Әлем елдерін есеңгіретіп, Қазақстанды да шарпып өткен пандемиядан зардап шеккен Атырау өңірінде модульді инфекциялық аурухана пайдалануға берілді.
Атырау қаласы сыртындағы Сарыөзек ауылы аймағында салынған жаңа стационар 180 стандартты орынға және реанимация мен қарқынды терапия бөлімдеріндегі 20 орынға есептелген. Жоба Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия және Атырау облысы әкімдігі бастамасымен жүзеге асырылды.
Жалпы аумағы 6 764 шаршы метрді құрайтын негізгі ғимарат 8 блок пен жеке тұрған 10 қосалқы ғимараттан түрады. Ол бір-біріне галерея типті дәлізбен жалғанған әкімшілік бөлімі бар медициналық блокты, қабылдау және диагностика бөлімін, ота жасау бөлімі мен бес палаталық бөлімнен тұратын реанимация бөлімін қамтиды. Сондай-ақ ауруханада медициналық қалдықтарды залалсыздандыру жүйесі, көліктерді дезинфекциялау пункті, оттегі концентраторы, орталықтандырылған оттегімен және медициналық газбен қамту жүйесі бар. Барлық палаталар оттегі беру желісімен жабдықталған. Бұл әр палатада жатқан жағдайы ауыр және аса ауыр науқастарды қарқынды емдеуге мүмкіндік береді.
Заманауи медициналық жабдықтардан бөлек, жаңа ауруханада дәрігердің науқаспен тікелей байланысуын барынша азайтуға және медициналық персонал арасында ауру таралу қаупін төмендетуге бағытталған озық технологиялық жағдай қарастырылған. Сайып келгенде, науқастардың денсаулығын ахуалдық орталық арқылы қашықтан бақылауға болады. Аталған орталықтың көмегімен науқас жағдайының негізгі көрсеткіштері жинақталып, сарапталатын болады. Мұндай деректер автоматты түрде алынып, ауытқуларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Ғимарат оқшаулау және отқа төзімділік дәрежесі жоғары MODEX темір-бетон блоктан және қаңқалы сэндвич-панельден салынған. Өнеркәсіптік модульді үй құрылысы технологиясының арқасында аурухана құрылысы ең қысқа мерзімде аяқталды. Құрылыс орнында күні-түні 1 000-нан астам адам еңбек етті. Құрылыс нысанының жалпы аумағы 8 064 шаршы метрді, соның ішінде аурухана құрылысының аумағы 7 600 шаршы метрді құрайды.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жаңадан пайдалануға берілген емдеу мекемесіне барып, жасалып жатқан жұмыстарымен танысып шықты. Аймақ басшысы мекеменің диагностика және емдеу үшін заманауи медициналық жабдықтармен: компьютерлік томографиямен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету аппараттарымен танысып, оттегі жүйесінің қамтылуына назарын аударды.
Госпитальда жергілікті медицина қызметкерлерімен қатар Грузиядан келген дәрігерлер 6 ай бойына жұмыс істейтін болады.
«Ең бастысы, жаңа медициналық мекеме өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», –деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Модульді инфекциялық аурухананың технологиясы мен онда қызмет ететін мамандардың сапалы қызметі Атырау өңірінің тұрғындарын індеттен сақтап қалуда көрінетіні сөзсіз. Алайда пандемияның алғашқы соққысынан аса зардап шеккен жергілікті халықтың тілегі – індеттің қайта оралмауы. Ол үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы билік жұмысты ұйымдастыруда пандемияның алғашқы толқынында болған қателіктерге жол бермейді деген үміт бар.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы