Біліктілік тесті шеберліктің шыңы ма?
Біліктілік тесті шеберліктің шыңы ма?
576
оқылды

– Сабақ өтетін кім? Мұғалім. – Мақала жазатын кім? – Мұғалім. Тест тапсыратын кім? – Мұғалім. Иә, оған қоса оқушыларын олимпиадаға апарып, жарысқа қосуы керек. Реті келсе, авторлық бағдарлама жасап, кон­ференцияда сөз сөйлегені абзал. «Неге?» деп сұрақ қоярсыз. Өйткені мұғалім біліктілік тестін тапсырып, портфолио жинауы қажет. Егер педагогикалық шеберлігін дәлелдесе, үстемеақы алады. Сондықтан қазір олар еңбек өтілінен гөрі біліктілік са­натын көтеруге көңіл бөледі. Ал бұл білім сапасына кері әсер ет­пей ме? Жүйенің кем тұсы бар ма?

Бұрын мұғалімдер сынып же­текшілік пен дәптер тексеруге мар­дымсыз ақы төленетінін ай­та­тын-ды. Биыл сол ақша бел­гілі бір пайызға көбейді. Оған қоса, физика, химия, биология, информатика пәндерін мектеп­терде ағылшын тілінде оқытатын педагог жалақысына шамамен 35 мың теңге қосылады. Ең бастысы, педагогикалық шеберлігіңізді дәлелдей алсаңыз, айлығыңызға 30-50% аралығында үстемеақы төлейді. Білікті маман екеніңізді тестте айқындап, нәтиже көрсет­сеңіз, бюджет сізді қолдауға дайын. Бірақ біліктілік санатын аламын деп жүргенде білім сапасы жайына қалмай ма? Өйткені мұғалімдердің тестке дайындалуды былай қой­ғанда, ұсақ-түйек жұмысы көп.

30 жылғы еңбекті қайда қалдырды?

Неліктен педагогтер біліктілік са­натын алуға құмар дерсіз. Себебі 2018 жылдан бастап аттестация жү­йе­сі өзгерді. Яғни, 25-30 жыл мек­тепте еңбек еткен мұғалім мен жас маманның дәрежесінде айтар­лықтай айырма жоқ. 4 санат­тың бірін алған күні санатта да, жа­лақыда да айырма болады. Мы­салы, физика пәнінің мұғалімі Ер­жан Жұмаділов алғашында 67 мың теңге айлық алған. Еңбек өтілі – 9 жыл. Қазір ол – педагог-шебер. Жа­лақысына бюджет тарапынан 50% үстемеақы қосылған. Оның ай­туынша, айлық табысы 200 мың теңгеден асады. Ал ұстаз Айтхан Абдрахманованың жасы 58-де. Оқушылары халықаралық, республикалық жарыстың жеңім­пазы. Бірақ 2018 жылы жүрегіне 2 рет ота жасатқан. Содан білік­тілік санатын көтермек түгілі оқу­шыларына білім беру үшін бар уа­қытын арнап жүр. «Қазір тест тапсырмағандықтан, қарапайым мұғалімнің айлығына күн көремін. Сонда менің 37 жылғы еңбегім күйіп кетті. Тест­ті білімсіздігімнен емес, ден­саулығыма байланысты тапсыра алмадым. Ал 2022 жылы еңбек де­малысына шығамын. Мардымды зей­нетақы алу үшін жалақың жақсы бо­луы керек. Жас мұғалімдермен те­­резені тең қылғаны сыйдың кет­­­кені емес пе?» дейді Айтхан Абдрахман­­ова. Мектептегі орта жастан асқан, еңбек өтілі 30 жылға жеткен мұ­ға­лімнің уайымы – осы. Олар жауаптылардың шарасыз күйде қалдырғанына наразы. «Ең бол­мағанда, еңбек өтілі 30 жылдан асқан мұғалімдерді қинамай, же­тістіктеріне қарап санаттың бірін бермей ме?» – дейді. Жа­лақысын көтергісі келген олар жас­тармен «жарысып» біліктілік тестін тапсырады. Біразы жаңа технологияны меңгермегенін, көзі ауырып, қан қысымы көтерілетінін жет­кізді. Бір сөзбен айтқанда, жасы 50-ден асқан мұғалімге білік­тілік тестін тапсыру – уайым. Олар білмегеннен емес, білгенін компьютерде белгілей алмаудан қорқады.  Мәселен, педагог Ай­сұлу Алтынбекова «Медицинада 3 рет жоғары категорияға ат­тес­тациядан өткен маманға мер­зімсіз сертификат беріледі. Яғни, зейнетке шыққанша жо­ғары категориясы сақталады. Мұ­ғалімдерге неге осылай бол­майды екен? Бізде осы жағдай ес­керілмеген»,– дейді.

