Соңғы жылдары Түркістан облысының шаруалары қазақ жерінде өсіріле бермейтін түрлі дақылдар мен жеміс ағаштарын көптен егуге мән бере бастады. Соның бір дәлелі, Сайрам ауданында орналасқан «Шымыр-Медет» жылыжайында лимон ағаштары алғашқы жемісін бере бастады.
Жылыжайдың жалпы көлемі 1 гектар аумақты құрайды. Онда 2 000 түп лимон көшеті отырғызылған. «2017 жылы жылыжай ісін қолға алған болатынмын. Араға 3 жыл салып төккен тердің жемісін көру бақыты бұйырыпты, қуаныштымын, әрине. Қандай да бір шаруа болмасын алдымен қызығушылық таныту керек. Өзім зейнет жасындамын. Еңбек еткен адам ғана нәтижеге қол жеткізетіні анық», – дейді жылыжай иесі Зейнеп Жолдасова. Қайнарбұлақ ауыл округіндегі лимон бағы жабық топырақта өсірілетін облыс көлеміндегі ең үлкен жылыжай қатарына енген. Жылыжай ісі бүгінде отбасылық кәсіпке айналған. Жоспар бойынша кәсіпкер өнім жиналса, облыс аймағы мен Шымкент қаласында саудалауды жоспарлап отыр.Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы