Соңғы уақытта елімізде жетімдер саны азайған. Ресми деректерде 10 жыл ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілері 70 пайызға дейін кемігені көрсетіліпті. 2012 жылы 10 мың, 2017 жылы 6 мыңнан астам қараусыз бала болса, 2019 жылы 4,9 мыңға төмендепті. Сәйкесінше, жетімдер үйі де азайып келеді. 2009 жылы 213 жетімдер үйі тіркелген, ал қазір олардың жартысынан астамы жұмысын тоқтатыпты. 2019 жылғы статистика мәліметтері бойынша, барлығы 107 балалар үйі бар екен.
Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Жетімін жылатпаған елміз ғой. Қоғам қайраткерлері мен депутаттар да жетімдер үйі мүлде болмауы керек деген ұсыныс тастағалы біраз жыл болды. Балалар үйі санының қысқаруына бала асырап алушылардың көбеюі мен жеке, отбасылық жетімдер үйінің саны артқаны басты себеп болып отыр. Десек те, бала асырап алудағы бюрократиялық кедергілер мен басқа да бөгеттер әлі де көп. Сол себепті қаншама қаракөз шетел асып кетті.Шетелге беріп, жетім азайттық па?
Осы уақытқа дейін 10 мыңға жуық қазақ баласын шетелдіктер асырып алған. 1993 жылғы 10 мамырда Гаагада қабылданған «Балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы» Конвенцияға қол қойылғаннан кейін, біздің Конституцияда өзгеріс пайда болды. «Неке және отбасы» заңының 76-бабы 2-тармағына «Балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана, шетелдіктерге азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан асырап алуға берілуі мүмкін» деген толықтыру енгізілді. Осы бір ғана «мүмкін» деген сөздің өзі шетелдік бала асырап алушылардың Қазақстанға үймелеуіне алып келді. Бұл мәселе 2002 жылғы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында талқыға салынып, «сәбилерді шетелдіктерге бергенше, ең жақын туыстарына беру керек» деген ұсыныс айтылғанымен, Үкімет тарапынан қолдау тапқан жоқ. Солайша, 1999 жылдан бастап шет елден бала асырап алушылар елімізге ағыла бастады. 2011 жылы шетел азаматтарының бала асырап алу рәсімінің механизмі қарастырылатын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс қабылданған. Содан бері талай қазақ баласы сыртқа кетті. Осы тұста айта кететін нәрсе – Қазақстан азаматтары үшін бала асырап алу қиынның қиыны болса, шетелдіктер үшін бұл әлдеқайда жеңіл. Олардың отбасы толыққанды ма, жоқ па, әлеуметтік жағдайы қандай екені де тексеріле бермейді. Соңғы уақытта шетел асқан қазақ балалардың есі кіріп, етек-жеңін жиған соң туған ата-анасын іздеуі жиілеп кетті. Осының алдында ғана Теодор есімді (Марат) баланың бауырымен қауышқанын жарыса жазып едік. Енді күні кеше Сара (Әсел Асылбекова) есімді америкалықтар асырап алған қыз туған анасын іздейтіні жайлы хабарландыру беріпті. Жат жердің аты – жат жер. Ал елімізде бала асырап алушыға қойылатын талаптар соншалықты қатал ма? Неліктен қазақтың баласын қазақ емес, өзге ұлттар бауырына баса береді?Бала асырап алудың машақаты көп
Балалар үйінен кез келген баланы асырап алуға болады. Бірақ ол оңай шаруа емес. Ата-ананың мыңдаған баланың ішінен таңдау жүргізіп, шешім қабылдауының өзі біраз уақыт алады. Ал құжат рәсімдеуге келгенде баяғы қағазбастылық қайта бой көтереді. Баланы асырап алудың бірнеше құқықтық жолдары бар. Патронат, қорғаншылық, қамқоршылық және толыққанды асырап алу. Біз осының ішінде толыққанды асырап алудың жайына тоқталсақ. Ата-ана таңдау жасап, шешім қабылдады делік, содан соң әуелі 9 түрлі құжатты жинайды. Бірақ құжат деген аты ғана болмаса, бұл сіздің тарихыңыздан бастап, материалдық жағдайыңызға дейін жүргізілетін тексеру іспетті дүние. Табыс көлемі, отбасы мен туыстары жайлы ақпарат, денсаулық жағдайы, қылмысқа қатысы жоқтығы, тіпті баспанаңыздың бар-жоғына да есеп бересіз. – Әр сәбидің жеке дерегі элек-тронды базада болуы тиіс. Бірақ балалар үйі оны толтырмайды. Сондықтан онсыз да қағазбастылықтың шаршататынын білген ата-ана таңдау еркінен айырылғанда жарты жолдан тоқтауға мәжбүр болуы да мүмкін. Осы мәселені жөнге салса, қалғанын шешуге болады, – дейді «Милосердие» қайырымдылық қорын құрушы Аружан Саин. Ал елімізде бала асырап алу құпиясы заңмен қорғалады. Демек, жаңа ата-анасына баланы беру жайлы сот шешімі шыққаннан кейін бала биологиялық ата-анасынан толыққанды ажырайды. Бала есейген соң асырап алған ата-ана оның өздерінен тумағанын айтуға толық құқылы. Көп жерде бір тәмсілді жиі естіп жатамыз. «Бала тапқандікі емес, баққандікі» дейді кейбіреу. Бұған келіспейтіндер де жетерлік. Дегенмен қараусыз қалған сәбиді асырап алған отандастарымыз бен шетелдіктерді ойласақ, бұл сөзге сенгіміз-ақ келетіндей.Мадияр ТӨЛЕУ