«Nur Otan» партиясының жанындағы «Аграрлық сектор» бағытындағы аймақтық комиссия мүшелері Қызылорда облысындағы «Жан-Арай» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстарды жетілдірудің жай-жапсарын талқылады.
Атап өту керек, өңірде мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер бар. Сыр диқандары су тапшылығының туындауына қарамастан, биыл күріштің әр гектарынан орташа 61,8 центнерден өнім алып, 551 мың тоннадан астам ел қамбасына астық құйып, кезекті рекордтық көрсеткішті жаңартып отыр. Аграрлық салада өндірілген өнім көлемі 94,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 1,8 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 1,6 есеге ұлғайған. Биыл облыс бойынша барлығы 184,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі соңғы бес жылда 16 мың гектарға көбейген. Кездесуде облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының кеңесшісі Омархан Пашкенов суармалы суға байланысты жыл сайынғы мәселелерді ескере келе, егіншілік саласын әртараптандыру бағытындағы қолға алынған жұмыстарды да атап өтті. «Соңғы бес жылда өңірде мал азығы дақылдары 4,0 мың гектарға, күріштен басқа дәнді дақылдар 7,5 мың гектарға артты. Әртараптандыруға бағытталған соя, жүгері және бидай дақылдары егісінің көлемін ұлғайтып, аквагельді пайдаланып егілген 80 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 18,0 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ алдағы кезде күріштің егіс көлемін азайтып 80-85 мың гектарға тұрақтандырып, орнына диверсификациялы дақылдар егу көзделіп отыр. Келесі жылы Қазалы ауданында жаңбырлатып суғару тәсілімен егілетін 87 гектар жүгері, Жаңақорған ауданында томат пастасы өндірісін ашуға бағытталған 3 мың гектар қызанақ егу бірінші кезекте іске асырылмақ. Ал Шиелі ауданында пайдаланылған ағын суды қайта қолдану арқылы жаңбырлату тәсілімен 10 мың гектарға жоңышқа дақылын егу қолға алынады» деп атап өтті. Инновациялық технологияны қолданысқа енгізіп, күрішті ақтап қана қоймай, оның қалдығынан мал азығын дайындап отырған өндіріс орнының ұжымы кездесу барысында құрама жемге мемлекет тарапынан субсидия берілсе деген ұсынысын жеткізді. Жалпы, «Жан-Арай» агроөнеркәсіп кешені әртараптандыру бағытында алма бағы, ет бағытындағы қаз бен үйрек өсіріп отыр. Алдағы уақытта жаңадан өндіріс көздерін ашу мақсатында жылыжай, көтерме сату орталығы жобаларын жүзеге асырмақ.А.ЖАСАНҰЛЫ