Банктер мемлекетке төлейтін төлемдерін миллиардтаған сомаға азайтыпты. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, 2020 жылдың 10 айында бюджетке 6,8 трлн теңге сомасында ғана кіріс түсті. Жоспар тек 94,7%-ға орындалған. Яғни, бюджет жыл басынан бері бақандай 667 миллиард теңгеден қағылыпты.
Бас қаржыгердің айтуынша, бюджет түсімдері жоспарының орындалмауына қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарының азайып кеткені себеп. Өйткені біріншіден, отандық компаниялардың экспорты азайған. Екіншіден, шектеулер және дағдарыс салдарынан жабылған заңды тұлғалар, кәсіпкерлік нысандары көбейді: әрекетсіз салық төлеушілер саны бірден 8,1 мыңға артты. Үшіншіден, екінші деңгейдегі банктерден түсетін түсімдер 11,8 млрд теңгеге азайды. Қаржы министрлігі амалсыздан бюджет кірісі бойынша тәбетін басуға мәжбүр. Жақында 2020 жылдың нақтыланған бюджеті қабылданды, онда салықтар және салықтық емес түсімдер бойынша жоспар түзетілді. Өткен 10 айда жалпы сомасы 9,3 трлн теңге үлестірілген 1,3 млн тендер рәсімі камералық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындысында жалпы көлемі 698 миллиард теңгенің бұзушылығы анықталып, жойылған. 1,6 мың аудиторлық іс-шара өткізіліп, 872 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 198 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы әшкереленді. «Тауарлар жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өндірту және есепке алу бойынша көрсету жолымен 172 млрд теңгенің бұзушылығы жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 1 411 ұсыным берілді. Оның ішінде 1 101-і орындалды», – деді министр Е. Жамаубаев. Үкімет мемлекет мүліктерін – активтер мен кәсіпорындарды сатуды жалғастыруда. 2020 жылы 74 нысанды өткізу жоспарланған. Оның 39-ы сатылымға шығарылды. «Жыл басынан бері жалпы алғанда 100,4 млрд теңгеге 7 объекті сатылды. Саудада тағы 32 объекті тұр. 6 нысан таратуға жіберілді. 16-сы жыл соңына дейін сатуға қойылады. 13 нысанды сату 2021-2024 жылдарға ауыстырылды», – деді министр.Айхан ШӘРІП