«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасы қызу пікірталас туғызып жатыр. Белсенділердің пікірінше, шикі және қайшылыққа толы заң жобасы мемлекеттік органдардың құзыретін кеңейтіп, отбасы институтына қауіп төндіруі мүмкін. Сонда полицейлер басқа біреудің арызы бойынша баланы үйінен тартып әкете ала ма? Азаматтарды ата-ана құқығынан айыру ережесі өзгере ме? Баланы таяқпен тәрбиелеуге тыйым салынған ба?
Заң жобасына көңілі толмағандар «Қазақстан ата-аналары ювеналды юстицияға қарсы» деген қозғалыс құрған. Олардың ойынша, бұл құжат отбасы институтын күйретуге, әке-шеше мен баланың арасын бұзып, ата-ана құқығын шектеуге бағытталған. – Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік органдар баланы қорғаймыз деп түрлі сылтаумен отбасының ішкі ісіне араласады. Бөтен адамның арызы бойынша баланы тартып алуға немесе ата-ананы 30 тәулікке қамауға рұқсат етіледі. Баланы жәбірлеуі мүмкін деген болжамға ғана сүйеніп, ата-ана құқығынан айыра алады. Меніңше, елімізде балаларды күшпен тартып алатын механизм енгізілуде, – дейді қозғалыс жетекшісі Дина Садердинова. Енді белсенділер заң жобасына қарсы петицияға қол жинап жатыр. Оған құқық қорғаушылар да қосылған. Арасында ата-ана көп. Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған құжатқа наразылық ретінде 15 мыңға жуық адам қол қойған. «Конституцияның 27-бабында: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінген. Осы негізде мемлекет отбасындағы тәрбие процесіне араласпай, тек олардың өмір сүруіне мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасауы керек. Көптеген грамматикалық және стилистикалық қатемен асығыс жазылған заң жобасы «Неке және отбасы туралы» кодекске қайшы келеді», – дейді петиция авторлары. Белсенділер заң жобасында отбасылық жанжалдар ерекше қатыгездікпен, болмаса алдын ала сөз байласып жасалған ауыр қылмыстармен теңестірілген деп алаңдайды. Мысалы, баласын шапалақпен ұрғаны үшін ата-аналарға 2 млн теңге айыппұл салынуы ықтимал. Тіпті, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы ғажап емес. Дина Садердинованың сөзінше, заң жобасындағы «зорлық-зомбылық» түсінігі қасақана кеңейтілген. Оның ішінде отбасындағы «жыныс еркіндігі» деген ұғым ұлттық менталитетке жат. Яғни, бала өзінің ұл не қыз екенін өз бетімен анықтауға қақылы. «Қазіргі таңда жыныс еркіндігіне қол сұғу әлімжеттік саналады. Бұл заңды әзірлеген және дауыс берген депутаттардың не ойлағаны бар?» деп күйінеді белсенділер. Сондай-ақ петицияға қол қоюшылар отбасындағы экономикалық және психологиялық зорлық-зомбылық ұғымдары шикі екенін айтады. Заңда баланы тұрғын үйден, киімнен, тамақтан және өмір сүру құралдарынан шектеу мәселесіне айрықша назар аударылған. – Демек, тұрғын үй тар, баланың жеке бөлмесі жоқ деген желеумен отбасы мүшелері ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін, – деп қауіптенеді Дина Садердинова. Қысқасы, қоғамда жаңа заң жобасы күшіне енсе, мемлекеттің баланы тартып алып, ата-ана құқығынан айыру құзыреті артады деген қорқыныш бар. Белсенділер отбасында зорлық-зомбылық болған жағдайда баланы қорғаншылық және қамқоршылық органдары емес, полицейлердің тартып әкете алатынына наразы. – Баланы алып қоюдың, ата-ана құқығын шектеудің немесе айыру айқын дәлелдер арқылы сот актісі негізінде ғана рұқсат етілуі тиіс. Мұндай рәсімдер «Неке және отбасы туралы кодексте егжей-тегжейлі регламенттелген, – дейді Дина Садердинова. Алайда кейбір азаматтар петиция авторларының жанайқайын жапқан жала, жаққан күйе деп есептейді. Депутат Айгүл Нұркинаның айтуынша, құжатты талқылау кезінде жұмыс тобының бірқатар ұсынысы қолдау таппаған. – Мәселен, отбасылық-тұрмыстық заңбұзушылықтарды толық криминализациялау ұсынылды. Бірақ құқық қорғау органдары мен сот өкілдері Әкімшілік кодексте қаралатын істерді қылмыс санатына кіргізуге қарсы шықты. Сонымен қатар «жыныс еркіндігі» терминін алып тастадық, – дейді халық қалаулысы. Ал «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысқан заңгер Халида Әжіғұлова баланы полицейлер тартып әкете алады деген сөздің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. – Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы қоңырау түскенде баланы отбасынан тартып алуға емес, тексеруге барады. Егер тәртіп сақшысы баланың өмірі мен денсаулығына қатер төніп тұрғанын байқаса, әрине кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығына апарады. Қамқоршылық органдары тек күндіз жұмыс істейді. Түнде, мереке күндері, демалыс күндері үй-үйді аралап жүрмейді. Ал полиция тәулік бойы қызмет атқарады. Шапалақпен ұрғаны үшін ата-ананы ешкім құқығынан айырмайды. «Жаңа бәтеңке сатып әпермедің» деп баланы тартып алған бірде-бір оқиға жоқ. Сондықтан байбалам салудың қажеті шамалы. Заң жобасының мақсаты – отбасы құндылықтарын бұзу емес, көмекке зәру адамдарды қорғау, – деді құқықтану докторы.Еркебұлан НҰРЕКЕШ