Мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылды. Заң бойынша енді мәдениет саласында бірқатар өзгеріс болатын сыңайлы. Мәселен, заңға енгізілген түзетулер фонограммамен ән айту, кітапхана мен мұражай қызметі, авторлық құқық, өңірлік қоғамдық кеңестер құру тәрізді мәселелерді реттемек. Ал іс жүзінде ше? Сауал көп болып тұр.
Фонограммасыз ән
Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе көтерілген сәтте көпшіліктің арасында дау болған дүниенің бірі – фонограмма. «Әу демейтін қазақ жоқ» десек, сол қазақтың фонограммамен ән айтуын әбестік көріп келгендер де көп. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырған секілді. Енді заңға сәйкес бұдан былай барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама берілуі міндетті. Осыған орай, талғамы биік көрермен концертке бару-бармауды өзі таңдайды. Ал бұл әншілердің «фонограммамен» ән айтуын шектеуге таптырмас мүмкіндік. Мәдениет министрі кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев: «Бұдан бөлек орындаушылардың концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдіс орын алған, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдауына да аталған заңмен тыйым салынады», – дейді. Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласын көркемдік кеңес реттеп келді. Кез келген ән, көркем туынды көркемдік кеңестің сынынан өткен соң ғана эфирге жіберілетін. Қазір «шөп те өлең, шөңге де өлең» болып кетті. Мұның бәрін реттейтін көркемдік кеңес болуы тиіс. Соңғы бес жылда көркемдік кеңес жұмысын қайта жандандыру мәселесі күн тәртібінде тұрды. Театр репертуары жақсарса, киножобалардың сапасы артса, әдебиет пен өнерде жақсы шығармалар туып жатса, бұл да көркемдік кеңестің жұмысына байланысты. Талқыдан өткен шығарма ғана оқырманға не көрерменге жол тартады. Көркемдік кеңестің жұмыс істегені – заңды. Алайда жаңа заң бойынша енді республикалық көркемдік кеңеске жетпес бұрын әуелі өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын өңірлік көркемдік кеңестер құрылатын болды. Әр аймақтың мәдениет ұйымдары лайық деп санаған шығарманы өңірлік кеңестер қарайтын болады. Содан кейін ғана республикалық көркемдік кеңеске ұсынылмақ. Сонда бұл қалай болғаны? Өңірлік кеңестерге бәрі «алақандағыдай» жақсы таныс, олар көңілжықпастықпен өздеріне белгілі дүниелерді «бармақ басты, көз қыстымен» өткізіп жібермесіне кім кепіл? Ерлан Жұрынбаев «кейбір облыстардағы олқылықты сол өңірдегі мамандар республикалық көркемдік кеңестің мүшесінен артық білетіні заңды. Ал аймақтан аражігі ажырамай, шешімін таппай келген түйткіл республика көлеміндегі көркемдік кеңесте де сол күйі қалып қойып жатады. Осыған орай, аталған заңның аясында өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын өңірлік көркемдік кеңестер құрылатынын» айтып отыр. Сенатор Айгүл Қаппарова: «Мәдениет министрлігі жанынан көркемдік кеңес жұмыс істеп келді. Бұл кеңес байқау жариялайды, сол байқау бойынша мықты шығармаларды анықтайды. Мәселен, әр өңірде мықты-мықты жекеменшік студиялар бар. Шымкенте «Сақ» студиясы бірнеше жыл болды сапалы анимациялық фильмдер түсіріп келеді. Осындай студиялар ұсынған жобаларды республикалық деңгейдегі комиссия қарап, ұсыныстарын бекітеді. Ал өңірлерде құрылатын көркемдік кеңестер республикалық кеңестердің жұмысын жеңілдетпек. Өңірлік кітапхана, цирк, мәдениет ұйымдары бар – солардың жұмысын үйлестіреді, сапасын қарайды, жақсы жобаларды республикалық деңгейдегі комиссияға ұсынып, проблемаларын жеткізетін болады», – дейді. «Өңірлік көркемдік кеңестер тамыр-таныстыққа жол беріп жібермей ме?» деген сауалымызға сенатор: «Мәдениет ұйымдары жанынан құрылатын кеңес болған соң, оған сол өңірдегі мықты мамандар іріктеліп алынады. Олар мұндай «әбестікке» жол бере қоймас» деген пікірін жеткізді.Кітапхана ақылы бола ма?
