Ұлттық анимация тапсырысқа зәру
Ұлттық анимация тапсырысқа зәру
421
оқылды

Мультипликация – нәзік те күрделі жанр. Қыл­қа­ламмен сурет салу бір бөлек те, салған суретті эк­ранда сөйлету – бір бө­лек. Өзге елдерде ани­ма­ция сала­сына көптеп көңіл бөлі­неді, ал бізде керісінше, ең кен­желеп қалған өнердің бірі саналады. Олай деуі­міздің де бірнеше себебі бар.

­Осыдан бірер жыл бұрын «Мұз­балақ» мультфильмінің авторы Тұр­дыбек Майданұлы «бізде ани­мация саласының жүйелі түрде жолға қойылмағанын, бұл салаға әлі де баланың ермегі деп қарай­тынын айтып» қамыққан еді. Одан бері де бұл салада ештеңе өзгермеген секілді. Нұр-Сұлтан қаласында жақында Халықаралық Á MEN Animation film festivalі өткен. Оған Түркия, Өз­бекстан, Қырғыз Рес­­пуб­­­ликасы, Татарстан және Баш­құртстан өкіл­дері қатысты. Фес­­тивальдің ашылу салтанатына орай отандық мульти­пликация саласына жауапты құры­лымдар мен ани­мация мамандары қатысқан «Қазақ анимациясының көкейкесті мә­­селелері» тақы­ры­бында онлайн дөңгелек үстел ұйым­дастырылды. Дөңгелек үстелде Тұр­дыбек Май­данұлы айтқан мәселе тағы да алды­мыздан шықты. Á MEN Animation film festival-інің президенті Мақпал Жұмабай баста­ған топ анимация сала­сын­дағы өзекті мәселені ортаға салды. Әмен Қайдаровтың ізба­­сары, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Жәкен Дә­ненов: «Бізде анима­циялық фильм­дерді көр­сететін бала­ларға арналған бірнеше телеарна бар. Олардың көпшілігі – орыстілді. Қазақ отбасы болса да балалары орыс тілінде мультфильм көруге мәжбүр. Оның ішінде біреуі ғана өздері түсіруі мүмкін, көпшілігі шетелдік мультфильмдерді аударып береді. Мемлекеттік тіл алдыңғы кезекке шықсын десек, балаларға арналған телеарналар (Қазақстан аумағында таралатын) өз өнімдерін қазақ тіліне аударып көрсету мәсе­лесін қолға алуы керек. Бала өмі­рінде анимацияның алатын орны ерекше. Анимация саласын жеке нарық жо­лына жіберу дұрыс емес. Оны мем­лекет өз қолына алып, қолдау көр­сеткені дұрыс. Әйтпесе, елімізде да­рынды аниматорлар жетерлік», – дейді. Анимация саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – нақты жү­йенің жоқтығы. Екіншіден, кәсіби ма­мандар жетіспейді. Аниматор ма­мандар «жылына пәлен уақыт ани­мация өндіріске шығуы керек» деген жоспар жоқ екенін алға тар­тады. Мәселен, Қытайда жылына 3 000 сағат эфир дайын­далса, Ресей 200 сағат анимациялық өнім ұсы­нады екен. «Қазақстанда жылы­на неше сағат өнім ұсынады?» деген сауалға келгенде мүдіріп қала­ты­нымыз рас. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ анимациялық студиясының басшысы Адай Әб­ділда: «Ең үлкен мәселе – кәсіби мамандардың аздығы. Анимация, режиссура деп оқыта салады. Өн­дірісте бір ғана маман жұмыс істе­мейді, онда бірнеше маман бірлесіп атқарады. Графикалық анимация, режиссуралық анимация, қоюшы-суретшісі бөлек-бөлек үйретілуі тиіс. Сол себепті анимациялық білім беру жұмысын модер­ни­­зациялау керек» деген ұсыныс ай­тып отыр. анимация Елімізде аниматор мамандарды дайындайтын екі-ақ оқу орны бар. Оның бірі – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы. Екін­шісі – Қазақ ұлттық өнер универ­ситеті. Екі оқу орнын бітірген ма­мандар жекеменшік студия ашып, өз күнін өзі көріп жүр. «Жекеменшік студиялар жаны­нан арнайы білім беретін курс ашыл­ған. Қазір солар өндірісте жүр. Бізде арнайы факультет жоқ. Екінші бір мәселе, мамандардың кәсібилігін арттыру үшін теория мен практиканы қатар алып жү­­ретін бағдарлама әзір­леу қажет. Үшіншіден, анимация саласын оқытатын қазақ тілінде жа­зылған оқулықтар жоқтың қасы. Олардың көпшілігі Кеңес дәуірінде жазылған болса, екіншісі – ағылшын-жапон оқулықтары. Оның өзі орыс тілінде шыққан. Оның бәрі қазақ­шаға аударылуы тиіс. Ол үшін мем­ле­кеттік бағдарлама түзілуі ке­рек. Студенттердің көкжиегін кеңей­ту үшін шетелдерден тәжірибе алмасу қажет. Мұның да берері мол. Қазір студенттер интернет кеңістігі арқы­лы мәліметтер алады. Ол көзбен кө­ріп, тәжірибе алмасқандай бол­майды», – дейді Адай Әбділда. Аниматор мамандардың көп­шілігі – тапсырысқа зәру. Кейбір жекеменшік студиялар Balapan арна­сымен бірігіп жұмыс істейді. Теле­арна соңғы 10 жылда 74 ани­ма­ция­лық фильм шығарған екен. Бұл де­геніміз – отандық нарық­тағы ани­мациялық жобалардың 90 пайыз­ға жуығы Balapan-ға тиесілі деген сөз. Телеарна бас продюсері Санду­ғаш Баймаханқызы балалар арна­сының мультипликация сала­сын дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін, эфир көрсеткішінің 80 пайы­зы анимациядан тұратынын айтады. «Balapan телеарнасының бірнеше туындысы АҚШ, Испа­ния, Канада, Латын Аме­рикасына сатылды. Яғни, біздің жобалар енді ағылшын, испан тілінде сөйлейтін шетелдегі бала­ларға көрсетілетін болады», – дейді бас продюсер. «Сақ» киностудиясы дирек­торы, продюсер Нұриддин Паттеев: «Ани­мация саласында бұрынғыдай емес, ептеп болса да даму бар. 2001 жыл­дары қазақ анимациясының жай-күйі қандай болғанын жақсы білеміз. Қазір жекеменшік ани­мациялық студиялар көбейген. Алайда Қытай мен Ресейге са­лыс­тырғанда, біздің еліміз әлі де кенже қалып отыр. Ани­мация са­ласы мем­лекеттік қолдауға зәру. Қазір анимация саласына бөлініп отыр­ған қаржы-қаражат жет­кі­ліксіз. Ресеймен салыс­тыратын болсақ, олар жыл сайын арнайы грант пен субсидия бөліп отырады. Мәселен, Ресейде 2018 жылы 4 млрд қаржы анимация саласына бөлінген. 2025 жылға 300 млн долларға жет­кіземіз деп отыр. Кореяда да мемле­­кет қаржылай көмектесіп оты­рады. Бізде де ани­мация сала­сында тап­сырыстар, қаржылай қолдау болса дейміз. Облыстан, ай­мақ­тардан тапсырыс түссе, анима­ция­ны да­мытуға мүмкіндік туар еді», – дейді. Тағы бір өзекті мәселе – грант саны аздығы. Жыл сайын аниматор мамандығына 7-8 грант бөлінеді. Бұл анимация саласын дамытуға аздық етеді. Одан бөлек, жеке­меншік ком­паниялар арнайы курс ашып, бала оқытуға мәжбүр. Ол курсты бітірген мамандар толық­қанды кә­сіби тұлға болып шықпасы белгілі. Екіншіден, жақсы маман­дар ше­телге кетуге тырысады. Өйт­кені ол жақта тап­сырыс бар, жұмыс істеуге де мүм­кіндік туады. Ма­мандарды алаң­датып отырған мәселе – осы.

Гүлзина БЕКТАС