Бес ай бұрын бастау алған байқауға бас-аяғы 20-дан аса шығарма ұсынылған. Ал додаға Жамбыл облысының ғана емес Алматы мен Түркістан өңірлерінің шымбайдан шымшып, тікенек тұспалдап жеткізетін қаламгерлері қатысып, бағын сынады.
Ал үміткерлердің жұмысын ардагер журналист Болат Жаппарұлы, Жазушылар одағының мүшесі, сатирик-ақын Бақытжан Советұлы, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директоры Оралхан Дәуіт, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман сынды қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысында шашасына шаң жұқпаған жас жүйрік М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті Шапағат Әбдір бас жүлдені қанжығаласа, бірінші орын ардагер журналист Асқарбек Сейілханға бұйырды. Жүлделі екінші орынды Түркістан облысы Сайрам ауданы «Исфиджаб» ЖШС-на қарасты «Пульс Сайрама» газетінің тілшісі Салтанат Абылбекова мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас өзара бөлісті.
Үздік үштіктен Жамбыл облыстық ARAI жастар газетінің тілшілері Саятхан Сатылғанов, Талғат Нұрхан және қаламгер Ақерке Кенжебек көрінді. Ал ең жас қатысушы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Диляра Матвай ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Марапат барысында бас жүлде иегері Шапағат Әбдір:
Құс көрдім, қасқыр құсап ұлиды екен,
Түс көрдім алтын бопты құм илесем.
Тараздың суайттары қалайсыздар,
сіздермен жалған емес,шын үйлесем.
Жұмаққа жаңа ғана барып келдім,
Поровойы күнменен жылиды екен.
Тозаққа да, көзімді салып өттім,
Деген жоқ маған ешкім «жүр үйге сен».
Бір білгенім короновирус кезінде ақша жеген
Адамдар ол жақта да құриды екен.
«Таразға барам» деп ем, сәлем айтты,
Жамбыл мен Абай атам бір үйде екен.
Тастан салсаң орнында тұрмайды деп,
Алтыннан құйсаң тағы шіриді екен,
Мүсінімді қорладың деп Қонаев ұрысты,
Кейде бізден көңілі суиды екен.
«175 жылдығымды тойлады» деп,
Тек Ұлы Абай Тоқаевқа риза екен, – деп табанда суырып салып, жүзден жүйрік екенін танытты.
Айта кетейік, Тараз қалалық Jambyl-Taraz газеті бұған дейін де «Кітап оқып, миллионер атан!» атты байқаудың түндігін түргізіп, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытында игі іс қылған болатын. Енді міне шоқ тілді Шона ақынның туған күніне орай да ерекше байқау өткізіп, көптің ықыласына бөленіп отыр.