«15 қарашадан бастап Алматы карантинге жабылуы мүмкін» деген ақпарат тараған болатын. Қала халқы етек-жеңін жинап, «Қалай болар екен?» деп ел ішінде тараған ақпаратқа құлақ түре қалған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Алматыда блок-бекеттердің орнатылуы туралы тараған ақпараттың жалған екенін хабарлады.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, бүгінде Алматыда эпидемиологиялық ахуал тұрақты, қаланы жабу немесе блок-бекеттер орнату жоспарланбаған. «Дегенмен қазақстандықтарды санитарлық ережелерді сақтауға, маска киюге және жиі қолдарын жууға, антисептик қолдануға шақырамын. Сонымен қатар әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет. Барлығы әр азаматтың өз қолында. Егер бәріміз қажетті санитарлық талаптарды сақтасақ, онда екінші толқынды болдырмай, вирусты жеңеміз», – деді Е.Байтанаев. Бүгінде елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 116 мыңнан астам жағдайы тіркелсе, оның 15 мыңға жуығы Алматы қаласында. Иә, салыстырмалы түрде алып қарағанда қаладағы эпидахуал қазір тұрақты деуге болады. Шаһар тұрғындары қалыпты тіршілігін жасап жатыр. Әйтсе де, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаладағы коронавирус жағдайы бойынша мәлімдеме жасап, соңғы күндері егде жастағы адамдар арасында науқастар көбейгенін айтты. Дәл қазіргі жағдайда жасы 65-тен асқандарға үйде болып, денсаулығын күту керегін ескертті. «Егде жастағы адамдардың арасында науқастар көбейді. 33 пайыз. Олар ауыр түрімен ауырады және өкінішке қарай, дәл осы жас санатының арасында өлім жағдайы көп. Қазір вакцина мен дәрі жоқ. Кейбір дерек бойынша, Еуропада вирус мутацияланды», – деді ол. Зерттеу бойынша, алматылықтардың көбі вирусты жұмыста және көпқабатты үйлердің кіреберісінде жұқтырады екен. «44 пайызға жуығы осылай жұқтырған», – дейді Ержан Бабақұмаров. Қазір қоғамдық тамақтану орындарына сағат 23.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген. Алайда мұндай мекемелердің бәрі тәртіпті қатаң сақтап отыр дей алмаймыз. Себебі күнделікті жүргізіліп отырған мониторинг тобының рейтингінен тәртіптің жиі бұзылатыны аңғарылады. Тек соңғы бір айда 32 тексеріс тобы іске қосылған. Олар қаладағы сегіз аудан бойынша санитарлық талаптардың сақталуын тәулік бойы жіті бақылауына алған. Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес әр ауданда 4 мониторинг тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Мониторинг тобының бір айда жүргізгтексеріс барысында 307 хаттама толтырған. Оның ішінде 34 заңды тұлғаға 14 млн 667 мың 840 теңге көлемінде және жеке тұлғалардың маска режимін бұзғаны үшін 273 хаттама толтырылып, 11 млн 375 мың 910 теңгеге айыппұл салынған. «Тәртіп бұзушылық болған кезде Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425 бабы, 1-тармағына сәйкес 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып жатады», – деді Алматы қаласында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия мүшесі Рауан Есіркенов. Тексеру барысынан аңғарғанымыздай, тұрғындар маска тағу мен арақашықтықты сақтау тәртібіне әлі де мойынсұнғысы келмейді. Бұл – инфекция жұқтырмау үшін қойылатын басты талап.