала Станбол (Станбұл) атауына ие болады. Әркімнің өркениетке үлесі болған. Сол кезеңдегі, қытай, үнді, парсылармен етене қарым қатынастаста болған протоқазақтардың антикалық қана емес, жалпы әлемдік өркениетке қосқан үлестері өлшеусіз. Қазақ түркілерінің өркениеттегі іздеріне көз салсақ «антика» беріде қалып қалар демеске лаж жоқ. Протоқазақтардың іздері мен қолтаңбаларын, ілімдері мен білімдерін сонау шумер-аккад дәуірінен көреміз. Әлбетте, бұған бөлек әңгіме арнауымызға болады. Бұл тұрғыда тек бұның жорамал, болжам емес, «дәлелденіп қойылса да назар аударылмай жүрген тарихи факт, ғылыми дәлел» екенін баса көрсету керек. Көптеген ғалымдар шумер тілінің нақ түркі тілі екенін атап кеткен. Түрік ғалымы Осман Недим Туна, қазақ ғалымы О. Сүлейменов және көптеген батыс ғалымдары: Б. Ландсбергер, Дж. Клауссон, Ф. Деимел, Г. Винклер, Ф. Гоммель, З. Андреас, Ф. Хоммель шумер тілі мен түркі тілін байланыстырады. Демек, шумер мәдениеті де, шумер медицинасы да, шумер құқығы да  прототүркілердің жетістігі болып саналады. Ал әзірбайжандық зерттеуші С. Измайловың пікірінше тіпті парсылардың және парсылық тұлғалар мен еңбектердің басым бөлігі түркілік дүниелер. Измайлов «Халықты құл етудің төте жолы – оның тарихын тартып алу» тезисін мысал ете отырып, отаршылар қалай да «түркілер» жетістіктерін мансұқ етуді көздеп, ақыры Иранды алу мүмкін еместігін сезгендіктен түркі жауһарларының бәрін парсыға жазып отырған деп негіздейді. Автор, сондай-ақ тіпті иран сөзінің өзі «еран» деген түркі сөзі деп көрсетеді. «Ер» түсінікті, ал «ан» ежелгі түркідегі көптік жалғауы болғандықтан, Тұран секілді, Еран ерлер мекені деп көрсетеді. Кейбір мәліметтерде Иран түркілер мекені ретінде көрсетіле келе, «Аран» деп аталады. Аранның бір мағынасы бәрін жаулаушы, жалмаушы болса, басқа мағынасы бөрі мағынасындағы трансформацияланған «Арлан» ұғымына саяды. Осы тұрғыда қазақы «арандату» сөзі де бірқатар ойларға жетелейді. Бұл мәліметтерді көрсетудегі мақсатым, мәніне қарай парсылық жетістіктердің бірқатарын түркілік жетістіктер ретінде қабылдауымыз қажеттілігі.[4] Әлбетте, Бабырдың Үндістанда, Сұлтан Бейбарстың Мысырда билік құрғандығы мәселелерін де таратып айтуға болар еді. Бірақ түркі кілемдерінің «парсы кілемдері» аталып кеткендігі секілді тарихи әділетсіздіктер назарымызды аударғандықтан ғана парсыны (жанама түрде арабтарды) мысалға алып отырмыз. Ортақ жаратушы (Заратуштра) кезеңі, сақ дәуіріндегі Тұмар ханшайым басқарған кезең болсын, беріректегі сыр бойын мекен еткен ІХ ғасырдағы Хорасан ата кезеңі болсын түркілердің парсыларға (арабтарға) ықпал етпеуі мүмкін емес. Сондықтан тілімізге парсы-араб сөздері ықпал етті деп біржақты қарайтын әдісті өзгертіп, керісінше түркі тілінің парсы және араб тілдеріне ықпал ету мүмкіндіктерін қарастыратын әдісті орнықтырған жөн болар еді. Тіпті жоғарғы мысалдағы «стан» сөзін де парсыдан енген сөз деп келдік. Антикаға қайта оралсақ, басқа саладығы секілді, антикалық медициналық жетістік те прототүркілік базис негізінде дамып келген. Басқаларына тоқталмай-ақ, капитолилік бөрі мен түркілік көк бөрі сабақтастығы мысалын айтсақ та, жер-су аттарын айтсақ та (мысалы, менің теңізім, иесі менмін деген мағына беретін Егей теңізі түбірінде түркілік «еге», «ие» сөзі жатыр, Е.Қ.), манускриптердегі түркіше мәтіндерді алсақ та түркілік ізді байқаймыз. «Грек, не Грекия деген атау атымен жоқ, б.д.д ІҮ-ІІІ мыңжылдықта Кіші Азия, яғни, қазіргі Түркия жері экономикасы мен мәдениеті шарықтап гүлденген өлке болды. Түрік ғалымы Адиля Айда б.д.