Ақпараттың аздығы адасуға апарады
Ақпараттың аздығы адасуға апарады
5,149
оқылды

Елордада Қазақстан дін­танушыларының тоғызыншы форумы өтті. Форумға қатысу­шы­лар діни бағыт бойынша ақ­параттың аздығы негізгі мә­се­лелердің туындауына себеп болып отырғанын айтты.

Еліміздің әр өңірінен келген дін саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дінтанушы мамандар мен діни бірлестік өкілдері бас қосқан жиында біраз жайттың беті ашылды. Қоғамда радикалды идеологияға қарсы тұру және деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан зардап шеккен адамдарды оңалту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын тиімді жүргізу маңызды болып отыр.

Ақпарат және қоғамдық да­му министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, Қазақстанда деструк­тивті діни ағымдармен күрестің ал­дыңғы шебінде білікті дінтанушылар мен теологтар тұр. Қазіргі таңда рес­публикада дін бойынша 7 мың­нан астам маман жұмыс істейді. Саланың негізгі бағыты – әр адам­мен ақпараттық түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізу, деструктивті идея­ларды ұстанатын азаматтарды оңалту және діни экстремизмге қар­сы насихат.

– Бірінші бағыт бойынша, біз­дің ақпараттық түсіндіру топтары кешенді жұмыстарды жүргізіп жа­тыр. Соңғы 3 жылда 78 мыңға тар­та әртүрлі шара өткізіліп, 15 млн адам қамтылды. Алайда алдағы уа­қыт­та бұл жұмысты бұдан да қы­ра­ғы жүргізу керек. Жалпы, алдын алу ша­раларын қысқартып, тәуе­кел тобын­дағылармен жұмысты күшейткен абзал,– деді Дәурен Абаев.

Министр келтірген мәліметтегі өзгеруге бейім тәуекел тобына не­гізінен жұмыссыз азаматтар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және студенттер мен вахталық режимде жұмыс істейтіндер кіреді.

– Екінші бағыт бойынша елде позитивті динамика байқалғанын атап өту керек. Деструктивті ағым­ды ұстанатын азаматтардың саны азайып барады. Бұл ретте біз «Ақ ниет» оңалту орталығымен жә­не өңірлік құрылымдармен жұ­мыс жүргізудеміз. Сонымен қа­тар масс-медиада радикалды идеоло­гиямен күрес күшейтілді. Зайыр­­лылық пен ұлтаралық келісім на­си­хат­талуда. kazislam.kz порталы жаңар­тылды. Құқыққа қарсы сипаттағы материал­дарды анықтау мақсатында ин­тернеттік мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері кеңес беру тәр­ті­бімен интернет алаңда құ­қық­қа қарсы 25 мыңға тарта ма­те­риал жойылды. Терроризм мен діни экстре­мизм идеологиясы насихат­тал­ған 13 мың материалға шектеу қойылды, – деді министр.

Форумда сөз алған Қа­за­қ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз кері діни ағымдарға кіріп кеткендерді оңалту жұмыстарында тиімді тәсілдің бірі де бірегейі – оның қуанышы мен қиын сәттерінде бірге болу екенін айтты. «Сұхбаттасу тәсілі достыққа жетелейді. Мұны пси­хология ғылымы «сұхбат­тасу­шының жағдайына ену» деген ұғыммен түсіндіреді. Ал Ислам діні бұдан да биік көркем амалға үндейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін өзіне қалаған игі жақсылықты өзге адамға қаламайынша шынайы иманмен қауыша алмайды» деген. Қостанай облысында бас имам болып қызмет етіп жүргенде деструктивті ағымға алданған азаматтарға моралдық һәм материалдық тұрғыдан жүйелі түрде көмек көрсеттік. Жанашырлық сезім нақты амалмен үйлеспесе нәтиже бермейді», – деді Бас мүфти.

Үш секциялық отырыс бары­сында жоғарыдағы бағыттар бойын­ша жұмысқа тікелей тартылған мамандар сөз сөйледі. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің теологтарымен, дінтанушылармен бірге жүргізген жұмыстарының арқасында соңғы жылдары күрт көбейген деструктивті идеологияны ұстанатын азаматтар саны азайған. ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин: «Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жүргізілетін алдын алу жұмыстарының сапасы ең алдымен, дін саласындағы ма­ман­дардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Экстремизм мен тер­роризм үшін сотталған адамдармен жұмыс айтарлықтай күрделі. Десе де, бұл бағытта да нақты үлгілер бар. Өткен жылы ғана 144 сотталған азаматтың діни көзқарасын өз­гер­туге қол жеткізілді. Болашақта алдын алу жұмыстары деструктивті идеологияны ұстанатын азаматтар санын азайта бермек. Терроризмге қарсы орталықтың позициясы: біз кез келген бастаманы қолдауға дайынбыз»,– деді.

Бұл тұрғыда Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы тара­пынан жасалып жатқан шаралар көпшілік көңілінен шығатындай. ҚМДБ төрағасы оңалту шараларына қатысты тиімді тәсілдің бірі – тарих­пен тәрбиелеу екенін айтты. «Тарих дегеніміз – адамзаттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят» деген тәлімді сөз айтқан. Діни басқарма «Дін және тарих тағы­лымы» игі бастамасын одан ары жаң­ғыртып, жамағатты тарихтан алар са­бақ­тармен сусындатып ке­леді. Салт пен тарихи санаға, әдет пен ғұрыпқа шекеден қарап, теріс көзқарасқа алданған діни ағымдар үшін арнайы жобаны қолға алдық. Жуырда Ақтөбеден арқа төсіне келген бір топ жамағатпен жүздесіп, бірнеше сағат сұхбаттастым. Елдік мұрат, тарихи сана, бірлік пен бей­біт­шіліктің қадірі туралы дәріс оқы­дым. Емен-жарқын әңгіменің нәти­же­сінде олар да өз ойын ортаға са­лып, пі­кір­леріміз бір арнаға то­ғысты. Шын­туайтына келгенде, ке­шегі батыр­лар мен ізгілердің ізін бас­қан ұрпақ ата салтын сақтап, дәс­түрлі діннің құндылықтарын өмірі­нің темірқазығы етеді. Сон­дық­тан болар, имандылық бастауы бол­ған ұят, ар-намыс, обал, сауап, үл­кенге – құрмет, кішіге – ізет сын­ды ұғымдар халқымыздың өмір сал­тын­да ғибратты ғұрыпқа айнал­ды», – деді Серікбай қажы Ораз.

Форум барысында сала маман­дары діни сенім бостандығын, ру­хани прогресті қамтамасыз ету үшін және дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелерін талқылады.