«Флейвелл мен Мерсерді жаттаумен күн өтеді»

Біз 5 жылда бір рет өтетін білік­тілік санатын алу жырын жа­зып отырмыз. Әрине, ұстаздың шебер­лігіне қарай уақыт аралығын қысқартып, дәрежесін қорғауға болады. Мысалы, «Өрлеу» білік­тілікті арттыру ұлттық орта­лығы басқарма төрағасының бірін­ші орынбасары Жауымбай Аман­тұрлыұлының ай­туынша, Фин­ляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур мен Жапонияда мұғалімдердің білік­тілігін арттыру үшін жыл са­йын арнайы ақша бөледі. «Олар салаға жаңадан келген жаңа­лық­тармен танысып, соны прак­тикаға енгізеді. Сондықтан болар, аталған елдерде білім сапасы жоғары. Қазіргі таңда мынадай парадигма бар. Ол – «өмір бойы оқу». Бұрынғыдай «бір диплом алдым, осы маған жетеді, жемісін жеймін» деп қарап отыруға бол­майды.  Айта кетерлігі,  Ресей мен Балтық жа­ғалауы елдерінде ұс­таздар 3 жылда бір рет бюджет есе­бінен  біліктілігін артыра алады», – дейді профессор. Шетел дейміз-ау, ол жақта «қыс біздікінен жылы», мұғалім мәртебесі жоғары болар, бәлкім. Өйткені жаңалықтардан «Қытайда мұғалімнің 700 мың теңге жалақы алатынын» оқығанымыз бар. Елімізде мектеп мұғаліміне атал­ған жалақының жартысын алу­ға мүмкіндік бар. Ол үшін сіз қа­шықтан сабақ беріп, журнал толтырып, мақала жариялап, күнтізбелік жоспар жазып үлге­руіңіз керек. Айтпақшы, биыл мұ­ғалімдер күнтізбелік жоспар құ­ру­мен әуре болды. Өйткені жаз­да министрлік ұсынған үлгі бір бөлек болса, I тоқсан соңында  берген пәрмен басқаша «сөй­леген». Сонымен, оқушылар күз­гі демалысқа шыққанда, педа­гогтер жоспарды қайта жазу үшін ком­пьютерге телмірген. Осыдан кейін «мұғалімнің жүйкесі жұқар­ған,  са­бақты дұрыс өтпейді» деп сөгу  ар­тық-ау, шамасы... Иә, оларға біліктілік тестін тап­сыру – оңай, портфолио жинау – әлек. Ортада білім сапасы дейтін түйт­кіл бар. Расымен, біліктілікті кө­теретін орталықта білімін жет­ілдіріп, шебер-педагогпен тә­жірибе алмасқан мұғалімнің сабақ өту стилі өзгерген. Араларында тест­те жаттап алған жауабын бел­гілеп, портфолиосы жетістікке толы болса да, жөнді білім бере ал­майтын педагогтер бар. Кейбірі санатты көтеру мен сабақ берудің арасында сағатынан айырылып қалған. Мысалы, Сәуле Тоқберген «тест тапсырып әуре болып жүр­генде сағат қысқарып, сағатсыз қал­дым. Әділдік осы ма?» – дейді. Байқасаңыз, қазір – рейтингтің заманы. Біліктілік санаты да мұ­ғалімдер үшін рейтингпен бара-бар. Ол үшін бәріне үлгеруге мін­детті. Қарапайым тілмен түсін­діргенде, модератор санатын ал­ғысы келсе, жетістігі мектеп ішінде, сарапшы болғысы келсе, ау­дан көлемінде мойындауы керек. Ал зерттеуші санатына өтініш бер­се – облыста, шебер санатына тап­сырса, жетістігі – республика мен халықаралық деңгейде мойын­далуы тиіс. Ал мұның бәрі сапаға келіп тіреледі. Бұдан қоғамда автор­лық жұмыс жазып беретіндер, ин­тернет-олимпиада өткізіп, ақша та­батындардың бір тобы пай­да бо­лады. Бұл – жасырын емес. Өйт­кені әлеуметтік желіден ізде­сеңіз, аты-жөніңізді кітапқа ба­сып, атыңыздан авторлық бағ­дар­лама жасап беретіндер бар. Бі­рақ біліктілікті айқындайтын ко­миссияның авторлық бағдар­ла­маларға фактчек жасап-жаса­майтыны туралы ақпарат жоқ. «Тесттен өткен жастардың бе­ріп жатқан сабағына кірсең, бас-аяғы жоқ. Бірақ алатын жала­қысы тесттен бір ұпаймен өте ал­май, қаншама жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерден 40-50 мыңға жо­ғары. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймын. Алайда тестке бару­дың арнайы реті  болса-шы. Қа­зір жетістігі бары да, жоғы да тестілеуге барады. Салдырлаған те­мір-терсек пен жылтыраған сер­тификат, дип­лом дегендерді са­тып ала береді. Ақшасын төлесе, «темірді» жасына да, жасамысына да береді. Бірақ «мен соған лайықпын ба?» деп ойланып жат­қан ешкім жоқ», – дей­ді ұстаз Үн­зила Хадыс.

Сарғайған газет қиындысы мен «мерзімсіз» мақтау қағазы

Педагогтер біліктілік тестін тапсырған соң екінші кезеңге өтеді. Портфолиосын жинап, жетістігін «жырлауы» керек. Осындайда порт­­фолио мәселесіне мән бер­меуі мүмкін. Алайда профессор Жауымбай Амантұрлыұлы шетелде тесттен бұрын портфолио әдісіне мән беретінін айтады. Өйткені портфолио ішіндегі құжаттар – педагогтің айнасы. Яғни, оның жетістігі мен жасаған жұмысы білік­тілігін дәлелдей алады. «Шетел тәжірибесінде порт­фолио  ұстазға өзін-өзі ілгері жетек­теуші, қозғаушы механизм рөлінде сипатталады.  Бізде өкінішке қа­­рай, алдымен тест алады. Со­сын портфолиосын тексереді. Ал пе­дагогтер портфолиосына бә­ленбай жыл бұрын шыққан мақ­аласын, «мерзімі өтіп кеткен» мақтау қағазын әкеледі. Тіпті, ара­сында мақтау қағазының жы­лын көрсетпеуі мүмкін. Ал пе­дагог тестке ғана басымдық бер­­мей, портфолио жағына да на­­­зар аударғаны абзал. Мәселен, Блум таксономиясына сүйеніп, білу, түсіндіру, қолдану мен шы­ғармашылық қабілетті шыңдауды негізге алғаны жөн. Аттестаттау комиссиясы алдында оның кә­сіби жетістігін (оқушылардың оқу сапасы деңгейін, дарынды балаларды тәрбиелеудегі жетістігі (hard skills), сондай-ақ оның тұлғалық қабілеті, белсенділігі, шығармашылық, зерттеушілік қабілетінің деңгейі (soft skills) нақты құжаттар арқылы дәлелдеп көрсететін портфолиосын қорғай­ды», – дейді профессор Жауымбай Амантұрлыұлы. Осы орайда, Назарбаев уни­верситеті Жоғарғы білім беру мек­тебінің қызметкері Елдос Болат­ханұлы да біліктілік жүйесінің кем-кетігін атап өтті. Оның ай­туынша, мәселе – біліктілік са­наттары бойынша қызмет ая­сын кеңейту. Өйткені бұл жүйе мұғалімдерді даярлайтын инсти­туттар мен колледждердің оқу бағ­дар­ламаларында белгілі бір бағ­дар рөлін атқаруы керек. Ел­дос Болатханұлының сөзінше, қа­зір  аттестация елімізде  Ұлт­тық біліктілік жүйесінің құ­рауышы саналатын, 2017 жылы қа­­былданған «Педагог» кәсіби стандартымен үйлеспей отыр. Ел­дос Болатханұлының сөзіне сү­йен­­сек, оларды үйлестіру елімізде білім-ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасында көзделген. Ал жұмыстың ойдағыдай іске асуы – «2021 жылдан бастап педа­гогикалық мамандықтардың тү­лек­терін кәсіби шеберлікке серти­фикаттау» жоспарын орындауға септігі тиюі мүмкін.

Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас

Қазір тас атсаң, онлайн курсқа тиеді. Қызығы, мұғалімдерге білік­тілік тестіне дайындалуға бағыт беретін онлайн курс бар екен. Авторы – физик Ержан Жұмаділов. Оның мұғалімдерді біліктілік тестін тапсыруға дайындап жүргеніне 1 жылға жуық уақыт болған. Ол «мұғалімнің бос уақыты аз екенін түсініп, онлайн курс аштым» деп отыр. Әрине, мұғалімнің халін мұғалімнен артық кім біледі?.. «Курсқа қатысушы барлық тақырыпты 50 сабақта үйренеді. Мысалы, декретте отырып қалған кісілер қалай дайындаларын біл­мейді. Кітап оқып, интернеттен іздеу көп уақыт алады. Өйткені өз басымнан өткен. Дайындыққа көп уақыт жұмсадым. Ақыры да­йын­далудың кілтін тапқан соң мұғалімдерді үйреткім келді. Курс­қа қатысқандардың 90%-ы тест­ті сәтті тапсырды», – дейді «Ақ уақытта квалтестке жылдам да­йын­далу» кур­сының авторы.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