д І мыңжылдықта Апеннин жарты аралының терістік батыс бөлігінде Римге дейінгі өркениетті өмірге келтірген этрускілердің тегі түрік екенін дәлелдейді. Ал түрік халықтарының шығу тегін Алтай тауындағы қаншық қасқырмен байланыстыратын аңызды ескерсек, “Ұлын Ұрымға, қызын Қырымға қондырған” деген көне мәтелдің қайдан шыққаны түсінікті болады».[5] Оның үстіне сол кезеңде «алыс-беріс» өте жақсы жолға қойылған болатын. Қытаймен арадағы құдандалық болғаны секілді, гректерде қыздарын прототүркілерге, ақылы асқан сақтарға ұзату кең үрдіске айналған. Мысалы, өмірінің басым бөлігін нағашы жұртында өткізген прототүркі Анарыс гректердің жиені. Жеті данышпанның бірі саналған, сақ Анарыс (Анахарсис) бабамыздың дәнекерлігі гректерге Ұлы дала жетістіктерін таныстырды. Аты аңызға айналған дала данышпаны, Анарыстың нақты өмірбаяны туралы деректер Диогеннің мәліметтерінде кездеседі. Ол шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 605-545 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. 594 жылы «архонт Эвкраттың тұсындағы Олимпиада өтіп жатқан сәтте Афиныға келген. Осы күннен бастап Солонды үйіне іздеп келіп, өмір бойы дос болып өтіпті. Геродот Анахарсисті скиф тайпаларынан шыққан, жастайынан өнер-білімге құмар, Элладаның тілін үйреніп өскен, әскери өнерден де тағылым алған, скифтердің әдет-ғұрпын өте жетік білген, дүниенің сырын білмекке ұмтылған атақты адам» - болған деп көрсетеді. Секст Эмпирик Анахарсисті жеті данышпанның біріне жатқыза отырып, оның емшілік дарынын да айтып өтеді. Философиялық сөздіктер бойынша Анарыс, ешқашан жарақат дегенді білмепті, мұнтаздай таза, кіршіксіз денсаулық иесі саналғандықтан, денесіне жара түсе қалса әп сәтте емдеп жазып алатын Анахарсис – Жараланбайтын атанып кеткен. Анахарсис гректерге тазалықты насихаттап, маскүнемдіктің зиян екендігін нұсқап, сол кездегі сақ даласында кең таралған гимнастикамен айналысуды үнемі ұсынумен болған. Анарыс суда жүзу негізін қалыптастырып, сақтарда ықылым заманнан белгілі желкенді кеме мен оны тоқтату тетігі саналатын зәкірдің не екенін элладалықтарға ұқтырған. Анахарсистің қоғамдық денсаулық сақтау мен салауатты өмір салтын қалыптастырудан бөлек әр салаға байланысты 50 шақты шығармалары болған. Ол элладалықтарға скифтік ойлау және сөйлеу мәнерін қалыптастырған. Бейресми деректерге қарағанда Анахарсис бірнеше мәрте олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Кезінде данышпанды пір тұтқан француз философы әрі төңкерісшісі Жан-Батист Клоотс аты-жөнін Анахарсис деп өзгертіпті. Анахарсис заманында антикаға танылған атақты дәрігер сақ даласынан шыққан Тоқсары (Токсарис) да өмір сүрген. Анарыс Тоқсарыны өз ұстазына балаған. Эллиндік шешен Лукианның жазбаларында Тоқсары Асклепий үмбетімен қатар тұрған асқан дәрігер ретінде сипатталады. Ол қайтыс болғаннан кейін де Афинылықтар варварлық Балгер әулие ретінде оған үнемі құрбандық шалып тұрған екен. Осы тұрғыда эллиндіктер прототүркілерде керектінің бәрі барын мойындағандықтан, сақтарды, олардың бізде БӘРІ БАР дегендеріне орай «варвар» атап кетсе керек. Атақшы тарихшы Геродот, «Тарих» еңбегінде «Скифтерде өмірге қажеттінің бәрі бар» деп көрсетеді. Сондықтан, варвар сөзі «БӘРІ БАР» сөзінен алынғанына еш шүбә болмаса керек (Е.Қ.). Ресейлік ғалым В.Г. Лазаренконың зерттеулеріне сәйкес тіпті, жоғарыда айтылған Асклепий, бұған қоса Прометей, Аполлон, Ахилл секілді ғұламалардың өзі грек емес. Олар шамандар! В.Г. Лазаренконың айтуы бойынша студенттерге медицина тарихы шынайы оқытылып жүрген жоқ. Медицина тарихы медицина табиғатына жақын жуымайды және ондағы беріліп жүрген мәліметтер мүлдем ескірген. Мәліметтер еуропацентризм пайдасына дәлелсіз еншіленген және идеологияландырылған. Бұл тұрғыда жүйелі әрі ғылыми бағыт қажет. Ал, қазіргі мәлімет беру ғасырлар бұрын қолданылған «медицина аталарын» дәріптеу, құрғақ баянда