Мемлекеттік жер ешкімнің меншігі емес. Алайда бұл сөз бүгінде ақпа құлақтан ағып, құйма құлаққа жетпей жатқандай. Олай дейтініміз Жамбыл облысында игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке кері қайтармау мақсатында әкім қаралардың өзі түрлі құйтырқы әрекеттерге баруда. Олардың дені бос жатқан жер көлемін жасырып, құзырлы мекемелерге жалған ақпарат беруде.
Бұл мәселе күні кеше облыс әкімдігінде өткен жиында жіті талқыланды. Жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланыпты. Бүгінде 72 155 гектар жер қайтарылған. Оның ішінде 5 390 гектар егістік болса, 66 765 гектар жайылымдық жер. Мойынқұм ауданы бойынша жоспар орындалса, Шу, Сарысу, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында игерілмеген жердің үлкен көлемі анықталған. Сонымен қатар бұл істе Байзақ, Жуалы, Меркі, Жамбыл және Талас аудандарында да айтарлықтай түйткіл бар. Пайдаланусыз жатқан жерді анықтап, оны айналымға енгізу аудан әкімдерінің негізгі міндеті саналады. Алайда әкімдердің бұл мәселеге жіті көңіл бөлмеуі былай тұрсын, игерілмей жатқан жерді жасырып жатқандарына не дерсің? Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, кейбір әкімдіктер игерусіз жатқан ауылшаруашылық жерлерінің көлемі туралы нақты сандарды жасырып, жалған ақпарат береді екен. Мәселен, Қордай ауданының әкімдігі игерусіз жатқан 15,5 мың гектар жайылым бар деп хабарлағанымен, тексеру кезінде 99 мың гектар жер анықталған. Осындай қисынға келмейтін сандар Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу аудандарының әкімдіктері ұсынған ақпараттардан да көрініс тапқан. Ал жалпы облыс бойынша пайдаланусыз жатқан 400 мың гектарға жуық жайылымдық жер анықталған десек, жергілікті әкімдіктердің жолдаған ақпаратымен ол бар-жоғы 107 гек тар деп көрсетілген. Жыл басынан жұмысы қарқынды жанданған тексеру тобы бүгінде әр аудан бойынша нақты сандарды келтіріп отыр. Мысалы, Меркі ауданында 1 247 гектар, Талас ауданында 1 193 гектар, ал Қордай ауданына 559 гектар жер жергілікті әкімдік берген ақпаратпен мүлде үйлеспейді. Жиынға онлайн байланыс арқылы қатысып отырған аудан әкімдері әккі әдеттеріне салып, жыл соңына дейін барлық олқылықтың орнын толтыруға уәде етті. Алайда мұндай жаттанды жауап облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты қанағаттандырмады. – Жер айналымда болуы керек, оны ұтымды ұқсатып, барынша өнімділік тұрғыда пайдаланған абзал. Бізге егіс алқабын кеңейту, ауыспалы егістік бойынша жұмыс жүргізу қажет. Өңірімізді өз өнімдерімізбен толық қамтамасыз ету үшін ең бірінші қолда бар жердің барлығын тиімді пайдалану керек. Бұл бағыттағы көп жұмыс әкімдерге байланысты, – деген аймақ басшысы бір ай ішінде ауылшаруашылық жерлері туралы объективті ақпарат беруді әкімдергі шегелеп тұрып тапсырды. Жалпы, бұл жерге қатысты Жамбыл облысында тіркелген жалғыз жағдай емес. Бұған дейін де «көкесі» мен «жәкесі» мықтылар мемлекеттік жерді меншіктеп алғанын жазғанбыз. Бүгінде аталған жердің бірқатары қайтарылғанын мамандар айтып отыр. Бұл, әрине жанға жылу беретін ақпар. Алайда енді әкімдердің игерілмей жатқан жерді жасыруы жығылғанға жұдырық болып тұр. Негізі, ұзынқұлақтан естігеніміз аудандағы жердің дені үлкен лауазымды қызметте отырған басшылардың туған-туыстарының атына жазылып кеткен көрінеді. Бәлкім, аудан әкімдері сол себепті бата алмай, бар жерді жасырып отырған шығар?Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы