Мессенджерлер қаржы пирамидаларының «жерұйығына» айналып барады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының жүзден аса тұрғыны WhatsApp-тағы әлдебір топқа ақша салып, жаппай алданғаны белгілі болды.
Зардап шегушілер қаржы пирамидасына 100 мың теңгеден салыпты. Оларға алаяқтар екі ай ішінде салымын екі еселеп, 200 мың теңгеден қайтаруға сөз берген екен. Қазіргі кезде ШҚО-да қаржы пирамидасын құру фактісі бойынша 3 адамға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Облыстық Экономикалық тергеу департаментінің хабарлауынша, күдіктілер WhatsApp мессенджерінде топ ашып, қаржы пирамидасын құрған. Олар хабарлама таратып, салынған ақшаны аз уақытта еселеп қайтаруға уәде етіпті. «Алайда аударылған ақша кері қайтарылмайтын болған. Ал пайыздық өсімді беру о бастан мүлдем қарастырылмаған. Нәтижесінде, қаскөйлердің тұзағына 113 адам түсіп қалды», – деді департамент қызметкерлері. Олар тұрғындарды қысқа мерзімде шектен тыс көп табысты уәде ететін жобаларға күмәнді инвестиция салудан аулақ болуға шақырды. Мұндайда тіпті қылмыскерлер ұсталғанымен, зардап шеккендерге қаржысын қайтармауы мүмкін. Ал қаржы пирамидасын құрушылар Қылмыстық кодекске сәйкес 5 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Бар мүлкі тәркіленеді.Елдос СЕНБАЙ