Жаңа заңға енгізілген норманың бірі – мұражайлар мен кітапхана жұмысын заманға сай жандандырып отыру. Министрлік өкілдері «кітапханалар енді мемлекет қоржынына қол созып отыра бермейді» дейді. Яғни, олар өзін-өзі қаржыландыруы тиіс. «Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда мұражайлар мен кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарастырылған. Тізім сол кезде мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен мұражайларға құқық беру үшін заңға енгізілген еді. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе, коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың бұндай қызметке құқығы жоқ. Алайда бүгінде Қазақстанның көптеген мұражайлары мемлекеттік кәсіпорындарға айналған. Аталған заңдағы мұражайлар мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызметтер көрсету аясын шектеп отыр. Сондықтан заң жобасында осы норманың таралуын мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдануды ұсындық. Кәсіпорындар ендігі жерде өз қызметін «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы талаптарының аясында іске асырады», – дейді министрлік. Бізге осы тұсы қызық болып тұр. Кітапхана мен мұражай қалай өзін-өзі қаржыландырады? «Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңының 24-бабында кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі қарастырылған. Мемлекеттік кітапханалар өздерiнiң негiзгi қызметiне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстар, қызметтер) өткiзуге құқылы. Кітапхана заңға сәйкес оқырмандарға бірқатар ақылы қызмет (көшірме жасау, сканерлеу, анықтама орындау, УДК қою, т.б.) көрсетеді. Осы ақылы қызмет көрсетуден түскен ақшаны жыл бойы кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға пайдалануға болады, яғни техникалық жабдықтар (компьютер, принтер, сканер, т.б) сатып алуға болады. Қолданыстағы ақылы қызмет тізімі мен баға 2011 жылы бекітілгендіктен, ол қазіргі нарық жағдайына сәйкес келмейді, осыған орай бүгінгі таңда ақылы қызмет түрлерінің тізімі мен баға прейскуранты бойынша жаңа ұсыныстар жинақталуда», – дейді Алматыдағы Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова. Көшірме жасау, сканерлеу, анықтама орындаудан түскен табыс кітапхананы қаржыландыруға жете ме? Ол үшін мұндай қызмет түрлерінің бағасы екі еселенуі керек. Ондай болса, кітапхана қызметін ақылы пайдаланушылар саны кеміп кетпей ме? Онсызда кітап оқитындардың саны жыл сайын төмендеп келеді. Әрі олар «ақылы» қызметке бара қояр ма екен деген қауіп басым.Қаламгерге қаламақы қалай беріледі?
Бұған дейін қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілген еді. Ол тәжірибе бойынша автордан әдебиеттерді сатып алу арқылы ол әдебиетті қайта шығаруына немесе кітап дүкендеріне сатуға яки басқа жолдар арқылы сатуға құқығын шектеу мәселесі болған еді. Бұған авторлар келісім бере қойған жоқ. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы «мұндай сатып алу – автордың құқығын шектейді. Екі мың данамен таратып, кітабымды сатып алу – өте күлкілі жағдай. Бұған келісім бермес едім» дейді. «Мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн. Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға яки оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі, автор оны басып шығаруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады», – дейді министрлік. Демек, автор баспамен келісімге келуі тиіс. Яғни, баспа белгілі бір мерзімге автордан кітабын сатып алады да, шығару құқығына ие болады. Ол мерзім біткен соң, автордың кітапты қайта шығаруға құқы бар. Әрие, бұл жерде бекітілген мерзімге байланысты. Автор ұзақ мерзімге келісе қоймайтыны анық. Бұл – бір. Екіншіден, баспагер де, автор да табыс таппай ма? Ол үшін шығарма сұранысқа ие болғаны жөн. Нарықтың талабы – осы. Сондықтан оқырманның сұранысын анықтау да маңызды. Сонда ғана баспагер де, автор да ұтылмайды.