Былтыр шілде айының соңында қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заң күшіне енді. Бас прокуратура жобасын жасаған заң азаматтардың конституциялық құқын қорғауды нығайтуды және құқық қорғау қызметін ізгілендіруді көздейді. Осы заңнан кейін Қылмыстық кодекстің 262 бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 45 және Қылмыстық-атқару кодексінің 9 бабына түзетулер енгізілді.
Бұл түзетулер еліміздің қылмыстық-құқықтық саясатын жазалаушыдан құқық қорғаушы қызметке ауыстыруға ықпал етуі тиіс. Мысалы, орташа ауыр және аса ауыр емес, сондай-ақ кісі өліміне соқтырмаған 247 қылмыс түрі бойынша баламалы жаза түрінде қоғамдық жұмысқа жегу елімізде алғаш рет енгізілді.
«Бұл өз кезегінде сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік береді. Айыппұлдың ең төменгі мөлшері 500 айлық есептік көрсеткіштен 200 АЕК-ке (1,2 млн теңгеден 481 мыңға дейін) төмендетілді. Ал оны төлеудің мерзімі ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша 6 айдан 3 жылға дейін ұлғайтылды. Бұл мыңдаған азаматтың айыппұл көлемін және өтеу мерзімін ұзарту бойынша сотқа жүгінуіне мүмкіндік береді» дейді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Жалпы, еліміздің құқықтық даму саясаты туралы сөз қоғағанда ұлттық заңнамамызды жетілдіруде жаңа мақсат көздеген ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын айналып өтуге болмайды. Себебі бұл Тұжырымдама құқық қорғау мен сот жүйесін дамытуды, әлем тәжірибесінің озық үлгілерін ескеріп, құқықтық-демократиялық қоғам құруды мақсат еткен. Айта кетейік, бұл құжатқа дейін 2002 жылдан дәл осындай тұжырымдама қолданыста болған. Ол құжатта ұлттық заңнаманы түбегейлі реформалау, әлемдік стандарттарға жақындау туралы кеңінен айтылған. Бұл ретте алғашқы тұжырымдама өз міндетін орындады деуге негіз бар. Өйткені Қазақстандағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіру туралы ең алғаш сол құжатта жазылды. Сөйтіп, қылмыстық кодекстегі өлім жазасына мораторий енгізілді. Еңбек, бюджет, жер, экология, салық сияқты аса маңызды кодекстер жасалып бекітілді. Бұрын-соңды елімізде жұмыс істемеген Адам құқықтары жөніндегі өкіл институты енгізілді.
Ал біз бүгін сөз ететін 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында ұлттық құқықтың негізгі салаларын дамыту мен құқық қорғау және сот жүйелерінің қызметін нығайтуға басымдық берілген. Өткен жылдың шілдесінде күшіне енген қылмыстық заңнаманы ізгілендіру туралы заң да 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында жүзеге асты.
Аталған заң шеңберінде меншікке қарсы, экономикалық және кейбір қылмыстар бойынша айтарлықтай, ірі және аса ірі залал мөлшері 2 есеге дейін жоғарылатылды. Бұл түзетулер сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу мен алаяқтық үшін бас бостандығынан айырылған 2,5 мың тұлғаға қатысты болды.
«Қылмыс құрамы ауыр 12 қылмыс бойынша баламалы жаза ретінде соттар бас бостандығынан шектеуді тағайындауы мүмкін. Оларға әскери, экономикалық, лауазымдық және меншікке қатысты қылмыстар жатады. 32 қылмыс бойынша, оның ішінде 13 экономикалық қылмыс бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімінің жоғарғы шегі 2-3 жылға төмендетілді. Қысқа айыппұлдардың қолдану аясы кеңейді. Енді алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу бойынша айыппұл мөлшері келтірілген залал кұнының 10-нан 20-ға дейін еселенді» дейді Марат Мұратұлы.
Сотталғандардың қоғамға қауіпті емес санатына және алғаш рет 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылғандарға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеу шарттары жеңілдетілді. Олар қауіпсіздігі төмен мекемелерге жіберіліп жатыр. Былтырғы дерек бойынша, қауіпсіздігі төмен мекемелерге қатаңырақ режимдегі 400 сотталған азамат ауыстырылуы тиіс болған. Ізгілендіру 5 мыңға тарта адамға ықпал етеді деген болжам бар, бірақ бұл 5 мың адам бір мезетте босатылады дегенді білдірмейді. Бұл үрдіс кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сотталғандардың арасында жазаның едәуір бөлігін өтеген, сондай-ақ залалдың орнын толтырған және жүріс-тұрысы оң азаматтарды сот сол мезетте босата бастады. Басқа сотталғандарға жаза мерзімін төмендетеді, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға жақындатады. Өткен жылдың екінші жарты жылдығынан бастап, қылмыстық тергеу органдары мен сотқа неғұрлым жеңіл шараларды қолдану мүмкіндігін қарастыру және оларды қолданудың мүмкін еместігі бойынша себептерді негіздеу міндеттеледі.
Мәжбүрлі еңбектің жалпы мерзімі бір жылға 100 сағатқа дейін қысқартылған. Ал тұрақты тұрғылықты жері бар немесе оқудағы сотталғандарға мәжбүрлі еңбек қолданылмайтын болды.
Құқық саясат тұжырымдасының екінші бағыты бойынша Ішкі істер департаменттері мен Жергілікті полиция қызметінің жанынан Ішкі істер министрлігінің облыстық полиция департаменттері құрылды. Бұл дара басшылық пен тікелей бағыныстылық принципін сақтайды.
Енді ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша полиция департаменттерінің бастықтарын қызметке облыс әкімдері тағайындайды және босатады. Бұл құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімділігін арттырады деген үміт бар.
Жасыратыны жоқ, қоғамда қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге қатысты түсініспеушілік бой көрсетіп тұрады. Сондықтан мына жайттың басын ашып айту ләзім: ауыр қылмыстар – кісі өлтіру, зорлау, азаптау, экстремизм мен терроризм және қылмыстың ұйымдастырылған түрлерін жасағандарға ізгілендіру қолданылмайды!
Бір айта кетері, еліміздегі құқық қорғау саласында реформалар жүргізілген жылдары қылмыс 7-10 пайызға төмендеген. Мысалы, 2012 жылдан бастап түрмедегілердің саны 19 мың адамға азайды, егер 2012 жылы түрмелерде 52 мыңнан астам адам болса, былтыр олардың саны 33 мыңды құрады. 2012 жылмен салыстырғанда 2017 жылы ауыр және аса ауыр қылмыс саны 22, зорлау дерегі 43 (2,3 мыңнан 1,3 мыңға) және қарақшылық 59 (1 700 мыңнан 700-ге) пайызға азайған. Ал түрмеде отырған адамдардың индексі бойынша Қазақстан 220 мемлекеттің арасынан 78-ші орынға көтерілді.
Айдана БЕГІМ