Жасөспірімдер «некесі»: зорлықшының көбі жақын таныстар
Жасөспірімдер «некесі»:  зорлықшының көбі жақын таныстар
239
оқылды

Зайырлы қоғам құрып, заң­­наманы ізгілендірудің даң­ғыл жолына түскен еліміз үшін адам­­­ға қатысты жаса­латын қыл­мыстың ең сора­қысы «он екіде бір гүлі ашыл­маған» бүл­діршін қыздарды зорлау екені сөзсіз. Мұндай жағдайға ду­шар болмақ түгіл, ондай ха­бар­ды естудің өзі жүрекке ауыр, намысқа ашу боп тиеді. Сондықтан да қаншама гума­низацияға бет бұрамыз десек те, ушығып бара жатқан кри­­­миногендік ахуалдың бетін қай­­­­тару үшін былтыр жыл соңында қатарынан бірнеше заңға жазаны қатаңдата түсе­тін өзгерістер мен толық­­ты­­­ру­­­­­лар енгізілген еді. Соның бі­­­­­­­рі балаларға қарсы жаса­ла­­­тын қыл­мыстар туралы болды.

Татуласуға жол жоқ

Осы қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнамаларды жетілдіре түсу және жеке бас құ­­қы­ғын қорғауды күшейту мәсе­лелері жөніндегі заңға сәйкес зорлау және сексуалды сипаттағы зорлық әре­кеттер ауыр қылмыстар қатарына ауыстырылды. Енді бұл баптар бойынша зорлықшы бұрынғыдай жәбірленушімен татуласып, жауап­кершіліктен құтылып кете алмайды. Соның ішінде балаларға қарсы қылмыс, сексуалды зорлық пен педофилияға да жаза қатаңдай түсті. Ауырлатылған сипатқа жататын бұл қылмыстар үшін 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған. Тіпті, осын­дай зорлық оқиғасын білетін, бірақ тиісті органдарға хабарламаған тұл­­ғаға қатысты да 6 жылға бас бос­­тандығынан айыру жазасы көз­­­делген. Сондықтан да енді кәме­­лет­ке, яки 16 жасқа толмаған жас бала­­мен жыныстық қатынасқа түс­­­кендер бұл жағдай екіжақты келі­­­сіммен болған болса да, жауап­­­кер­­шіліктен құтыла алмайды. Өйткені еліміздегі неке жасы – 18 жас. Соңғы өзгеріс бойынша жазаның ең жеңілі 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бос­тандығынан айыру. Мұндай қа­­дамға мемлекет соңғы жылдары қо­ғамда үлкен резонанс орнатып, аза­мат­тардың наразылығын ту­­­­дырған оқиғалардан соң барып отыр.

Статистика әлі де шошытады

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың 10 айында кәмелеттік жасқа толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы 811 қыл­­мыс­тық іс тіркеліпті. Соның ішінде ішкі істер органдарының күшімен анық­­­­талғандар саны – 803 дерек. Бұл көр­­­­­сеткіш өткен жылғы ұқсас ке­­­­зеңдегі 735 оқиғамен салыс­тырғанда 9,3%-ға көп. Дегенмен статистикаға қылмыстық істерді тіркеудегі көп­­эпизодтық факторы әсер етіп отыр екен. Мәселен, кәме­леттік жасқа толмаған бір балаға қатысты ұзақ уақыт бойы қанша рет қылмыс жасалған болса, сол әр эпизод бөлек қылмыстық іс болып тіркеледі. Сон­дай-ақ бұл 803 қыл­­­­мыстың 29,2%-ы, яки 235-і өткен жылдардан биылға ауысып кел­­­гендер. Яки, жыл басы­нан бері тек 568 іс тіркеліп отыр. «Биыл ең көп эпизод саны мен ең жоғары жаза берілген қылмыстық іс Қарағанды облысында тіркелді. Екеуі бір іс. Мұнда Г. есімді ер адам өзінің өгей қызы С. мен оның дос қызы М.-ны 2019 жылдың басынан ұзақ уақыт бойы зорлап, сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттер жасап және азғындық жолына түсіргені үшін 26 жылға сотталды. Мұнда 74 эпизод дәлелденді. Екі қыз бала да 16 жасқа толмаған. Дәл осы С. есімді жасөспірімді сонымен бірге М. есім­­ді ер адам да қосылып зорлап, сек­суалды сипаттағы зорлық әре­­­кет­­терін жасаған. Оның қатысуымен 16 эпизод дәлелденді. Ол кісі де ұзақ мер­­зімге, 25 жылға сотталды. Осы­­­лайша, бұл 90 эпизод қыл­­мыстық іс ретінде саналып отыр», – дейді ІІМ Тергеу департаменті Алдын ала тер­­­геуді талдау жұмыстары бас­қар­­­­масының аға тергеушісі, полиция капитаны Саят Мүтән. 2015-2019 жылдар аралығында елімізде кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғушылығына қарсы қылмыс 35%-ға, яки 1 225-тен 787-ге азайыпты. Биыл да осы тенденция сақталып отыр деуге болады. Мұның барлығы осы бағытта атқарылып жат­қан жұмыстардың нәтижесі. Жасөспірімдер полицияға келіп өз­­­дері хабарласпайтындықтан, олар­­­­дың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстың болған-бол­­­­­­ма­­­ғанын анықтаудың өзі қиын. Биылғы тіркелген деректердің 38,8%-ында, яки 312-сінде жыныстық қатынасқа түскендер 16 жасқа толмағандар. Оның 146-сын полиция қыз­­­­­мет­­кер­­лері денсаулық сақтау орган­­­­­дарының мәліметтерін тексеру ке­­­зінде анық­­таған. Қазір олар бойынша Қылмыс­тық кодекстің 122-бабы бойын­ша сотқа дейінгі тергеу жү­руде. «Бұл қылмыстың алдын алудағы бір қиындық – әрбір екінші оқиға полиция кез келген уақытта басып кіріп бара алмайтын жекеменшік тұрғынжайларда, яки пәтерлерде, үйлерде, бөлмелерде болатыны. Сондай-ақ мұндай қылмыстарды көп ретте олардың жақын адамдары жасайды. Жыл басынан бергі 803 оқиғаның 538-ін, яки 67%-ын (ал былтырғы 10 айдағы 735 оқиғаның 559-ын, яки 76%-ын) әкелері, өгей әкелері, анасымен бірге тұратындар, көршілері, туыстары және таныс­­­­тары жасаған. Соның ішінде ең кө­бі – 420 оқиғада жақын таныс­та­рының қатысы бар болып шыққан. Одан кейін өгей әкелер тұр – 36 оқи­ға. Бұл оқиғалардың тең жартысы екі жақ­тың келісімімен болған», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ювенальды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бас­қар­­­­масының ерекше тапсыр­­малар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Құттыбаев.

 Шариғаттың шырмауы

Таяуда ішкі істер органдарына Батыс Қазақстан облысында 16 жасар қыз баланың мектептен соң үйіне келмегені туралы ақпарат түскен. Полиция қызметкерлері оның әлеуметтік желідегі парақ­ша­­­­­сына мониторинг жасай отыра, оны хиджап киіп алып, «күйеуімен» бірге түскен суретін салған кезінде қай жерде жүргенін анықтаған. Сөйтсе, ол алдын ала сөз байласып, ешкімге айтпастан, діни көзқараспен «тұр­­­­мысқа» шығып кетіпті. Поли­цейлер қызды үйіне қайтарып, осы дерек бойынша қылмыстық іс қоз­ғады. Алдын ала мәлімет бойынша, «күйеу бала» 5 жылға жазалануы мүмкін. «Шариғат бойынша бала балиғат жасқа толғаннан кейін оның отбасын құруына рұқсат беріледі. Бұл жерде ең бірінші кезекте ата-ананың рұқсаты керек. Екінші мешітте некесін қиғызуы тиіс. Ең әуелі зорлық болмау керек. Ешкімнің ар-абыройы тапталмауы қажет. Үйленетін адам­дардың ақыл-есі дұ­рыс болуы қажет. Содан соң бұл жерде уақытша неке деген болмайды. Мәселен, пайда­­­­ланып алған соң «талақ» бере саламын деген дұрыс емес. Ол шариғатқа қарсы. Батыс Қазақ­стандағы оқиғада қыз бала өзі еркімен барғаны айты­­­­лады. Ондағы зорлықтың болу-бол­­­мауын анықтау құқық қорғау орган­­­­дарының ен­­шісінде. Бала­­­­лық­­­пен жасады ма, басқа себеп болды ма бел­­гісіз. Бірақ ата-анасы білмейді. Қазақ қоғамында неке қиылғанда ата-анасының хабардар болуы маңыз­­­ды. Бұл енді дін мәселесі. Ал біздің еліміз зайыр­­лы мемлекет. Сол тұрғыдан келгенде мұнда барлығы да заң бойынша жүзеге асқанын дұрыс деп санай­­мын», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу ор­­талығы директорының орын­­басары Жан­дәулет Сүлейменов.

Сақтанудың жалғыз жолы – тәрбие

Тәжірибе көрсеткендей, кәме­леттік жасқа толмағандардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің (екі­­жақты келісіммен болса да) ең негізгі себебі – отбасында тиісті тәрбиенің берілмеуі. Қылмыстық істерге жа­салған талдаулар нәти­жесінде жасөспірімдерге қатысты сек­­­­суалдық сипаттағы зорлық жасау қылмысының негізгі себептері ре­тінде бұқаралық ақпарат құрал­­­дарының теріс ықпалы, соның ішін­де интернетке қадағалаудың жоқ­тығы, интернетте жы­ныстық бетімен кетушілік үлгісінің насихатталуы, ересектер тарапынан азғыру немесе азғындыққа итер­­мелеу, жасөс­пірімдердің кез келген адамға орын­сыз сенім танытуы, қарым-қаты­наста мұқият болмауы, зорлық көрсетушілердің моральдық-өнеге­лік қасиеттерінің өте төмендігі, қандай да бір құндылық туралы ұстанымының жоқтығы, жеке басы­ның азғындауы, ішімдікке салынуы тәрізді факторлар аталады. Сондай-ақ талдау нәтижелерінде зорлық­­шылардың орташа статис­тикалық криминологиялық портреті ретінде 20-40 жас аралығындағы жұмыс істемейтін немесе өз бетінше табыс тауып жүрген, орта немесе арнайы орта білімді, жиі ішімдік ішетін ер адамдар анықталған. Ал мұндай қылмысқа жағдай туғызатын шарттар: ата-ана тара­пынан қадағалаудың жоқтығы, кә­­­мелет жасқа толмағандардың үйде, далада, басқа біреудің үйінде және тағы басқа жерлерде қараусыз қалуы, көршілердің, таныстардың, доста­­­рының келуі немесе өздерінің со­­ларға баруы, олардың таныстарға, туыстарға, көршілерге сенім таны­­туы және олардың теріс пиғыл­да­­ры­­ның жоқ екеніне күмәнінің болмауы. Полиция қызметкерлері ең бі­рінші кезекте балаға сақтанып жүруді үнемі ескертіп отыру керегін айтады. Өйткені көп жағдайда қыз балалар танымайтын адамның шақырғанына сеніп, еріп кетеді екен. Ал оның соңы тіпті өліммен де аяқталып жататын кездер аз емес. Сондықтан да азғындаудан сақ­­­­­танудың жалғыз жолы тәрбие боп қала бермек.

Нұрлан ҚОСАЙ