Қызылорда облысында тойханалар шағын кәсіпкерлік нысандары мен өндіріс орындарына айнала бастады. Бұл жөнінде облыстың Кәсіпкерлік және туризм басқармасы мәлімдеді.
Сала мамандарының айтуына қарағанда, облыста қазір жалпы саны 128 тойхана бар. Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай мен карантиндік шараларға байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулысымен тойханалардың қызметіне тыйым салынған еді. Бұл қауіпті дерттің алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған амал. Дегенмен қызмет етуге тыйым салынған кәсіпкерлік нысандарын қайта жандандыру және басқа салаларға бағыттау мақсатында облыс әкімдігінің «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» әзірленген. «Жоспар аясында 10-нан аса тойхана қызметін өзге салаларға бағыттады. Атап айтқанда, Арал ауданындағы «Ақниет» тойханасы киім-кешек сататын сауда нысанына айналды. Ал Қармақшы ауданындағы «Алтын Ғасыр» тойханасы енді отбасыға арналған киімдер сататын сауда орталығы болды. Сол аудандағы «Мәлике Ана» тойханасы енді балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнімдер өндіретін цехына ауыстырылды. Қызылорда қаласында орналасқан «Ұлытау» тойханасы шырындар мен сусындар өндірсе, «Oрдa» тойханасы автоматтандырылған лаваш шығару өндірісін іске қосады», – деген мәлімет таратты облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы. Басқарма таратқан мәліметтерге қарағанда, бірқатар тойхана иелері нысандарды тіпті құс шаруашылығымен айналысуға бейімдемек ниет танытқан. Сонымен қатар медицина орталығы ретінде қайта жабдықталған, құрылыс материалдары дүкеніне айналған тойханалар да бар. Мұндай қадамдар коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер кезінде шағын және орта бизнестің заман талабына қайта бейімделуінің көрінісі болып отыр. Ең бастысы, біраз уақыт тоқтап қалған тойханалар қайтадан табыс таба бастайды. Бірақ ендігі бағыты бөлек болмақ.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы