«Мәдениетке» өзгеріс енді
«Мәдениетке» өзгеріс енді
311
оқылды

Мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылды. Заң бойынша енді мәдениет са­­­ласында бірқатар өзге­ріс болатын сыңайлы. Мә­селен, заңға енгізілген түзетулер фо­­­­нограммамен ән айту, кі­тапхана мен мұра­жай қыз­­меті, авторлық құ­қық, өңірлік қоғамдық кеңес­тер құру тәрізді мә­селелерді рет­темек. Ал іс жүзінде ше? Сауал көп болып тұр.

Фонограммасыз ән

Заңға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы мәселе кө­те­рілген сәтте көпшіліктің арасында дау болған дүниенің бірі – фо­но­грамма. «Әу демейтін қа­зақ жоқ» де­сек, сол қазақтың фонограммамен ән айтуын әбестік көріп келгендер де көп. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырған секілді. Енді заңға сәйкес бұдан былай барлық жарна­малық өнім­дерде және кассалар жанында мін­детті түрде фонограм­маны пайдалану бойынша хабарлама берілуі міндетті. Осыған орай, талға­мы биік көрермен концертке бару-бармауды өзі таң­дайды. Ал бұл ән­­ші­­­лердің «фоно­граммамен» ән ай­­туын шектеуге таптырмас мүм­кіндік. Мәдениет министрі кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев: «Бұдан бөлек орындаушылардың концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдіс орын алған, жоспар­ланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдауына да аталған заңмен тыйым салынады», – дейді. Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласын көркемдік кеңес реттеп келді. Кез келген ән, көркем туынды көркемдік кеңестің сынынан өткен соң ғана эфирге жіберілетін. Қазір «шөп те өлең, шөңге де өлең» болып кетті. Мұның бәрін реттейтін көр­кемдік кеңес болуы тиіс. Соңғы бес жылда көркемдік кеңес жұмысын қайта жандандыру мәселесі күн тәртібінде тұрды. Театр репертуары жақсарса, киножобалардың сапасы артса, әдебиет пен өнерде жақсы шығармалар туып жатса, бұл да көркемдік кеңестің жұмысына бай­ланысты. Талқыдан өткен шығарма ғана оқырманға не көрерменге жол тартады. Көркемдік кеңестің жұмыс істегені – заңды. Алайда жаңа заң бойынша енді республикалық көркемдік кеңеске жетпес бұрын әуелі өңірлік мәдениет ұйымда­рының қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын өңірлік көркемдік кеңестер құры­латын болды. Әр аймақтың мәдениет ұйымдары лайық деп санаған шы­ғарманы өңірлік кеңестер қарайтын болады. Содан кейін ғана респуб­ликалық көркемдік кеңеске ұсы­нылмақ. Сонда бұл қалай болғаны? Өңірлік кеңестерге бәрі «алақан­дағыдай» жақсы таныс, олар көңіл­жық­пастықпен өздеріне белгілі дү­ние­­лерді «бармақ басты, көз қыс­тымен» өткізіп жібермесіне кім кепіл? Ерлан Жұрынбаев «кейбір об­лыстардағы олқылықты сол өңір­дегі мамандар республикалық көр­кемдік кеңестің мүшесінен артық білетіні заңды. Ал аймақтан аражігі ажы­рамай, шешімін таппай келген түйт­кіл республика көлеміндегі көр­кемдік кеңесте де сол күйі қалып қойып жатады. Осыған орай, аталған заңның аясында өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын өңірлік көркемдік кеңестер құрылатынын» айтып отыр. Сенатор Айгүл Қаппарова: «Мә­дениет министрлігі жанынан көр­кемдік кеңес жұмыс істеп келді. Бұл кеңес байқау жариялайды, сол бай­қау бойынша мықты шығар­­маларды анықтайды. Мәселен, әр өңірде мықты-мықты жекеменшік студия­­лар бар. Шымкенте «Сақ» студиясы бірнеше жыл болды сапалы ани­мациялық фильмдер түсіріп келеді. Осындай студиялар ұсынған жоба­ларды республикалық деңгейдегі комиссия қарап, ұсы­­ныстарын бе­кітеді. Ал өңір­лерде құрылатын көр­кемдік кеңестер республикалық кеңес­тердің жұ­­мысын жеңілдетпек. Өңірлік кітап­хана, цирк, мәдениет ұйым­­дары бар – солардың жұмысын үй­лестіреді, сапасын қарайды, жақ­сы жобаларды республикалық дең­­­гейдегі комиссияға ұсынып, проб­­­лемаларын жеткізетін бо­лады», – дейді. «Өңірлік көркемдік кеңестер тамыр-таныстыққа жол беріп жібермей ме?» деген сауалымызға сенатор: «Мәдениет ұйымдары жа­нынан құрылатын кеңес болған соң, оған сол өңірдегі мықты мамандар іріктеліп алынады. Олар мұндай «әбестікке» жол бере қоймас» деген пікірін жеткізді.

Кітапхана ақылы бола ма?

Жаңа заңға енгізілген норманың бірі – мұражайлар мен кітапхана жұмысын заманға сай жандандырып отыру. Министрлік өкілдері «кітап­ханалар енді мемлекет қор­­жынына қол созып отыра бермейді» дейді. Яғни, олар өзін-өзі қаржыландыруы тиіс. «Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда мұражайлар мен кітап­ханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарас­тырылған. Тізім сол кезде мем­лекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен мұра­жай­ларға құқық беру үшін заңға енгі­зілген еді. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе, коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік меке­­мелердің нысанында құрылған ұйымдардың бұндай қызметке құ­қығы жоқ. Алайда бүгінде Қазақ­станның көптеген мұра­жайлары мемлекеттік кәсіп­орын­дарға ай­налған. Аталған заң­­дағы мұражайлар мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіп­­орындардың ақылы қызметтер көр­сету аясын шектеп отыр. Сондықтан заң жобасында осы норманың таралуын мекемелер түрінде құрыл­­ған ұйымдарға ғана қолдануды ұсын­дық. Кәсіпорындар ендігі жерде өз қызметін «Мемлекеттік мүлік тура­лы» Заңы талаптарының аясында іске асырады», – дейді министрлік. Бізге осы тұсы қызық болып тұр. Кітапхана мен мұражай қалай өзін-өзі қаржыландырады? «Қолда­­­­­­­­ныстағы «Мәдениет туралы» заңы­ның 24-бабында кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түр­лерінің тізімі қарастырылған. Мемлекеттік кітапханалар өздерiнiң негiзгi қызметiне қатысы жоқ тауар­­ларды (жұмыстар, қызметтер) өт­кiзуге құқылы. Кітапхана заңға сәйкес оқырмандарға бірқатар ақылы қызмет (көшірме жасау, ска­­­нерлеу, анықтама орындау, УДК қою, т.б.) көрсетеді. Осы ақылы қызмет көрсетуден түскен ақшаны жыл бойы кітапхананың материал­дық-техникалық базасын нығайтуға пайдалануға болады, яғни техни­калық жабдықтар (компьютер, принтер, сканер, т.б) сатып алуға болады. Қолданыстағы ақылы қыз­мет тізімі мен баға 2011 жылы бекітілгендіктен, ол қазіргі нарық жағдайына сәйкес келмейді, осыған орай бүгінгі таңда ақылы қызмет түрлерінің тізімі мен баға прей­­­скуранты бойынша жаңа ұсыныстар жинақталуда», – дейді Алматыдағы Ұлттық кітапхана директоры Бақыт­жамал Оспанова. Көшірме жасау, сканерлеу, анық­тама орындаудан түскен табыс кі­тапхананы қаржыландыруға жете ме? Ол үшін мұндай қызмет түр­лерінің бағасы екі еселенуі керек. Ондай болса, кітапхана қызметін ақылы пайдаланушылар саны кеміп кетпей ме? Онсызда кітап оқи­тын­дардың саны жыл сайын төмен­деп келеді. Әрі олар «ақылы» қыз­метке бара қояр ма екен деген қауіп басым.

Қаламгерге қаламақы қалай беріледі?

Бұған дейін қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілген еді. Ол тәжі­рибе бойынша автордан әдебиет­терді сатып алу арқылы ол әдебиетті қайта шығаруына немесе кітап дү­­­­­кен­­деріне сатуға яки басқа жолдар арқылы сатуға құқығын шектеу мә­селесі болған еді. Бұған авторлар ке­­­­лісім бере қойған жоқ. Мемле­кеттік сый­лықтың иегері, белгілі ақын Несіп­бек Айтұлы «мұндай са­тып алу – автордың құқығын шек­тейді. Екі мың данамен таратып, кі­табымды сатып алу – өте күлкілі жағ­­­дай. Бұған келісім бермес едім» дейді. «Мемлекет әдебиетті оны мем­лекеттік кітапханаларға өтеусіз не­гізде тарату үшін ғана сатып ала­тынын айта кеткен жөн. Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкен­­­деріне сатуға яки оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің ха­лыққа мәдени өнімнің қолже­тімді­лігін қамтамасыз ету жөніндегі мін­­­де­ті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапха­­­наларына әдебиетті басып шығару және тарату мақса­тында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарасты­рылып отыр. Одан әрі, автор оны басып шығаруға және Қазақстан Респуб­ликасының заңда­­рымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдар­мен таратуға құқылы бола­ды», – дейді министрлік. Демек, автор баспамен келісімге келуі тиіс. Яғни, баспа белгілі бір мерзімге автордан кітабын сатып ала­­ды да, шығару құқығына ие бо­лады. Ол мерзім біткен соң, ав­тор­дың кітапты қайта шығаруға құқы бар. Әрие, бұл жерде бекітілген мер­­­­­­зімге байланысты. Автор ұзақ мерзімге келісе қоймайтыны анық. Бұл – бір. Екіншіден, баспагер де, автор да табыс таппай ма? Ол үшін шығарма сұранысқа ие болғаны жөн. Нарықтың талабы – осы. Сон­дықтан оқырманның сұраны­сын анықтау да маңызды. Сонда ғана баспагер де, автор да ұтыл­май­ды.

ГулзиГүлзина БЕКТАС