Тілендиев музыка мектебінің ұжымы Нұрғисаның қызы басқарғанға неге қарсы шықты?
Тілендиев музыка мектебінің ұжымы Нұрғисаның қызы басқарғанға неге қарсы шықты?
301
оқылды

«Қазақпараттың» жазуынша, Алматы облысындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің ұжымы мекеменің жекенің қолына өтіп кеткенін білмей қалғанын айтып, наразылық білдіруде.

Ұжымның айуынша, бірде-бір адам оларға мемлекеттік мекеменің жекеге өтетіні жайлы хабарламаған. 400-ден аса баланы өнерге баулып отырған ұстаздар музыка мектебі жекеге берілсе жұмыссыз қаламыз деген уәжін алға тартқан.

Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің мұғалімі Марат Айкеновтің айтуынша, мектеп жекеменшікке өтсе, үйірме ақысы көтеріледі.

— 414 бала түрлі үйірмеге қатысады. Ертең жеке қожайын келеді де, бірінші кезекте табыс табу үшін әрине, төлемді көтереді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалар оны қалай төлейді? Қазір онсыз да бәрі қымбат. Содан кейін үйірмеде қысқарту басталады. Бізге киелі Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің тендерге түсіп жатқанын тіпті, директор да айтпады. Өнер ұжымында жалпы 60 адам еңбек етеді», — дейді ол.

Олар мектептің жеке кәсіпкердің қолына өткенін аспаптарды санауға келген адамдардан білген. Талдықорған қаласының әкімдігінің мәліметінше, музыкалық мектеп түбегейлі жекеменшікке өтпейді. 15 жылға сенімгерлікпен басқаруға беріледі. Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова: «Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп әкімшілігінің келісуімен қазан айында сенімгерлік басқару бойынша тендер өткізілді. Нәтиже бойынша, «MUSIC DEVELOPMENT» ЖШС жеңімпаз ретінде танылып отыр. ЖШС-ны басқарып отырған Тілендиева Динара Нұрғисақызы», — деді. Әкімдікке мектепті сенімгерлікпен басқаруға саз мекемесінің басшылығы ұсыныс жасаған көрінеді.