Қостанайда Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық Аналар кеңесінің жиыны өтті. Басқосу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі аналар кеңесінің рөлі» тақырыбына арналды.
Жиынға Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, мемлекеттік қызметкерлер, республика бойынша өңірлік Аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
Аналар кеңесінің жиынында отбасылық ұлттық құндылықтарды сақтау, салт-дәстүрлерді дамыту, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық, масылдықты жою мәселесі талқыланды.
Жансейіт Түймебаев Аналар кеңесінің маңызына тоқталды. Қостанай облысында 17 этномәдени және 62 этностық бірлестік жұмыс істейді. Өңірде «Тіл дарын» тіл оқыту орталығы, 8 жексенбілік мектеп бар. Екі жоғары оқу орнында ассамблея кафедрасы, медиация және халықтық дипломатия мектептері ашылып, жұмыс істеп жатыр.
Аймақты аралаған Жансейіт Түймебаев өңірдегі Кейкі батыр мавзолейі, Шақшақұлы Жәнібек ескерткіші, Ы.Алтынсарин мавзолейі, А.Байтұрсынұлы музейінің қостанайлықтардың ғана емес, күллі қазақстандықтардың мақтанышы екенін айтты. Өңірде жыл сайын қайырымдылық шаралары дәстүрлі түрде өткізіледі. Тіпті, облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандарда 19 қоғамдық медиатор халықпен етене жақын жұмыс істейді. Облыстық Аналар кеңесі үш жылдан бері отбасы қатынастарын үйлестіру жөніндегі «Отбасын қолдаудың ресурстық орталығы» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
– Қостанайда ассамблея бөлімшесі қалалар мен аудандарға шығып, қоғамдық қабылдау өткізу, тегін кеңес беру, психологиялық көмек көрсету және отбасын сақтау мен нығайтуға атсалысып жатыр. Аналар кеңестері рухани жаңғыру, жас ұрпақ бойында Отанға деген патриоттық сезімді қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу істерін тек мемлекеттің еншісі деп қарамайды. Ұлт абыройын көтеретін іс-шараларға Аналар кеңестерінің белсенді араласуы – заман талабы екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр, – деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ассамблеяның қоғамдық институт ретінде үлкен беделге ие екенін айтты. Оның айтуынша, Аналар кеңесі жұмысы отбасы институтын сақтау мен нығайту, ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталғаны жөн.
Атап өтер жайт, Павлодар өңірінде Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген «Бесік жыры» фестивалінің тәрбиелік маңызы жоғары. Мұнда әрбір этномәдени бірлестіктің өкілдері өз тілдерінде бесік жырларын таныстырған болатын. Көпшіліктің қолдауына ие болған бастама жалғасын таппақ.
Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев бала тәрбиесі, ер адамның жауапкершілігін арттыру, балалар ойын алаңдарында бейнебақылау камерасын орнату туралы ұсыныстарына да қолдау білдірді.
– Біз қыздың ғана емес, ұлдың да тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Себебі олар – болашақ отағасы. Ал отбасының жауапкершілігін барлығы да бірдей деңгейде түсінуі керек. Әйелге қол көтеретін еркектер де отбасында тәрбиеленеді. Сондықтан аналар кеңесі әкелердің жағымды үлгісін дәріптей отырып, отбасында ұлдың тәрбиеленуіне көңіл бөлуі керек, – деді ол.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әйелдердің 70 пайызы өмірінде бір рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған екен. Зардап шеккен әйелдердің 10 пайызы ғана полицияға арыз жазып, араша сұрайды. Сондықтан отбасы институты әлеуметтік қорғау нысаны ғана емес. Адам капиталын қалыптастыру, жаңғырту үшін жұмыс істейді.
Жансейіт Түймебаев қоғам назарын әйелдің отбасындағы орнына және оның әлеуметтік белсенділігіне қайшы келетін кейбір келеңсіздіктерді жою керегін айтты. Сонымен қатар әйелдер мен еркектердің денсаулығына көңіл бөлу маңызды. Бүгінде әрбір бесінші жүктілік жасанды түсік жасатумен аяқталады. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға назар аудару маңызды. Кеңеске қатысушылар балаға қатысты зорлық-зомбылықты да талқыға салды. Сондай-ақ көпбалалы аналардың экономикалық әлеуетін арттыру мәселесі де қозғалды.
Жастарды тұрақты жұмыспен қамту да – өзекті мәселенің бірі. Баланы жастайынан еңбекке баулу отбасындағы тәрбиеге байланысты. Кеңесте Аналар жауапкершілігі мектебін құруды ұсынды. Мұнда жас аналарға кеңес беріледі. Кәсіпті дамыту ғана емес, жас отбасылардың нарыққа бейімделуіне көмегі тиеді. Форумда кәсіпкер қыз-келіншектерге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері ақыл-кеңесін айтты. Қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысып отырған аналар марапатталды. Балаларға арналған кітаптардың көрмесі өтті.
Кеңеске қатысушылар қайырымдылық акциясына атсалысты. Қостанай облыстық аналар кеңесі қызметінің жұмыс тәжірибесіне арналған дөңгелек үстел, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Қазақтану» жобасы аясында «Төркіндеу» атты шығармашылық кеш өтті.
Жалпы, бүгінде 1 793 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашылдық орталықтармен бірлесіп, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамай, оның күрмеуін шешуге белсенді атсалысып келеді.
М.БАҚЫТ