Бабалар «қамшының сабына» теңеген пәни дүние қимас жандарды арамыздан әкеткенде қабырғамыз сөгіліп кете жаздайды-ау, әттең. Жуырда өмір тағы да жанды жаралады. Өмірден Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Еркебұлан Саламатұлы Мүсіреп өтті.
Еркебұлан Саламатұлы 1946 жылдың 5 мамырында Қостанай облысы Қарабұлақ ауданы Тастүзек ауылында дүниеге келді. Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыка училищесін баян және оркестр дирижері мамандығы бойынша бітіргеннен кейін білімін жоғарылатты. Ол Ленинград мәдениет жоғары мектебін және Мәскеу мәдениет институтын тәмамдады. Өз заманында КСРО-ның үздік 5 баяншысының құрамында болып еді. Ленинградтағы оқуын аяқтаған соң Алматы қаласының кәсіптік-техникалық білім бөлімін басқарды. Республикалық «Гүлдер» ансамблінің директоры, «Қазақконцерт» директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің директоры қызметін 20 жылдан астам уақыт атқарған қайраткер осынау өнер ұжымы жайлы тамаша кітап та жазған болатын. Еркебұлан Мүсіреп басқарған жылдары кезінде академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған оркестрдің даңқы аспандап, өнер ұжымы төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде шығармашылық турнеде болған-ды. Сөйтіп, қазақ өнерін әлемге танытқан еді. Ол Қостанай облысы Қарабұлақ ауданының құрметті азаматы еді. Еркебұлан Саламатұлы еліміздің мәдениетінің дамуы мен ұлт мұрасының сақталуы жолында аянбай еңбек етті. Сөйткен асыл азамат енді көңіліміздің төрінен естелік ретінде ғана орын алып, қарашаның 7-сі күні бақиға аттанды. Өзекті өртеп кетті. Дегенмен Еркебұлан Саламатұлының жарқын бейнесі шәкірттерінің, туған-туыстарының, халқының есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Еткен еңбегі мен шығармашылық мұрасы ел тарихында сақталатынына де кәміл сенеміз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, ұстаз!А .СҰЛТАН