Елорда тұрғындары коммуналдық төлем түбіртегі салынған конвертпен бірге қызықты «ұсыныс» алды: «Мемлекет сізге жаңа жекеменшік мектеп ашуға қаражат инвестициялауды ұсынады. Біріншіден, тұрғызылған мектеп меншігіңізде қалады. Екіншіден, мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында әр оқушы үшін шығыстар төленеді. Үшіншіден, мемлекет жаңа әрбір оқушы орны үшін амортизациялық шығындарды өтейді», – делінген онда.
Бұл қаржылық пирамиданың жарнамасы немесе алаяқтардың әрекеті емес. Барлығы заң аясында: ақпаратқа қызығушылық танытқандар жүгінуі үшін Үкіметке қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-ының ресми мекенжайы көрсетілген. Әрине, ұсыныс табысы күнделікті тіршілігінен аспайтын қарапайым бұқараға емес, жиған-тергені мол ауқатты азаматтар мен бизнесмен қауымға арналған. Себебі сарапшылардың айтуынша, жекеменшік мектеп ашу үшін ең аз дегенде 3,5 миллиард теңге инвестицияңыз болуы не сонша кредит ала алуыңыз қажет.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік десе, «бұл не?» деп мырс-мырс күлетін не аңтарыла қарайтын адам көп. Халық осы үш әріптің артында не жасырынғанын түсіне қоймайды. Алайда бұл тетіктің игілігі зор.
Ол не үшін керек? Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кейінгі бес жыл ішінде бұқара үшін қажетті жүздеген жобалар – емхана, мектеп, балабақша, спорт сарайы, инфрақұрылымдық нысандар тұрғызылды. Олардың барлығын мемлекет қаражатына сала беруді бюджет көтермейді.
Бизнес жекеменшік нысандарын онсыз да салып жатқан жоқ па? Осы сала маманы Евгения Бондаренконің түсіндіруінше, біріншіден, МЖӘ жергілікті билік не Үкімет анықтаған салаларда, солар таңдаған жобалар бойынша жүзеге асырылады. Яғни, жоба халық пен билік үшін өте қажет, алайда бюджетте оған қаражат жетіспейді, сондықтан оны бизнес салып береді. Екіншіден, ол нысандардың біразын уақыт өте келе, мемлекеттік меншікке көшіру мүмкіндігі бар: жергілікті әкімдіктер инвестордың салған қаражатын он шақты жыл ішінде бөліп төлей алады. Сөйтіп, бюджетке ауыртпалық түспейді.
Мұның инвесторға не пайдасы бар? Ең алдымен, ол құжаттары сай, жер телімі де бөлінген, билік рұқсаты берілген жобаға қол жеткізеді. Сондай-ақ ол нысанның кепілдендірілген табысы болады. Мысалы, егер балабақша ашса, жергілікті әкімдік өзінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекте тұрған балаларды соған жолдап, айлық ақысын төлейді. Орта білім ордасын не емхананы қолданысқа берсе, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі есебінен оған баратын әрбір оқушы және сырқат шығысы үшін бюджет қаржысын аударады. Мұның сыртында бизнесменге үйірмелер, ұзартылған оқыту және басқасы үшін ата-аналардан да ақы талап етуіне рұқсат көрінеді. Егер жол төсесе, инвестор оны басып өткен автокөліктерден ақы жинайды.
Аты айтып тұрғандай, МЖӘ – бұл әріптестік. Демек, әріптес екі тарапқа да пайдалы болуы тиіс. Олар жетістікті ғана емес, сонымен қатар тәуекелдер мен жауапкершілікті де бөліседі.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов кейінгі жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы тартылған инвестиция көлемі артқанын жеткізді. Ол еліміздің ЖІӨ-сіне 0,2% үлес қосқан.
«Қазақстанның МЖӘ орталығының» дерегінше, бүгінде осы әріптестік тетігі аясында жалпы сомасы 1,6 триллион теңге тұратын 671 келісім бекітілді. Кейінгі жылдары ол арқылы ел экономикасына 814,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Жобалардың жалпы санының 15%-ын құны 1 млрд теңгеден асатын ірі жобалар құрайды. Аса ірілеріне тоқталсақ, Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан «Жылу-электр орталығы» жобасына 258 млрд теңге, ал «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына» 150 млрд теңге инвестиция салыныпты.
Әлемде осы саладағы ең жарқын үлгілердің бірі – Лондондағы Хитроу (Heathrow) әуежайының №5 терминалы. 2008 жылғы 14 наурызда Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның өзі ашқан терминал осы корольдіктегі ең алып ғимарат саналады: биіктігі 43 метрге жететін нысанның ұзындығы – 396, ал ені – 176 метрге созылып жатыр. Оның құрылысына Хитроудың негізгі тасымалдаушысы British Airways және әуежайды басқарушы BAA компаниясы 4,3 миллиард фунт жұмсаған.
Қалай болғанда, бұл әріптестік мемлекеттің, өңірлердің, қалалардың өркендеуіне, нақты әрі халыққа керекті жобалардың идея күйінде қалмай, іске асырылуына септігін тигізеді. Әйткенмен, кейінгі кездері өңірлерде осы бағытта көптеген түйткілдің бой көтеруі және ашық жария етілуі, жемқорлық пен сыбайластық көріністерінің орнауы жақсы идеяның беделін түсіре жаздады. Нәтижесінде, мемлекеттік-жекешелік әріптестік секторы 2019 жылғы 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң сынына ұшырады. Ол саланың әлеуетін «елеулі» деп жақсы бағалады.
– Алайда МЖӘ жобалары құнының 90%-дан астамын мемлекеттің міндеттемелері құрайды. Оның үстіне барлық міндеттеме бойынша төлемдердің 30% дайын алдағы жылдары төлеп шығу талап етіледі. Турасын айтуымыз керек, осылай МЖӘ идеясы дискредитацияланды. Жеке әріптестер ол міндеттемелердің сапасыз орындалатынына және мерзімдердің сақталмайтынына шағымданады. Екінші жағынан, кәсіпкерлер мемлекетпен әріптестікті өз бизнес-жобаларын жүзеге асырудың көзі, базасы ретінде қарастыра бастады, – деді Қ.Тоқаев.
Сондықтан Үкіметке бұл жобалардың орталық және жергілікті бюджетке ауыртпалық түсірмеуін, елге әлеуметтік-экономикалық тиімділік әкелуін қатаң қадағалау жүктелді. Атқарушы билік жыл соңына дейін бұл салада тәртіп орнатып, сапалы мониторинг пен бақылауды жолға қоюы тиіс.
Осы тетік қоғам белсенділерінің де сынына ілігіп жүр. Мысалы, «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қ.Сүлейменов ол «мемлекеттік сатып алуға айналып кеткенін» мәлімдеді.
– Заңнамадағы олқылықтар, жекелеген жергілікті басшылардың айла-шарғысы кесірінен бізде МЖӘ бір көзден мемлекеттік сатып алудың бүркемеленген түріне айналып кетті. Ал дұрысында, осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы қойған міндетке сәйкес, елдегі серіктестіктің мүлдем жаңа түрі құрылуға тиіс еді, – деді Қайырбек Шошанұлы кеңестің кезекті отырысында.
– Бұл пікірмен келіспейміз, – дейді «Айқынға» сұхбат берген МЖӘ орталығының талдаушысы Айнұр Түгелбаева. – Әріптестіктің осы түрі қазірдің өзінде елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етуде. Оның қағидаттарының бірі – конкурстылық. Әрбір келісімшарт конкурс немесе тікелей келіссөздер негізінде бекітіледі. Шығыстарды 1 жеке әріптеске ұзақ мерзімге бекіту арқылы экономикаға инвестиция салынуына, халыққа қызметтердің қолжетімділігінің артуына жол ашылады, – деді ол.
«Әп-әдемі ән еді, пұшық келіп бүлдірді» дегендей, осы әріптестіктің жаппай өркен жая алмауына базбір жергілікті билік өкілдерінің қара басының пайдасын мемлекеттік мүддеден жоғары қоюы да кесірін тигізуде. Сарапшылардың айтуынша, ауқатты азаматтар, шетелдік инвесторлар, не отандық ірі кәсіпкер мектепті, спорт сарайын салып беру үшін әкімдіктерге жер телімін сұрап жүгінеді. Құрылысының да, тіпті жабдықталуының да бар шығынын өзі көтермек. Халыққа да, бюджетке де өте тиімді. Бірақ алақол әкімқараға тиімсіз! Өйткені егер дәл аса қажетті мектеп пен спорт сарайына бюджеттен бірнеше миллиард бөлінсе, тендер өткізу кезінде жеңімпаз компаниямен келісіп, сол соманың 10-15 пайызын қалтаға басуға мүмкіндік бар. Ал инвестордан сонша ақша талап ете алмайды.
Жергілікті биліктің кейбір өкілдері тағы бір қулықты іске асырады. МЖӘ жобасын мақұлдайды да, оны өзімен ымыралас компанияға табыстайды. Осыдан кейін контракт бойынша бюджеттен берілуге тиіс өтемақыны бірінші жылда-ақ төлеп тастайды. Нәтижесінде, «инвесторсымақ» нысанды мемлекет қаржысына салып шығады және игілігін өзі көреді. Жұмыс тәжірибесі жоқ, жуырда ғана құрылған жеке серіктесті таңдау фактілері де жиі кездесетін болған.
Бұл мәселенің басқа жағы да бар: көптеген әкімдік керісінше, өз жобаларына әлеуетті әріптес таппай отыр. Мұны белгілі заңгер әрі бизнесмен Шаймерден Чиканаев бір-ақ ауыз сөзбен: «Қалыңдық дайын, күйеу жоқ» деп түйіндеді.
Осы айтылған түйткілдердің түйінін тарқату үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізілмек. Оған сәйкес, саланы алда үлкен реформалар күтіп тұр. «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасында жазылғандай, бұдан былай жеке әріптестің инвестициялық шығындарына өтемақы төлеу мерзімдерін ауыстыруға заң жүзінде тыйым салу ұсынылып отыр. Жаңа заң қабылданса, инвестициялық шығындардың өтемақысын мемлекет біркелкі үлестермен тек өз мерзімінде ғана төлейтін болады.
– Меморгандар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына инвестор таппай қиналады. Сондықтан осындай жобаларды іске асыруға мүдделі шетелдік және қазақстандық әлеуетті инвесторлардың Бірыңғай тізілім-реестрін құру көзделуде. Тізім ай сайын жаңарып отырады және барлық меморган мен әкімдіктер үшін ашық болады, – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Сондай-ақ МЖӘ туралы жеке журнал ашылуы мүмкін. Атауы әзірге белгісіз.
Реформа аясында басқа да жаңашылдықтар өмірге жолдама алмақ. Мәселен, «бармақ басты, көз қысты» тірліктерді болдырмау үшін әлемдік тәжірибе негізінде осындай жобалар бойынша контрактілер ашық аукцион арқылы сатыла бастайды.
«МЖӘ зәкірлік қорын» құру қарастырылуда. Мемлекет осы қор арқылы жеке компаниялардың капиталына кіріп, жобаны жүзеге асыруға қатыспақ. Бұл концессионерді мемлекеттік қолдаудың бір шарасы болады. Жаңа қорды «Бәйтерек» ұлттық холдингінің еншілес ұйымы Kazakhstan Project Preparation Fund ЖШС базасында ұйымдастыру ұсынылды. Зәкірлік қоры республикалық және өңірлік деңгейде күрделі шығындары 20 миллион доллардан асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларымен айналысады деп жоспарлануда.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, МЖӘ жобаларын инфрақұрылымда, энергетикада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында көбірек әрі белсендірек өрістетуге ден қойылады.
Бұл ретте жеке әріптестің салған инвестицияларын кілең бюджеттік өтемақы түрінде қайтара бермей, оны тарифтер, ақылы қызметтер және басқа да нарықтық құралдар арқылы өтеуге баса мән беріледі.
– Нәтижесінде, бюджетке жүктеме түспейді, көбірек инвестиция тартылады. Егер 2019 жылғы 1 мамырда жобалардың жалпы көлемінде 3-ші санаттағысы, яғни бюджеттен өтемақыны талап етпейтіндерінің үлесі небәрі 20%-ды құраса, ал мамыр-қараша айларында аталған көрсеткіш 52%-ға дейін жетті. Бұл инвестициялары нарық есебінен ақталатын жобалар санының артып келе жатқанын көрсетеді, – дейді МЖӘ орталығының талдаушысы А.Түгелбаева.