Әзірге елімізде жиын-той өткізуге рұқсат берілген жоқ. Анда-санда тәртіп бұзып, жасырын жиын жасағандар заң алдында жауап беріп келеді. Өйткені тәртіп баршаға ортақ. Алайда төтенше жағдай режимі, карантин енгізілгелі алып шаһарды уысында ұстап отырған Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин тағы да сүрінді.
Еліміздің бас санитары қызметін атқарған кезінде «11-16 наурыз аралығында наконец-то коронавирус келеді» деп аңдамай сөйлеп, елдің сынына іліккен Бекшин бұл жолы өзі шығарған ережені өзі бұзып, Алматыдағы Ritz-Carlton қонақүйінде 150 адамның қатысуымен шара өткізуге рұқсат берген. Қымбат қонақүйдегі айтулы шара бірден елдің назарын аударды. Әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікірлерімен бөлісті. Ақпараттың жалған екенін айтып даурыққан да ешкім болмады. Есесіне, қалалық Тауарлар және қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті Бекшиннің шынымен де «Капитал Тауэр Девелопмент» ЖШС-іне салтанатты жиын өткізуге рұқсат бергенін растады. Көп ұзамай, салтанатты кеш иесі сол Ritz-Carlton қонақүйі иелерінің бірі, олигарх Қайрат Боранбаев екені анықталды. Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Күнде көріп отырғанымыздай, әлемде пандемияның өршуі адамды шошытады. Осындай жағдай еліміздің де басына тумас үшін кез келген Қазақстан азаматы біріншіден, өзін, сосын маңайындағыларды қорғауы керек. Ол үшін карантин талабын орындауы тиіс. Әйтсе де, өмір жалғасып жатыр. Біреудің адамы өледі, енді бірінің баласы үйленеді. Осындай жағдайда той-томалақ пен астан түгел бас тарту мүмкін емес. Ел пандемия аяқталсын деп еш әрекетсіз күтіп отыра алмайтыны тағы белгілі. Оны түгел тоқтату қиын мәселе. Сол үшін той, ас өткізуде адамның саны жөнінде шешім шығу керек. Өзім мұндай жиындарға 50 адамнан артық жиналмауы керек деген көзқарасты ұстанамын. Ал сол жиынға келгендер карантин тәртібін толық сақтауы тиіс. Тәртіп бәріне ортақ. 150 адам көп. Мұндай жағдайда кім болса да жазалануы тиіс. Өзім де 30 пайыз өкпенің қабынуы диагнозымен 17 күн ауруханада жатып шықтым. Алматының жаңа модульді ауруханасында ем алдым. Қиналғаным соншалық, сол күндер өтпей қойды. Пандемияның тәртібі түрмеден де қиын болды. Бір бөлмеден шықпайсың, есік-терезеңді ашпайсың. Мұндай жағдайда адам торға түскен аңдай болып, сенделіп кетеді және қоғамнан, адамнан бөлініп қалу қатты психологиялық күйзеліске алып келетін жағдай. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Бірден дәрігерге қаралғаннан кейін бе, менде аурудың белгілері сыртқа шыққан жоқ, бірақ әлсіреп қалдым. Мұндай жағдайда адам, әсіресе психологиялық тұрғыдан қатты уайым шегеді. Сондықтан көп адам жиналуына болмайды. Шектеу қойылуы керек. Сақтық шаралары үшін адам санын ғана емес, уақытқа да шектеу қойған жөн. Бақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Адамнан қымбат ештеңе жоқ. Бұл Ата заңда да атап көрсетілген. Соны сақтауды сұраймыз да, адам есебінде соны ақтауға бара бермейміз. Тәртіпке бағынбай тұрғаннан кейін ол адамда сана жоқ, ал билікте шама жоқ. Себебі жаза жоқ. Тәртіп бұзғандарға салынып отырған 83 мың теңге айыппұл кәсіпкерлер мен мекемелер үшін түкіріп тастағанмен бірдей. Тәртіп бұзғандарға сабақ болу үшін үлкен айыппұл салу керек. Мейрамханалар мен кәсіпкерлерге ғана емес, сол жиынға барған адамдарға да айыппұл салған жөн. Қазақстан Бас прокурорының бірінші орынбасары Берік Асыловпен, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевпен тілдесу барысында анықтағанымдай, кейбір түнгі клубтар он шақты рет айыппұл төлеп, әрі қарай жұмысын жалғастырып жатыр. Оларға жұмысын тоқтатқаннан гөрі айыппұл төлеу жеңіл болып тұр. Соттың шешімімен тәртіп бұзған мекемелердің бір ай жұмысын тоқтатып тастау керек. Олар өз бизнесін жүргізіп отырғанымен, қаншама адам сол жиыннан ауру жұқтыруы мүмкін. Сол себепті тап қазіргі жағдайда жиынды барынша тоқтата тұру керек. Жиынға келген 50-100 адамның қайдан келгенін, кімдермен қарым-қатынаста болғанын ешкім білмейді. Қарапайым ғана мысал, Парламентте тәртіп қатал, күнделікті карантин талабын барынша сақтап отырғанның өзінде арамызда ауру жұқтырып алғандар бар. Өткен жағдайдан сабақ алатындай болдық емес пе? Осындайда қандай дандайсу, қандай той? Үкіметтің қаулысын қатаңдатпаса болмайды. Біздің дәрігерлеріміз, ауруханаларымыз көбейіп кеткен жоқ. Сондықтан осы ауру әбден басылғанша той дегенді қою керек! Тәртіп міндетті түрде орындалуы тиіс. Тәртіп қатаң болмай, той тыйылмайды. Тойда адамдар тығыз қарым-қатынаста болады. Қатаң тәртіп керек, өйткені адамдар арасында тарап жатқан індет те өте қатаң. Біз сақадай-саймыз деп отырған Еуропадан артық емеспіз, олар да қырылып қалды. Онсыз да тарыдай шашылған аз халықпыз, сондықтан өзімізге-өзіміз бекем болуға тиіспіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Коронавирус инфекциясына қарсы шаралар бойынша менің бірқатар тапсырмаларым аяқсыз қалды. Мен сіздерге бірнеше рет ескерттім. Біз қазір соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз» деген болатын. Бұдан артық қандай ескерту керек?!Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